Бас тақырыпНұра

Шахтер ауылы – бірлік пен берекенің ұясы

«Нұрлы Нұра» өлкесі – қашан да еңбегімен даңқты. Елді адал еңбекке, берекелі кәсіпке баулып, әл-ауқатын арттыруға үлес қосып жүрген Георгий ПРОКОП сынды атпал азаматымен айбатты. Оның арқасында кіндік қаны тамған Шахтер ауылы – бүгінде еліміздегі дамыған үздік 30 ауылдың бірі. Игі істеріне қарап, көрші ауылдар бой түзейтіндей береке мен бірлік салтанат құрған еңбексүйгіш ауылдың киелі топырағын басу бізге де бұйырды. Жуырда дәл осы құтты ұяда ҚР Конституциясы күні мен Қарағанды облысы Қазақстан халқы Ассамблеясының XXV сессиясы қарсаңында облыстық Қоғамдық келісім кеңесінің «Дамыған ауыл – Жаңа Қазақстанның бағдары» атты көшпелі отырысы өтті. Қарағанды облысы ҚХА Қоғамдық келісім кеңесінің төрағасы, «Amanat» партиясы облыстық филиалының атқарушы хатшысы Бекзат АЛТЫНБЕКОВ төрағалық еткен келелі жиынға Нұра аудандық Қоғамдық келісім кеңесі мүшелері, мәслихат депутаттары, мемлекеттік мекемелер өкілдері һәм ауыл тұрғындары қатысты.

Шахтер ауылына таянғаннан-ақ, бір жылылық нұры есіп тұрды. Ауыл көшелері өте жинақы. Тап-таза. Жолдары айнадай, сыңғырлап тұр. Іргеде пәленбай гектар картоп пен бидай жайқалып тұр. Онда ауылдың азаматтары адал еңбек етіп жүр. Картопты заманауи технология арқылы суды үнемдей отырып суғарады екен.

Ал, ауылдың орталығы – өте көрікті. Мәдениет үйі, «Шахтер» спорттық-сауықтыру кешені, «Нұра» спорт кешені, бассейн, мәдениет үйі, медициналық амбулатория, мектеп, балабақша сынды қоғамдық орындар заманауи жабдықтармен қамтылған. Мәселен, «Нұра» спорт кешеніндегі керемет 25х7 метрлік бассейн спортпен айналысатындарға тегін болса, жеке адамдарға ақылы. Кардиобөлме, дәрігерлік бөлме тағы бар. Бұдан бөлек, дене шынықтыру залы, киім ауыстыратын жері бар. Тіпті, мұнда көрші ауылдардан да келеді. Мұндай бассейн ауыл тұрмақ, кейбір ауданда жоқ. Ал, «Шахтер» спорттық-сауықтыру кешені спортсүйер қауым үшін тегін. Бұл жерде, шағын футбол, болейбол, баскетбол ойнайды. Түрлі турнирлер өтіп жатады. Мәдениет үйіндегі жүріп жататын үйірмелердің жөні бөлек. Ауыл жастарының жеткен жетістігін санап тауысу мүмкін емес.

– Қоғамдық келісім кеңесінің көшпелі отырысын өткізудегі мақсатымыз – сәуір айында өткен XXXI сессияда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының берген тапсырмалары мен алдымызға қойған міндеттерінің жүзеге асырылу барысы, оның ішінде көпэтносты өңірлердегі Еңбек адамдарының үлесі жайында шешілмей жатқан мәселелер болса ортаға салып, шешу жолдарын табу мақсатында диалог құру болды. Шахтер ауылының ерекше келбеті, заманауи дамуы бәрімізді де тәнті етті. Бұл сіздердің маңдай теріңіздің, осы ауданның елін сүйген, туған жерін сүйген азаматтарының арқасы екені сөзсіз. Облыстық мәслихаттың депутаты, меценат һәм руханият жоқтаушысы Георгий Прокоптың еңбегін атап өтпеске болмайды. Ағамыздың қолқанаты болып жүрген ұлы Виталий Прокопты көріп қуандық. Бұл – ұрпақ жалғастығы, дәстүр сабақтастығы. Қанмен келген еңбексүйгіштік, елге деген махаббат осылай жалғасын табуы керек. Басқаларға да үлгі болып жүрген Шахтер ауылы қазір елдің аузында. Ауылды дамытумен қатар, осындағы халыққа жұмыс тауып беріп, басқа да қолдау көрсетіп отырған Георгий ағамызға алғысымыз шексіз, – деді Бекзат Қомарұлы.

Конституцияда атап өтілгендей, мемлекетіміздің ең басты байлығы – халық, сондықтан, біздің барлық ісіміз бен ойымыз халықтың өмірін жақсартуға бағытталған. Тиісінше, елдегі қоғамдық келісім мен тұрақтылықты қамтамасыз етуге арналған. 26 тамызда өтетін облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының алдағы сессиясында жаңа міндеттер талқыланады және олардың әрқайсысын іске асыруда тетіктері қарастырылмақ. Бұл – осы бағыттағы алғашқы көшпелі отырыс.

– Мен не істесем де, бала-шағам үшін, елім үшін істеймін. Қолымнан келгенше ауыл халқына жақсылық істеп келемін. Олар да мүмкіндікті тиімді пайдаланып, жағдайларын жақсартып жатыр. Жоғары сортты бидай, картоп өсіреміз. Халық – еңбексүйгіш. Орташа жалақысы 240 мың теңге. Біздегі дамудың құпиясы – бірлікте. Яғни, бөлінбейміз. Қай этностың мерекесі болса да бірге тойлаймыз. Бірге жүреміз, бірге еңбек етеміз. Қазір жаңадан ауыл орталығынан мейрамхана мен ірі сауда үйін жасап жатырмыз. Өйткені, тоқтауға болмайды. Ауылдағылар арзан бағамен азық-түлік алады. Мәселен нан бағасы – 70 теңге. Той-жиынын, асын жаңа мейрамханада жасап, сонда некесін қияды. Астанаға, Нұраға шапқыламайды. Оған бар жағдайды жасап, мамандарды тартамыз. Оның алдынан демалыс аллеясын жасап жатырмыз. Субұрқақ, орындықтар, шамдар, суретке түсетін көрікті алаңдар бәрі болады. Қысқасы қалада бардың бәрін ауылға әкелеміз. Халықтың аңсарын қалаға аудырмай, осында өніп-өсуіне жағдай жасаймыз. Әлі атқарар шаруа көп, еліме алғысым шексіз, – дейді Георгий Георгиевич.

Қарағанды облысы Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары Вилен Молотов-Лучанский, облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының Аналар кеңесінің төрағасы Ләззат Қожахмет, облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы Кәсіпкерлер қауымдастығының төрағасы Нұрлан Әубәкіров сөз сөйлеп, өз саласы бойынша атқарылып жатқан жұмыстар туралы айтып, ауыл тұрғындарының сұрақтарына жауап берді. Қоғамдағы этностар арасындағы бірлікті сақтау, көпбалалы аналарға көрсетілетін жеңілдіктер және ауылда кәсіп ашуға қолдау көрсету секілді мәселелер төңірегінде ой өрбітті. Аудиторияның сұрақтары мен тілектерін тыңдап, пікір алмасты. Аудандық мәслихат хатшысы Төлеген Оспанов ел атынан келген қонақтарға алғысын жеткізді.

Кездесу соңында Қарағанды облысы әкімінің Алғыс хаты мен «Amanat» партиясының облыстық филиалының Алғыс хаттары табысталды. Осылайша, облыс орталығынан 260 шақырым жердегі бірлік пен берекенің ұясына айналған Шахтер ауылы дамып келеді. Болашақта ауданнан, қаладан, адамдар көшіп келіп жатса, таң қалмаңыз. Өйткені, адал еңбек, еңбекқорлық бар жерде ырыс пен ынтымақ салтанат құрып, өмір құлпыра түседі екен…

Жәлел ШАЛҚАР.

Басқа материалдар

Back to top button