Руханият

Жылылық көзі

Әл-ФАРАБИ мен Абайдың арасы – 1000 жылдай уақыт. Бір емес, бірнеше ғасыр тоғысы. Ал шығармашылықтары бір-біріне өте жақын. Ұстаз бен шәкірт секілді. Мәселен, жүрек туралы қос хакімнің ойларын салыстырайық. Әл-Фараби еңбектерінде жүректі адам денесіндегі басты тұлға, бастапқы кезеңдегі әмірші ретінде танумен қатар ақылды (миды) да басты тұлғаның қатарында айтады, бірақ ми адам бойындағы бүкіл процеске басшылық еткенімен, жүрекке тәуелді, соның ырқына бағынышты деген танымды білдіреді. Жай ғана тәуелді емес, жүректің ізгі ниеттерін жүзеге асыруға бейім тұратындығы жөнінде айқын айтқан Фараби пікірінде терең гуманистік астар жатыр.

Осы іспеттес танымның желісіндегі ой-пікірлер Абай шығармаларында да молынан ұшырасады.

«Жүректе қайрат болмаса,
Ұйықтаған ойды кім түртпек?
Ақылға сәуле қонбаса,
Хайуанша жүріп күнелтпек.
…Малда да бар жан мен тән,
Ақыл, сезім болмаса.
Тіршіліктің несі сән,
Тереңге бет қоймаса?»

Бұл өлеңде Абай адамның жан сыры жөніндегі көне деректерді өз заманы тұсындағы көзқарастарды сыншыл ой елегінен өткізу арқылы өзіндік соны ой-пікірін қалыптастырып, сол ұғымдарын тұжырымдайды.

«Жүректің көзі ашылса,
Хақтықтың түсер сәулесі.
Іштегі кірді қашырса,
Адамның хикмет кеудесі.
…Жүректе айна жоқ болса,
Сөз болмайды өңгесі…»

Абай – адамның өзін тануы жөніндегі ғылымға, яғни, адам жанының сырына тоқталып, өз танымы тұрғысынан көптеген тың ойлар, жаңаша тұжырымдар айтқан дербес ойшыл ақын.

Әл-Фарабиден басталатын адамның өзін тануы туралы ілімнің жүйеленуі бойынша, «өсімдік жаны», «хайуан жаны», «адам жаны» деп салаланады да, осылардың арасынан адам жанының сырына байланысты айтылатын ішкісыртқы сезім мүшелері жеке-жеке таратылып, арнайы сөз етіледі.

Адам денесінің патшасы жүрекке басты орын беріп, жүректің культін көтеріп отырған. Нақтылы да дәлелді деректерге сүйенсек, әл-Фараби: «Мүшелердің ішінде тұңғыш рет жүрек пайда болады, бұдан кейін ми», – деп айтуына қарағанда, ұлы ойшылдың адам баласы шыр етіп жерге түскенде, алдымен тіршілік әрекетінің бастаушысы жүрек деген танымы жатыр. Ақыл, сананың орталығына айналатын мидың өзі жүректің бастапқы әрекетінен туындайтын құбылыс деп қарайтын әл-Фарабидің: «Жүрек басты мүше, мұны тәннің ешқандай басқа мүшесі билемейді. Бұдан кейін ми келеді, бірақ мұның үстемдігі бірінші емес, екінші, өйткені ол барлық басқа мүшелерді билейтін болса, оның өзін жүрек билейді», – деген көзқарасын байқатады.

Әл-Фараби жүрек жайындағы философиялық трактатын даярлығы мол, ұғым дәрежесі жоғары зиялылардың тобына арнап жазғандықтан, еңбегі ғылыми тілде болғандықтан, көпшілік түсіне бермейді. Ал, Абай: «Бір кісі емес, жазғаным жалпақ жұрт қой», – деп өзінің сөзін қалың көпшілікке арнай сөйлегендігін ескертеді. Бірақ, сол көпшіліктің ұғым дәрежесіне көңілі толмаған соң: «Тыңдаушымды ұғымсыз қылып Тәңірім берген-ді», – деп тыңдаушыларының ой-өрісіне сай, солар түсінуге лайықты да жеңіл етіп, өзінің философиялық-гуманистік негіздегі ойларын халық көкейіне қонарлықтай формада беруге ұмтылған. Осы себептен де он жетінші қара сөзінде айтар ойын ақыл, қайрат, жүректің арасындағы ой таласын беретін диалогқа құрып, қарапайым қазақы дәстүрдің табиғатына сай айтыс түрінде келтіреді де, өзі айтуға ділгір болған пікірін көпшілік ұғымына оңай әрі түсінікті, жеңіл түрде жеткізудің өте ұрымтал тәсілін таба білген. Осыған орай, Абай айтайын деген негізгі ойын ақыл, қайрат, жүректің өзара таласына төреші ретінде сөйлейтін ғылымның атынан: «Сен үшеуіңнің басыңды қоспақ менің ісім депті. Бірақ, сонда билеуші, әмірші жүрек болса жарайды… Осы үшеуің басыңды қос, оның ішінде жүрекке билет», – деп ежелден белгілі тасдиқ формасында беретіні бар. Абайда айтылған пікірдің бар мазмұны әл-Фарабидегі ой-тұжырымдармен өзектес, бірақ басқаша формада берілгенімен, он жетінші қара сөздегі Абай танымының нәр алған көзінің түп-төркіні әл-Фарабиде жатқандығы көрініп тұр. Абайдың он жетінші қара сөзінде «жүрекке билет деп ұқтырып айтушының аты ғылым екен» деп сілтеме жасап отырған ғылымы әл-Фараби негізін салған Шығыс әлеміндегі жан сыры туралы (немесе Абайдың өз терминімен атасақ) адамның өзін тануы жайындағы ғылым саласы екендігін көреміз. Әл-Фараби жүректі адам денесіндегі ең басты мүше деп таныса, Абайда «мен адам денесінің патшасымын» – деп тыңдаушының ой-санасына оңай қабылданатын кәнігі, бейнелі сөзбен балама ретінде берген. Яғни, екі ұлы ойшылдың да айтар ойларының философиялық мазмұны бір тектес болғанымен, оларды өз оқушыларына жеткізудің жолдары әр қилы.

Тағы бір мысал, әл-Фараби: «…жүрек – ішкі табиғи жылылықтың көзі. Басқа мүшелерге жылылық нақ осыдан тарайды, олар осыдан нәр алып отырады», – дегенде, жүректі ішкі табиғи жылылықтың көзі деп арнайы атап көрсетуі, Абай айтып отырған «жылы жүректің» немесе «жылытқан, тұла бойды ыстық жүрек» дегеннің мағыналық төркіні қайда жатқанынан хабар беріп тұр. Мұндағы «нұрлы ақыл» деген сөздің негізгі мағынасы Абайдың толық адам жөніндегі ұғымдарымен тұтасып жатқандықтан, ол ыстық жүректің ырқымен жүретін, тек қана рахым, шапағаттың дегенін іске асыратын гуманистік жолдағы ізгілікті ақылдың игілікті қызметін көрсетіп отыр.

Жалпы түркі әлеміндегі, шығыс мәдениетіндегі қос алып Әбу Насыр әл-Фараби мен Абайдың арасындағы рухани байланыс, дәстүр жалғастығы өзінің тарихи маңыздылығымен ерекшеленеді. Алаш елінің абыройы асқақ, бірлігі бекем, тәуелсіздігі баянды болу үшін осы бабаларымыздың мол мұраларынан үлгі-өнеге ала білсек, қандай ғанибет болар еді?!

Қайыржан БЕКІШЕВ,

Е.Бөкетов атындағы Қарағанды университетінің профессоры.

Басқа материалдар

Back to top button