Нәби ЕЛІКБАЕВ, философия ғылымдарының докторы, профессор: «Рақмет – сезімдік, саналық, күрделі құбылыс»

Діндарлар «Аллаға шүкір ету үшін алдымен адамдарға рақмет айтуды үйренуден бастаған дұрыс» деседі. Рахман сүресінің 60-аятында: «Сендерге жасалған жақсылыққа жақсылықпен жауап қайтарыңдар!» деп жазылған» дейтін де пірәдарлар. Яғни, адамға жақсылықпен жауап қайтару – Раббымыздың нұсқауы.

Лұқман сүресінде: «Ей, құлым! Маған шүкір ет, ата-анаңа алғыс айт. Маған қайта ораласыңдар! Мен сендерді жауапқа тартам. Маған деген шүкірлерің мен адамдарға деген алғыстарың үшін сендерді сыйға бөлеймін» депті. Пайғамбарымыз с.ғ.с. «Адамдарға алғыс айта алмаған адам, Аллаға шүкір ете алмайды» деген екен хадисінде.

Бүгінгі алғыс айту күні қарсаңында философия ғылымдарының докторы, профессор Нәби ЕЛІКБАЕВПЕН алғыстың мәні мен маңызы жөнінде сұхбат құрған едік…

Соңғы 7 жылда қазақ қоғамында жаңа бір мереке «Алғыс айту күні» пайда болды. Алғашында Қазақстан халқы Ассамблеясымен байланыстырылды. Бұған дейін мереке құнын өзге ұлттардың қазаққа алғыс айтқанымен өлшеп келдік. Келе-келе жаппай сипат иеленді. Дала философиясы бұл туралы не дейді?

– Қазақ тарихында қазіргі саясат заманындағыдай мерекелер аталмаған. Бірақ, ондай айтулы күндер халқымыздың тарихи жадында, санасында, салт-дәстүрінде, ырымында көрініс тауып келген. Соның ішінде алғыс айту да бар. Оны тек Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылған күнімен байланыстырған жөн емес.

Жалпы, зер салсақ, тереңірек үңілсек, алғыс – «Рақмет!» деп қоя салатын әншейін сөз де емес. Бұл – ұлттың жан дүниесіндегі мәдениеттің негізі. Бұл – сезімдік, саналық өте күрделі құбылыс. Сондықтан, оны үстірт бағалауға болмайды. Ол бір жүректен шығып, екінші бір жүректі жылытатын ұлы сезім. Адамға ғана тән сезім. Сол себепті оны енді ғана пайда болды десек, өте қателесеміз. Олай деуге келмейтін құбылыс. Бұл табиғатымызда бар еді. Тек соны ресмилендіріп, күнтізбеге кіргіздік. Түптеп келгенде, қазақ философиясында алғыс ұлтпен бірге жасасып келеді.

Кейде шүкір дейміз. Тәубе дейміз. Кейде осы екі сөз тағдырымызға қатысты айтылатын алғыстың синонимі секілді сезіледі. Шүкір мен алғыстың, шүкір мен тәубенің айырмасы неде деп ойлайсыз?

– Шүкір мен тәубе өзара жақын түсініктер. Шүкір тоқтамға келгендікті, қанағаттылықты аңғартады. Тәубе де сондай. Алғысқа келсек, бұның тамыры мәдени, рухани құбылыста. Екеуінің де арасында өзара байланыс та бар. Жеке қарастыруға да болады. Мұның әрқайсысы рухани жеке дара құбылыстар.

Алғаш алғыс айту күні күнтізбеге енгенде ғалымдар тарих ақтаңдақтарын ашу үшін аса қажет шара ретінде бағалағаны да бар еді. Сіз философ, ғалым ретінде қандай баға берер едіңіз?

– Олай емес. Ақтаңдақтарды ашу – тарихи қажеттілік. Алғыс айту күні онымен өлшенбеуі керек. Тағы қайталайын. Бұған дейін алғыс айту ресми аталмағанымен, біздің халықтың болмыс-бітімінде бар қасиет. Жалпы, адамзатқа ғана бұйырған сезім. Алғыстың өзін екі бөліп қарастыру керек. Бірі – бүкіл адамзаттық, екіншісі – ұлттық алғыс. Адамзаттық дейтін себебім, алғыс айтпайтын ұлт жоқ. Мәселе сол әр елдің алғысты кімге және қалай айтуында. Әр ел алғысты өзінше айтады. Оған экономикалық, әлеуметтік, рухани дамуы негіз береді. Әр ұлттың ерекшелігін айқындайтын колориті бар. Міне, сол колорит біздің елде өзгеден бөлек. Өмірдегі әр дүние елдің тарихымен байланысты. Сондықтан, мен бұл алғыс айту күнін бір ғана жайтпен байланыстырмау керек деп білемін.

Бұл мереке әлемде ертеден бар дейді деректер. АҚШ-та Жаратушыға құлшылық ету және көмек қолын созғандарға ризашылық білдіру күні ретінде аталса керек. Тіпті, осыған байланысты 1789 жылы Джордж Вашингтон ризашылық білдіру күнін «Ұлттық мереке» деп жариялапты. Израиль елінде Құдайға құлшылық етіп, мол астық бергеніне ризашылық білдіру болып табылатын Астық ору мерекесі бар. Вьетнам мен Қытайдың кейбір өңірлерінде ризашылық фестивалі өтеді екен. Мол астық алуға жағдай тудырған Айдаһарға алғыс айтады…

– Әрине, Америка – Конституция қабылдаған алғашқылардың бірі. Сол себепті ресмилендіріп те алды. Алайда, айтып өттім ғой. Америка аспаннан алған жоқ алғыс айтуды. Бұл — барша адамзаттық қасиет. Ендеше, алғыс айту өзгелерде бұған дейін жоқ дегенді білдірмеуі керек.

Әр ұлттың тарихи дамуы оның ерекшеліктерін айқындап береді. Израиль де, сіз айтып отырған Қытай, Вьетнамда да сондай. Ұлттық бірегейліктері де мерекелеріне, салт-дәстүрлеріне әсер ететіні даусыз. Ал, қазақ ұлтында мұндай жоқ деуге хақымыз жоқ. Олай десек, күнәһар атанамыз.

Алғыс айту күні қазақтың қиын қыстау кезде жасаған қамқорлығына негізделді. Қалай ойлайсыз, сонымен айтулы күнінің аясын тарылтып алған жоқпыз ба?

– Алғыстың аясын бір құбылыспен шектеуге әсте келмейді. Қазақтың тарихындағы батырларына, ұлтты әлемге танытып жүрген талантты да дарынды ұл-қыздарымызға, елдің несібесін еселеп, ерен еңбек еткендерге, адамды ажалдан арашалап қалғандарға, Отанның шебін күзетіп, тыныштыққа тұтқа болғандарға неге алғыс айтпасқа? Біздің бұл жандарға алғысымыз зор.

Ең алдымен, осы күні біз кімге алғыс айтып, кімге рақмет жаудыруға тиіспіз?

– Алдымен, мына дүниеге әкелген аналарымызға алғыс. Тағдырымызға алғыс. Аналардың арқасында азамат болдық. Өстік, өндік, ер жеттік. Алғысты әр лайық жанға айтуға тиіспіз. Бірақ, әр алғыстың өз иесі барын да ұмытпаған жөн.

Тұшымды сұхбат берген сізге де көп рақмет!

Сұхбаттасқан Қызғалдақ АЙТЖАН.