Руханият

Абай ауылындағы һакім ескерткіші

1955 жылы Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесінің Жарлығымен Семей облысының Алғабас ауылы Қарағанды облысы, Қу ауданының құрамына берілген болатын. Сол жылдары тың жерлерді игеру науқаны басталғандықтан, өңірдегі шағын ауылдардың көбі біріктірілді. Комсомол және Абай атындағы совхоздар ашылды.

Абай ауылының іргесін КСРО-ның түкпір-түкпірінен келген комсомолжастар көтерді. Оның құрамына Мыржық пен Сартау ауылдары еніп, Айнабұлақ ауылдық кеңесі деп аталды. Осы өңірді жайлаған «Абайдың нағашы жұрты» жаңадан құрылған совхозға ұлт кемеңгері – Абайдың атын беруді мұрат тұтты. Сол мақсатпен жоғары органдарға өтініш білдірді. Бастаманы Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесі қолдап, Алғабас ауылы аумағында құрылған совхозға һакімнің есімі берілді.

 – Мен 1966 жылы Абай атындағы совхозда мектеп директоры болдым. Ал, 1968 жылы Абай селолық кеңесінің төрағасы болып сайландым. Қызметті Камаш Нұркенов ағамыздан қабылдап алдым. Совхоз директоры – Қуаныш Ыбыраев, партком хатшысы – Рымбек Исаинов, кәсіподақ комитетінің төрағасы – Олжас Мұхаметжанов, жастар ұжымының жетекшісі Бауыржан Қанафин еді.

Абай совхозы Егіндібұлақ ауданындағы 25 мың гектар егістік алқабы, 40 мыңнан астам қой, 850 жылқы, 350 ірі қара малы бар ірі шаруашылық болды. Халық саны 2 300 адамға жуықтады. Ауылда екіқабатты мектеп пен интернат, аурухана, мәдениет үйі, тұрмыстық қызмет көрсету комбинаты және асхана секілді ел игілігіне арналған ғимараттар бой көтерді. Астық қабылдайтын элеватор мен ірі қоймалар салынды.

Тың игеру кезінде келген 14 ұлттың өкілі жергілікті жұртпен бауырласып кетті. Халықтың берекелі еңбегі совхоз көрсеткішін облыста алдыңғы қатарға шығарды.

Совхоз басшылары ауылдың мәдени-әлеуметтік тұрғыда өркендеуіне ерекше ден қойды. «Абай ауылында кемеңгердің ескерткіші болуы керек» деді бірде маған совхоз директоры.

Осы ойын аудандық атқару комитетінің төрағасы Көпей Жұмашевқа жеткізіп, ол кісі ұсынысқа қолдау білдірді. Соның нәтижесінде Абай ескерткішін құйғызуға тапсырыс берілді.

1970 жылғы наурызда һакім ескерткіші дайын болды. Сәуір айында совхоз басшылары мен ауыл ақсақалдары кеңесе отырып, ескерткіш қойылатын орынды белгіледі. Тұғыр құйылды. Қарағандылық мүсіншілер Абайдың ескерткішін соған орналастырды. Төңірегі қоршалып, жас қарағай ағаштары отырғызылды.

 Сол жылдың 19 мамырында Ұлы Дала данышпанының ескерткіші салтанатты жағдайда ашылды. Бұл күн ауыл халқы үшін шынайы мерекеге айналған еді.

Жағымды жаңалық Семейдің Абай ауданына «сымсыз телефон» арқылы жеткен екен. Іле-шала сол ауданның басшысы Матаевтың тапсырмасымен арнайы өкілдер келді. «Мұндай ескерткіш Абай ауданының орталығы Қарауылда да жоқ. Біздегі мүсіні бұдан еңселі емес. Өте сапалы жасалған туынды екен» деп таңырқасты қонақтар. Бұлардың ізін ала келген Абыралы ауданының азаматтары да «Алматыдағы ескерткішінен бір мысқал кем емес» деп оң бағасын берген еді.

Сол жылы ескерткішті көруге Халық әртісі Жамила Шашкина бастаған бір топ өнер қайраткерлері де арнайы келді. Олар ауыл еңбеккерлеріне ән-шашуын тарту етті.

Мен селолық кеңестің төрағасы ретінде осынау тарихи оқиғаның бел ортасында болғаныма разымын. Ауылдың тізгінін ұстаған азаматтардың асыл мұраты жас ұрпақты руханиятқа жетелеу болатын. Сол мақсат орындалды. Мұның айғағы – алақандай Абай ауылынан көптеген ұлтжанды азаматтардың қанат қағуы.

Тоқташ АСҚАРҰЛЫ,

Қазақ КСР Халық ағарту ісінің үздігі,

облыстық ардагерлер кеңесінің мүшесі.

Басқа материалдар

Back to top button