Бас тақырып

Жезділіктерді кім жарылқайды?

Халық депутаттары Жезді аудандық Кеңесінің 1991 жылғы наурыздағы кезекті сессиясында «Экология» бағдарламасын талқылады. Талқылау кезінде аудандық Кеңес депутаты, аудандық Кеңес аппаратының жетекшісі Файзолла ӘЖІБЕК Арал теңізінің тартылуы салдарынан зардап шеккен экологиялық аймаққа Жезді ауданын енгізу туралы ұсыныс жасады, оны депутаттар қызу қолдады. Осылай экологиялық бағдарламаны жүзеге асыру, ауданды Арал маңы апат аймағына енгізу бағытында бірегей іс-қимыл басталды. – Осы орайда аудандық Кеңес төрағасы Есболған Құтымбетов пен оның орынбасары Аманжол Дәукеновтің орасан еңбегін атап өткен жөн. А.Дәукенов бір жылда түрлі құжатпен Алматыда оннан аса қызметтік сапарда болды. Дайындалған құжаттың бірқатары қаламы жүйрік депутат, аудандық газет редакторы Бақыт Сейтжановтың (Камал Смайловтың ағасы) қолынан өтті. Бұл іске қарсақбайлық Қоныс Шайхин, сарысулық Жаңбырбай Жаужанбаев сияқты депутаттар үлкен үлес қосты.

Тұрғындардың денсаулығын, ауданның әлеуметтік құрылымын, жер, ауа, су жағдайын тексеріп, зерттеуге бірнеше ғылыми-зерттеу институты кеңінен қатыстырылды. «Казгипрозем» институтының Жезқазғандағы филиалы, Қазақ мемлекеттік университетінің аналитикалық химия кафедрасы, «Баскосмостың» ғылыми-зерттеу институты, Мәскеу мемлекеттік университеті, қолданбалы химия мемлекеттік институты, денсаулық сақтау министрлігінің биофизика институты, гигиена және кәсіптік патология ғылыми-зерттеу институты ауданның экологиялық жағдайы туралы бай дерек жинады. Осы қорытынды құжаттармен қаруланған А.Дәукенов республика парламентінің сессиясына қатысып қайтты. Жезділік депутаттар Жоғарғы Кеңес депутаттарына ауданның экологиялық ахуалы туралы Үндеу жариялаған еді. Оны Жоғарғы Кеңестің экология жөніндегі тұрақты комиссиясының төрағасы Мараш Нұртазин қызу қолдап, қабылдануына белсенді ықпал еткенін айта кету керек, – дейді еңбек ардагері Файзолла Әжібек.

Сол кезде аудан тұрғындарының әлеуметтік жағдайы мен табиғи орта таза нашарлап кеткен еді. Кен өндіруші өнеркәсіптің, металлургия өндірісінің залалды қалдықтары, Арал теңізінің жағалауынан ұшқан тұз, зымыран ұшырғыш сатыларының отынынан бөлінетін зиянды-улы заттар аудан жерінің топырақ қабатына қатты залал келтірді. Ауданның батыс шекарасы Арал теңізінен 100 шақырым жерден өтетін. Құрғаған теңіз түбінен ұшқан тұз бен шаң жердің тұздануына әкеп соқтырды. Кейбір жерде кальций мөлшері 7 есе, магний 24 есе, калий 9 еседен астам болғанын зерттеу нәтижесі көрсетті.

Ғарыш зымырандарының бірінші сатысы аудан көлеміне түсетін болғандықтан, көп жағдайда жануарлардың өлім-жітімі, тері қабатының жалаңаштануы, адамдар шашының жидіп түсуі кездесті. Әсіресе, сексенінші жылдардың ортасында «Энергия» ғарыш кораблі екі рет ұшқанда сайын далада киік жүз мыңдап қырылды. Сол кезде «Қарсақбай» кеңшарының «Ортабаз» қыстағының жанындағы ғарыш корабльдерінің құлаған қалдығын жинау қоймасының көлемі 1 шаршы шақырымнан асты.

Өндіріс қалдықтарының санитарлық талапқа сай емес қалпында табиғатқа төгілуі экологияға кері әсерін тигізді. Аудан экологиясының осындай мүшкіл жағдайы ауданды апатты экологиялық аймаққа енгізуге негіз болды. ҚР Парламенті 1991 жылы төртінші тоқсанда «Арал өңірінде тұратын халықтың жағдайын түбірінен өзгертудің шұғыл шаралары туралы» қаулы қабылдап, Жезді-Арал маңы экологиялық апат аймағына енгізілген Жезқазған облысынан жалғыз аудан болды. Бұл аудан басшылығының, әсіресе белсенді депутаттардың бір жылғы тыңғылықты атқарған орасан зор жұмысының жемісі еді.

Жоғарыда аталған қаулының негізінде 1992 жылы 20 шілдеде «Арал өңіріндегі экологиялық қасіреттен зардап шеккен азаматтарды әлеуметтік қорғау туралы» ҚР Заңы қабылданды. Осы Заңға сәйкес аудан тұрғындары көптеген жеңілдік алды. Атап айтқанда, аудан көлемінде 25 жыл тұрған ер адам – 55, әйел 50 жаста зейнеткерлікке шығатын болды. Әрбір еңбеккердің жалақысына 20% коэффициент қосылды. Әр жылғы кезекті еңбек демалысына 7 күн қосымша демалыс беріліп, 1 айлық көлемінде сауықтыру жәрдемақысы төленді. Сондай-ақ, удан тұрғындары медициналық қызмет көрсетуде, азық-түлікпен қамтамасыз етуде, тұрғын үй құрылысын жүргізуде пайызсыз несие алуға, балалар мен жасөспірімдерді әлеуметтік жағынан қорғауда көптеген жеңілдіктер пайдаланды. Әйелдердің босанғанға дейінгі демалысы 90 күнге ұзартылды.

Сонымен, 1992 жылдың 30 шілдесінен бастап Жезді ауданы түгелімен Арал экологиялық апат аймағына еніп, барлық жеңілдікті пайдалана бастады. Бұл аудан халқының әлеуметтік жағынан қорғалуына, көрсетілер қызмет сапасының жақсаруына бағытталған игі іс, сәтті қадам болды. 1992 жылдан 1998 жылдың 1 қаңтарына дейін, яғни, жаңа Зейнетақы туралы Заң күшіне енгенге дейін 20 мың тұрғыны бар ауданның бір мыңға жуық тұрғыны (55-ке келген ерлер мен 50-ге келген әйелдер) ертерек зейнетке шығып, мәре-сәре болды.

Әсіресе, аудан экономикасына ірі көлемде инвестиция құйыла бастады. Жаңадан бірнеше әлеуметтік нысандар құрылысы басталды. Бірақ, республика көлемінде қаржы тапшылығына байланысты басталған құрылыстар 1996 жылдары тоқтап қалды. Атап айтқанда, Жезді кентінде бес қабатты 60 пәтерлік тұрғын үй (ленинградтық жоба) құрылысы басталып, іргетасы біткен кезде тоқтады. Іргетасы әлі бұзылмай, Жездінің өркендеу кезеңінің жәдігері сияқты тұр. Экологиялық бағдарлама бойынша облыстық ауыл шаруашылық басқармасы 2 пәтерлік 8 тұрғын үй салды.

Халыққа білім беру саласында Сарысу селосында 504 оқушыға арналған мектеп құрылысы басталып, бір жылда 3 қабатының қабырғасы қаланып, қаражат жоқтықтан тоқтап қалды. Кейін 2010 жылдары Ұлытау ауданы басшылары қайта жоба жасатып, бір қабатын төмендетіп, 240 балаға арналған мектепке айналдырды. Денсаулық сақтау саласында Қоскөл селосындағы (Қарақұм) 25 төсектік аурухана құрылысы жартылай біткен кезінде тоқтады. Құрылыс материалдары кейін иесіздіктен талан-таражға ұшырады. Жезді кентінде басталған емхана (поликлиника) құрылысының тағдыры да осының кебін құшты.

Экологиялық бағдарлама бойынша бөлінген қаржыға Жезді марганец кен басқармасында орталық қазандықты кеңейту құрылысы, кәріз тазалау ғимаратын қайта құру жұмыстары басталып, іргетасы біткен кезде қаржы жоқтықтан тоқтады. Осы бағдарламаға сәйкес ұзындығы 55 шақырымдық Байқоңыр-Қызылүй автомобиль жолының құрылысы басталып, 5 шақырымнан соң тоқтап қалды. Өкінішке орай, жаңа ғана тәуелсіздік алған еліміздің басталған істі әрі қарай жалғастыруға экономикалық әлеуеті жетпеді, қаражат тапшылығы қолбайлау болды.

Мұның сыртында 1997 жылы 4 қарашада «Арал өңіріндегі экологиялық қасіреттен зардап шеккен азаматтарды әлеуметтік қорғау туралы» ҚР Заңына өзгерістер енгізілді, көптеген жеңілдік қысқартылды, зейнетақыға ерте шығу тоқтатылды. Әсіресе, елдегі аумақтық өзгерістерден соң, яғни, облыс Қарағандыға, аудан Ұлытауға қосылғаннан кейін экологиялық апат аймағы туралы әңгіме қозғау мүлдем тоқтады. Дегенмен, Ұлытау ауданының Жезді аймағында тұратындар әлі еңбекақыға 20% коэффициентті, еңбек демалысында қосымша 7 күнді, еңбек демалысында қосымша төленетін бір айлық жәрдемақыны алып отыр. Осының өзі дәтке – қуат. Ал, заңда көрсетілген медициналық, әлеуметтік салаларда басқаларға қарағанда басымдық беру деген тек сөз жүзінде қалды.

– Сол тоқсаныншы жылдардың бас кезінде Жезді ауданының басшылары мен белсенді азаматтары Арал экологиялық апат аймағына кіру үшін бір жыл бойы ауқымды, терең талдауға негізделген, жанкешті жұмыс жүргізіп жатқанда, көрші Ұлытау ауданының, аймақтың нақ ортасында орналасқан Жезқазған, Сәтбаев қалаларының басшылары селт етпеді, ешқандай қадам жасауға ұмтылмады. Осы игілікті істі тағы бір зерделеп, қайта көтерсе, артық болмас еді деген ойдамын, – дейді, еңбек ардагері Файзолла Әжібек.

Әлібек ӘБДІРАШ.

ҰЛЫТАУ ауданы, ЖЕЗДІ кенті.

Басқа материалдар

Back to top button