Жаңалықтар

“Халықтың сенімін жоғалтпау – маңызды”

Адам үшін ең бастысы – өмір сүру, денінің сау болуы, өмір сүруге қажетті қолайлы жағдайлар тәрізді қарапайым әлеуметтік қажеттіліктердің болуы. Келе-келе «өзі үшін, басқалары үшін, өзгелермен бірге» тәрізді басқа да қажеттіліктер туындайды. Егер осылардың барлығы орындалмаса, наразылықтың тууы – заңды құбылыс. Ал, әлеуметтік маңызды мәселелерді шешуде, оны билік институттарына жеткізуде азаматтық қоғам институтының ролі зор екенін көрсетеді зерттеулер. Облыстық мәслихаттың әлеуметтік комиссиясы төрағасы Қадиша ОСПАНОВАНЫҢ ұйытқы болуымен өткен «Әлеуметтік маңызды мәселелерді шешудегі азаматтық қоғам институттарының ролі» тақырыбында өткен дөңгелек үстелге қатысқан депутаттар, қоғамдық және үкіметтік емес ұйымдар мүшелері маңызды мәселелерді ашық айтып, ортақ істі шешудегі ойларын ортаға салды.

«ЖОЛ АЙЫРЫҒЫНДАҒЫ АЗАМАТТЫҚ ҚОҒАМ»

Қадиша Базарбайқызы ағылшындық филантроп, саясаткер Чарльз Бакстонның азаматтық қоғамның өзгермелі табиғаты және оның әлеуеті туралы білімді тереңдету мақсатында жүргізілген «Жол айырығындағы азаматтық қоғам» атты зерттеу жобасына тоқталды. 18 ай қатарынан жүргізілген зерттеу нәтижесінде саясаткер азаматтық қоғамды немесе қоғамдық қозғалысты жұмылдыруға ықпал ететін тұлғаларға назар аударады. Біріншіден, халықтың билікке деген наразылығы екеуінің әрекетінің сәйкес келмеуінен деген тұжырымға келуінде. Ал, екіншіден – азаматтық қоғамның жаңа субъектілерінің басқаша ұйымдастырылуында.

Тағы бірі – азаматтық қоғамның «бұрынғы» және «жаңа» медиалармен ынтымақтастығы идеялардың таралуын кеңейтетіндігі мен жеңілдететіндігінде. Оның бір көрінісі – бүгінде электронды басылымдар, блогтар және басқалар сияқты жаңа ақпарат құралдары кеңінен қолданылатынына қарамастан, олар дәстүрлі БАҚ-ты ығыстырмағандығында.

Тағы бірі – ресурстардың азаюы азаматтық қоғамның рөлін және оның мемлекетпен және жеке сектормен қарым-қатынасын өзгертетіндігінде.

Зерттеушілердің бесінші тұжырымы – азаматтық қоғам үшін саяси кеңістік және оның саяси қоғамдастықпен қарым-қатынасы кеңейді дегенмен, тарыла түскенін айтуында. Қадиша Базарбайқызы Чарльз Бакстон жасаған қорытындыны келтіреді.

«Коммерциялық емес ұйымды қаржыландыру қысқарғанына қарамастан, азаматтық қоғам әлі де елдің әлеуметтік мәселелерін шешуге атсалысады. Азаматтық белсенділік – бұл шын мәнінде сын-тегеурін. Сондықтан өзгермелі әлемде мемлекетке халықтың сенімін түпкілікті жоғалтпау маңызды» деген ол «Қасіретті қаңтар» оқиғасына жүргізілген талдау арқылы азаматтық ұйымдармен және қоғамдық бірлестіктермен жұмыстардың жеткілікті емес екеніне тағы бір көз жеткізгеніне тоқталды.

ҚАРАЖАТ ЕМЕС, НӘТИЖЕНІ ЕСЕПТЕУ КЕРЕК

Облыстық ішкі саясат басқармасы басшысының орынбасары Бекболат Шортанбаев әлеуметтік мәселелерді шешудегі үкіметтік емес ұйымдармен жұмыстың қалай жүргізілетіні туралы айтты. Оның айтуынша, еліміз бойынша ресми тіркелген 22 мыңнан астам үкіметтік емес ұйымның 1157-і – Қарағанды облысында. Әлеуметтік саясатты жүзеге асыруда бүгінде олардың ролі артқан. Облыстың қалалары мен аудандарында консультативтік-кеңесу органдары, ақпараттық-білім беру орталықтары жұмыс істейді. «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыруда да жұмыс жасап жатқан осы үкіметтік емес ұйымдар. Одан бөлек, «Жасыл ел» бағдарламасы бойынша 6 мыңнан астам жас еңбекпен қамтылған. Мүмкіндігі шектеулі жандарды тасымалдауға арналған «Инвотакси» бар.

– Биылғы жылы мемлекеттік-әлеуметтік тапсырысты орындау үшін 239 жоба жүзеге асырылуда. Жұмсалған қаржы – шамамен 2,7 млрд. теңге. Ал, өткен жылдары бұл көрсеткіш – 236 болса, жұмсалған қаржы 6 млрд. шамасында. Бірақ, бөлінген қаражатқа қарамастан, жобалар саны артты, – дейді Бекболат Шортанбаев.

Жалпы, облыс бойынша жүзеге асырылатын әлеуметтік жобалардың дені – білім, спорт саласына жұмсалған. Одан кейін жастарды қолдауға арналған. Оның қатарында жастар кәсіпкерлігін қолдау мен жұмысқа орналастыру бар. Содан кейін, қоғамдағы әлеуметтік осал топтарды қолдау кіреді. Бірақ, соған қарамастан, проблемалардың бар екенін де айтады Бекболат Шортанбаев. Мысалы, бірқатар үкіметтік ұйымдардың қаржылық мүддені ғана көздеуі жобалардың тиімді ұйымдастырылмауына алып келеді. Бұл өз кезегінде мемлекет тарапынан жүзеге асырылып отырған жобаларға деген тұрғындардың сенімсіздігін арттырады. Одан бөлек, белгілі бір сала бойынша жұмыс жасайтын мамандардың жұмысбастылығы да жұмыстың сапасыз орындалуына әкеледі. Бұның шешімі – мемлекеттік емес ұйымдарды гранттық қаржыландыру екенін айтады Бекболат Шортанбаев. Қарағанды мемлекеттік-әлеуметтік жобаға ең көп қаражат бөлетін облыс екенін айтады облыс әкімінің орынбасары Абзал Нүкенов. Бірақ, ол ақша бюджеттің, яғни, халықтың өзінің ақшасы екенін де ұмытпау керектігін айтады ол. Ал, жүзеге асырылып жатқан жобалардың нәтижесі алдын ала дайындалған қағаздағы есеп түрінде емес, алдын-ала тыңдаулар өткізіліп, содан кейін ғана есепті қабылдау керектігін айтады. Сонда ғана, атқаратын жұмыс үшін жауапкершілік те болмақ. Абзал Нүкенов сонымен қатар, облыста жүргізілген бұқаралық ақпарат құралдарын жекешелендіру мәселесіне де тоқталды. БАҚ-тың азаматтық субъектінің маңызды құралы ретіндегі орнына тоқталып, жасалған өзгерістер олардың өзара бәсекеге қабілеттіліктерін арттырғанын айтады.

ПРОБЛЕМА БАР, ШЕШУ ТӘСІЛІН ӨЗГЕРТУ КЕРЕК

Дөңгелек үстелге қатысушылардың да пікірі – әр алуан. Бірі – мемлекеттік-әлеуметтік тапсырыс тек облыс орталығы мен қалаларда ғана жүзеге асырылып, ауыл ұмыт қалды десе, бірі – жұмыстың орындалысы жайлы мемлекеттік тілде, оның өзінде жастардың алдында ашық есеп берілуі керек дей келе, ауылда жұмыс болмай, қалаға көшкен жастардың легін қайтарудың бұл да бір тәсілі дегенді алға тартты. Қазақстанның Азаматтық Альянсының вице-президенті Гүлнар Құрбанбаева болса, «халық не қаласа, соны жасау керек» дейді. Сондықтан, депутаттар бюджетті бекіту жүріп жатқан кезде жобаларды қайта қарап, сүзгіден өткізу керек. Ал, ақшаның қомақты бөлігіне ие болып отырған хоккей мен футболды жобадан шығарып, ол қаражатты нақты қажетіне жұмсау керектігін де айтады Гүлнар Құрбанбаева. Оның орнына кризистік орталықтар болса, халыққа пайдасы көбірек тиер еді дейді ол. Сонымен қатар, мемлекеттік-әлеуметтік тапсырыс бюджетті ертерек, яғни желтоқсан айында бекіту де қисынды екенін жеткізді. Ал, «Жас Отан» жастар қанатының облыстық филиалының жетекшісі Ержан Хамитов биылғы «Балалар жылында» оқушылардың мектеп асханасында сапалы тамақтануына көңіл бөлінуі және қадағалануы керек дейді. Ол үшін арнайы комиссия құрылса да артық емес. Оның айтуынша, бала кезде дұрыс тамақтанбау кейін үлкен проблемаларға алып келмек. Ержан Хамитов бүгінде жастардың 12 пайызының ғана әскерге жарамдылығы – соның салдары екенін де алға тартты. Тіпті, жастарға қатыстының барлығын жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқармасына ғана жүктеп қоймай, әр басқарманың жастарға арналған кемі бір-бір бағдарламасы болса және бірлесіп жұмыс атқарса да артық емес деген ойымен бөлісті. Одан бөлек, ақпараттық-түсіндіру жұмыстарына да қатысты ойын білдірді Ержан Болатұлы. Оның ойынша, қазір телевизиялық бағдарламалардан гөрі, сұхбат болмаса пікірталас түріндегі бағдарламалар жастардың қызығушылығын тудырады. Бұл мәселеде көмек беріп қана қоймай, жүзеге асырылып жатса, атқаруға дайын екендіктерін жеткізді Ержан Хамитов.

ТҮЙІН

Дөңгелек үстелге қатысушылар аймақтағы әлеуметтік-экономикалық процестерді мемлекеттік реттеудің тиімділігі көбінесе келесі факторларға байланысты деген шешімге келді. БАҚ және әлеуметтік желілерде өңірдің даму жағдайы туралы объективті және шынайы ақпараттың болуы. Азаматтардың шағымдары мен өтініштерін мемлекеттік органдардың жедел және бейресми шешуі. Проблемалық мәселелерді шешу жөніндегі шараларды талқылауға және кейіннен мемлекеттік органдардың шешімдер қабылдауына азаматтық секторды барынша кеңінен тарту. Сонымен қатар, халықтың әртүрлі әлеуметтік топтары арасында жұмысты жүзеге асыру, сондай-ақ, өңірде іске асырылып жатқан республикалық және өңірлік деңгейдегі бағдарламаларға қоғамдық мониторинг жүргізу. Ал, үкіметтік емес ұйымдарды қолдау бойынша өңірдің нақты қажеттіліктерін, халықтың мұқтаждықтарын ескере отырып, 2022 жылға арналған мемлекеттік-әлеуметтік тапсырыстың жоспарларын қайта қарау және 2023 жылға және одан әрі 2022 жылғы желтоқсаннан кешіктірмей қамтамасыз ету.

Салтанат ІЛИЯШ.

Басқа материалдар

Back to top button