Бейжің - 2022

Қоржын бос, көңіл пәс

Төрткүл дүние назарын өзіне қаратқан Бейжіңдегі XXIV қысқы Олимпиада ойындары ресми түрде аяқталды. Қазақстандық спортшылар арасынан қанағаттандырар нәтиже көрсеткен шорт-трекші Абзал ӘЖІҒАЛИЕВ қана. Оның өзі жарыс жолын қолаға қол созым қалғанда аяқтады. Осылайша жарыс қорытындысы бойынша бұл додадан Қазақстан жүлдесіз оралды.

Қытайдың кинорежиссері Чжан Имоу жетекшілік еткен жабылу салтанатында Қытай тарихы мен мәдениетінің қыр-сыры көрсетіліп, ойынның басты қаһармандары – спортшылардың шеруі өтті.

– Осында жиналған барша спортшыға ең алдымен алғысымды білдіремін. Себебі, әр ұлттың өкілі болсақ та, туған жерімізбен тіліміз бөлек болса да мұнда барлығымыз бір отбасыдай болдық. Бір-бірімізге жанашырлық таныттық, сенім білдірдік. Жарыс болған соң жеңімпаз бен жеңілгендер болуы заңдылық. Десек те, бұл сайыста жеңілгендер жоқ деп санаймын. Тек қана алда болатын осындай үлкен байрақты додаларға тәжірибе жинадыңыздар деп есептеймін, – деді Халықаралық Олимпиада комитетінің президенті Томас Бах.

Сондай-ақ, ХОК президенті Бейжің Олимпиадасында төмен түсірілген Олимпиада туын 2026 жылғы қысқы ойындарды қабылдайтын Италияның Милан және Кортина-д, Ампеццо қалаларының басшыларына табыстады. Жабылу салтанаты отшашуға ұласып, үлкен экранда «Бір әлем, бір отбасы» сөзі жазылды. Салтанатты шара басталғалы 16 күн бойы әлемді тамсандырып, жеңіске деген жігерімен көзге түскен спортшыларға үлкен құрмет көрсетілді. Сондай-ақ, дәстүр бойынша шаңғымен жарысудан сайысты түйіндеген марафон жеңімпаздары мен жүлдегерлері марапатталды. Ерлер арасындағы марафонда ресейлік Александр Большунов, әйелдер арасында норвегиялық Тереза Йохауг алтын медальді мойнына тақты. Ал, отандық спортшыларға келер болсақ, жүлдеге іліге алмасақ та бар күш-жігерін жарысқа сарп еткен сайыпқырандар еліміздің бәсекеге қабілетті екенін айқындады. Олимпиадада Қазақстан атынан 34 спортшы өнер көрсетті. Олар жалпы есебі 87 жолдама жеңіп алған болатын. Біздің атлеттер шаңғы жарысы, биатлон, фристайл-могул, фристайл-акробатика, шорт-трек, конькимен жүгіру, тау шаңғысы, шаңғы қоссайысы және шаңғымен тұғырдан секіруден бақ сынады. Құрама сапындағы ең үзік көрсеткіш шорт-трекші Абзал Әжіғалиевқа тиесілі. Ол 500 метрге жүгіруден А финалына шығып, төртінші орынға табан тіреді. Сондай-ақ, басты финалда сынға түскен Әділ Ғалиахметов 1500 метрде сегізінші орыннан көрінді. Ал, конькиші Надежда Морозова масс-стартта ақтық сында 14-ші орын алса, Ақмаржан Қалмұрзаева шаңғы акробатикасының іріктеу сынында 98.68 ұпай жинап, үздік 12 спортшының қатарына енді. Осы орайда фристайлдан ұлттық құраманың аға бапкері Жібек Арапбаеваның айтуынша, біздің спортшылар аянып қалмаған.

– Қақаған қара суыққа қарамастан, қазақ жұртын қуантқысы келген қаракөздерімізге бір жүлденің бұйырмағаны өкінішті. Қарапайым көрініс Жанбота мен Ақмаржанның жүлде үшін жанын салғандарына куәміз. Осындай қайсар мінезді, елін, жерін шексіз сүйетін батыл жүректі ұл-қыздарымыз барда қазақ спорты әлі талай биікті бағындырады деп білеміз, – дейді бапкер.

Дегенмен, бұл жарыстан жүлдесіз оралғандығымызды ақтамайды. Алайда, аянып қалған ешкім жоқ. Қазақстандық додаға түскен қай спортшыны алып қарасаңыз да бар мүмкіндігін пайдаланғанын айтып ақталады. Мұндайда «бақ шаба ма, бап шаба ма?» деп бақ пен бапты қолқаламай жеңіліс тапқанымызды мойындаған да жөн-ау. Додаға түскен 91 елдің тек 27-сі ғана жүлдеге іліккен. Осыны ойлап тағы да Әжіғалиевтің сыйына қанағат етеміз. Сонымен қорытындылай келсек, 109 медаль жиынтығы сарапқа салынған әлемдік жарысты жалпы 37 медальмен түйіндеген Норвегия мемлекеті бірінші орында тұр. Германия сол елдің өкшесін басып 27 медаль қорымен екінші орыннан көрінді. Қытай үздік үштікті қорытындылап, 15 медальді еншіледі. Ал, АҚШ жарыстың 25 медалін бірдей иемденсе де төртінші орынға жайғасты, себебі Қытайға қарағанда бір алтыны кем еді. Көршілес Ресей спортшылары 6 алтын, 12 күміс, 14 қола алып 9-шы орынға табан тіреді.

Жансая СӘРСЕНБАЙҰЛЫ.

Басқа материалдар

Back to top button