Бас тақырыпРуханият

“Кең болсаң, кем болмайсың…”

1969 жылы КСРО басшысы Л.БРЕЖНЕВ Алматыда ерекше үлгідегі зәулім үй тұрғызады. Кеңес Одағы тұсында мұндай архитектурамен салынған екі-ақ үй болған. Бірі – Мәскеуде, екіншісі – осы. Бірінші басшы бұл 9 пәтерлі тұрғын-үй кешенін толықтай Дінмұхамед ҚОНАЕВТЫҢ жеке меншігіне береді. Алайда, пейілі даладай дархан Димекең бір пәтерін ғана өзіне алып, қалғанын қызметтестері мен елге еңбегі сіңген азаматтарға бөліп берген. Әр игі іс ниеттен басталса, Димаш ағамыздың осындай кеңдігі оның ниеті түзу атпал азамат болғанын аңғартады. Осы кеңдігі талай жанды арқасынан қағып, жаңа өмірге жетелеген. Өмірі өнегеге толы Димаш АХМЕТҰЛЫНА бүгінде жоғалып бара жатқан кеңдік қасиеті тегінен мықтап дарыған болса керек.

Димекең Алматыда етікші Меңлі-Ахмет Жұмабайұлының шаңырағында туыпты. Анасы Зәуре Байырқызы – 11 құрсақ көтерген жан. Еркек кіндік екеу, үлкені – Димаш, кенжесі – Асқар Қонаев. Екеуі де ғалым, академик атанды. Әкесі балаларының болашағы үшін бар жағдайын жасап, адал еңбекке баулып өсірген. Қазір Алматыдағы мұражай-пәтерінде әкесінен қалған ең құнды жәдігер етік тігуге арналған құрал-сайманы сақталған. Әкесі арнайы білімі болмаса да, арабша, орысшаға жетік, көзі ашық жан болыпты.

Бұдан бөлек, Димекең кітап оқуға көп көңіл бөлген. Жұмыс күндері 200 бетке дейін оқыса, демалыс күні бір кітапты тауысады екен. Жасынан мықты тәрбиеленіп, кітапты жанына серік еткен қайраткердің кішіпейіл, кең әрі әділ болуы заңды.

Табанды еңбектің арқасында аса көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, үш мәрте Социалистік еңбек ері атанды. Қазақстанды 40 жылға жуық уақыт басқарып, 40-тан астам қала салған. Оның түрлі жақсы қасиеті туралы дерек көп. Мені оның кеңдігі қатты таң қалдырады. Мәселен, «Қазақ вальсінің» королі атанған Шәмші Қалдаяқовтың кейіннен табылған аудиожазбасында да ұлы сазгер Димекеңнің көңілінің қазақтың даласындай кеңдігін тамсана айтады. Бұл тегін емес. Бірде Жапон еліне делегация құрамында барғанда түрлі электронды техника өндіретін зауыт басшылығы Димекеңе ең сапалы «Panasonic» маркалы теледидар мен видеомагнитофонды сыйға тартқан. Қашанда кісі еңбегін бағалауды білетін Димекең сыйлықтарды тегін алмай, ақшасын төлепті. Есесіне, Жапон үкіметі басшылары император әулетіне ғана тиесілі «Геша» қуыршағын сыйлыққа берген. Екінің біріне бұйырмайтын бұл сыйлықтың құндылығы сол, шеберлер бір қуыршақты 4 жыл жасайды екен. Қазір бұл 3 бұйым да Димекеңнің Алматыдағы пәтер-мұражайында тұр. «Жүзі игіден түңілме» демекші, Димаш ағамыздың суреттерін қарап отырсақ, жүзінде періштесі бар, иманжүзді және кең жүректі болғанын байқаймыз. Сондай-ақ, аманатқа да адал бола білген. Мәселен, Д.Қонаев 9 жасында Бақанас жақта қатты сырқаттанып қалғанда, Оспан қожа деген кісіні алдырады. Ол: «Балаңыз өзіне қойылған есімді көтере алмай жатыр. Мен үш күн дем саламын, Құдай қаласа, сәтін салып, балаңыз жазылып кетер. Алладан жәрдем тілеңіз. Кейін ол үлкен азамат болады», – депті.

Кейін Димаш Ахметұлы үлкен азамат болып, ел басқарып тұрғанда әкесі осы жайды еске салып, Оспан емшінің немересі бар екенін айтып, аманаттапты. Димекең әке сөзін екі етпей, сол жігітті тауып, үлкен қызметке өсіреді. Ол жігіт сол Оспан қожаның немересі – көп жыл Қазақстан Тұтынушылар одағының төрағасы, Кеңес Одағы Жоғарғы Кеңесінің депутаты болған Өмірзақ Сәрсенов еді. «Мен оны қызметке қойдым деп тіс жарған емеспін. Бірақ, әкемнің аманатын орындадым. Ол да адамгершілік пен ұятына сай лайықты қызмет атқарды», – депті Димекең бұл оқиға жөнінде.

Шындығында, адам жоғары билікке жеткенде өзіне қол ұшын бергендерді ұмытып кетуі де ықтимал. Бұл мысалдан Димекеңнің аманатқа адалдығын, кеңдігін көреміз. Димаш ағамыз 1936 жылы институтты ойдағыдай аяқтап, тау-кен инженері мамандығын алады. 1937- 1939 жылдары Балқаш мыс қорыту комбинатының Қоңырат руднигіне жұмысқа орналасып, адал еңбекпен лауазымы сатылап өсіп, партия қызметіне шақыртылады да, мемлекеттік қызметтегі сара жолы басталады. Оның жоғары лауазымды қызметте болған жылдары кең байтақ Қазақ жерінде 68 жұмысшылар кенті мен 43 қала бой көтерген. Оның ішінде, өнеркәсіп орталығы болып есептелетін Рудный, Екібастұз, Шевченко (Ақтау), Степногорск, Теміртау, Жаңатас, Кентау, Арқалық қалалары бар. Осылайша, Бірінші басшының өнегелі өмір жолы көп ынталы жасқа үлгі болып, жігерін жаныған. Мәселен, Димаш ағамыз негізін қалаған өндірісті шаһар Теміртауға арада ширек ғасырға жуық уақыт өткенде Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаев арман қуып келеді. Байқасақ, Қонаев та, Назарбаев та еңбек жолын Арқа төсінде, ірі өндіріс ошағында бастаған. Екі қайраткер де Қарағанды топырағында білікті маман ретінде ысылып, үлкен өмірге негізі мықты маман ретінде аяқ басқан. Ал, Димаш ағамыз тұңғыш шойын балқымасын алуға Теміртауға келгенде Нұрекеңнің сөз сөйлегенінен тәжірибесін байқап, жанына жақын тартқан екен. Жігерлі жастың көзіндегі отты көріп, саяси толып-жетілуіне бағыт-бағдар көрсеткен. Өйткені, өзі де бір кездері Балқашта осындай жас маман болған еді. Сонымен қатар, жас мамандармен кездескенінде: «Қарақтарым басталған істің оңайы болмайды. Шыдаңдар, сендерге барлық жағдай жасалады. Бұл жерде жағдайларың жаман болмайды. Мықты маман болып шығасыңдар. Мен сияқты сендердің араларыңнан болашақта елдің тізгінін ұстайтындар да болады, шыдаңдар, қарақтарым» деген екен. Мұны Ерғали Сағат ағамыздың «Жаны жарық Димекең» кітабынан оқып білдік. Бұл кітапта Димаш ағаның көп қыры сөз болады. Бірде, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ректоры Ғазиза Жұбанованың үстінен арыз түсіп, Димаш ағамыз оны жұмысынан алуды бұйырады.

Кейін Ғазиза Ахметқызының жұмысында еш мін жоқ екеніне көзі жетіп, оны өз орнында қалдыруды ұйғарыпты. Бұл да көреалмаушылықтың асқынып тұрған кезі болса керек. Егер, Қонаевтың орнында басқа біреу болса, бұйрығының орындалмағаны үшін көмекшілерін де жазалауы мүмкін еді ғой. Бұл Димекеңнің адамның еңбегін бағалап, ешкімге қиянат жасамайтын адалдығын, адал еңбек ететін мықты кадрға деген кеңдігін аңғартады. Елімізге бір келгенінде Л.Брежнев Димаш ағамыз үшін жеке үлкен үй салуды бұйырады. «Содан тиісті құрылыс ұйымдарының басшылары үй тұрғызатын жер іздегенде Мұхтар Әуезов мұражайы жанына жақын биіктеу жерге тоқталыпты. Сонда Димекең: «Мына киелі мекенжай ұлы жазушы Мұхтар Әуезовтің тұрған үйі. Қазір оның мұражайы істеп тұр. «Теңіз жанынан құдық қазба» деген мәтел бар. Мен Әуезовпен қатар тұрған адам емеспін. Ол – әлемге әйгілі адам. Мен болсам, көп басшылардың бірімін. Міне, сондықтан да бұл үйден төмендеу жерден орын іздегендерің жөн болар» – депті (Ерғали Сағат “Жаны жарық Димекең”).

Бұдан басқа да Д.Қонаевтың ел ертеңі үшін көптеген игі істер атқарғанын білеміз. Балқашта жұмыс істеген кезінде жазушы Ілияс Есенберлинмен әріптес болса керек. Кейін Ілияс ағамыздың «Көшпенділер» романы сынға ұшырап, кітаптары баспадан шықпай қиналғанда да Димекең қол ұшын берген. І.Есенберлинді жауапты қызметке тағайындап, еркін шығармашылықпен айналысуына жағдай жасапты. Осындай қамқорлық, кеңдік болмағанда қазақтың бірнеше ғасырлық тарихын қамтитын «Көшпенділер» роман-трилогиясының жарыққа шығуы қиын болар ма еді, кім білсін?! Кеңпейілділік – қазаққа қанмен келген арда қасиет. Өкінішке қарай, соңғы кездері құмға сіңген судай жоғалып барады. Кең болған Димекеңнің кем болмағанын тарих дәлелдеді. Сөз басында бар ғұмырын халық игілігіне арнаған біртуар тұлғаның Қарағанды облысы аумағында еңбек жолын бастағанын айттық. Енді, осындай ұлы тұлғаның атына өзі маман ретінде жетілген Арқа жерінде бір көшеге есімі берілгені жөн. Бұл биылғы 110 жылдығына ерекше сый болмақ. Жақсыға ұқсамақ үшін, жасаған жақсылығын желкенің ет. Димекең сынды болсақ, кем болмаспыз…

Жәлел ШАЛҚАР.

Басқа материалдар

Back to top button