Жаңалықтар

«Көппартиялық жүйеден қорқуға болмайды»

Енді облыс, аудан әкімдері партияға төраға болмайды. Президент Қасым-Жомарт ТОҚАЕВТЫҢ өзі «AMANAT» партиясының басшылығынан бас тартты. Расы керек, Мемлекет басшысының «Жаңа Қазақстан»: жаңару мен жаңғыру жолы» атты Жолдауында жарқын болашаққа деген көптің сенімін күшейткен жаңалықтың бірі осы еді. Өйткені, өркениетті елдердегі тәжірибе осылай…

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев наурыздағы Жолдауында суперпрезиденттік республикадан қуатты парламентті президенттік республикаға трансформациялау ұсынысын айтқан болатын. Яғни, бұл қадамның қоғамдық сенімді нығайтуға және мемлекеттік құрылымдардың ел игілігі үшін тиімді жұмыс жасауына мүмкіндік беретіні анық. Біз жоғарыда айтып отырған мәселе – алғашқы қадам.

Енді, әкімдерге де саяси партиялардың жергілікті филиалдарында жетекші болу міндетіне тыйым салынады. Президенттің пікірінше, бұл саяси әрекет еліміздегі саяси партиялардың өзара бәсекелестігін арттырады. Ал, мұндай бәсекелестік саяси құрылымның дамуы мен жаңаруына алып келетіні сөзсіз.

«Қазір бәрі дерлік Президентке бағынған және бұл – теріс нәрсе. Біртіндеп бұндай тәжірибеден кету керек. Мен үшін мемлекеттің ұзақмерзімді мүддесі биліктегі қосымша бір үстемдіктен артық. Сондықтан, Президент сайланған мерзімі ішінде партияға мүше болмасын деген өзгеріс енгізуді ұсынамын. Бұл саяси бәсекелестікті күшейтіп, барлық партиялардың дамуына жағдай жасайды», – деген еді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Сонымен қатар, Президент заңға тиісті өзгеріс енгізе отырып, енді әкімдер мен олардың орынбасарлары партия филиалдарын басқаруды тоқтатуы керек деді. Жергілікті әкімдер партияға емес, халыққа қызмет етеді деген сөз. Әкімдерден тыс, Есеп комитетінің төрағасы, Орталық сайлау комиссиясының төрағасы сияқты өте маңызды қызмет атқаратын адамдар да партияға мүше болмайды деп мықтады Мемлекет басшысы.

Президенттің бұл пәрменін көпшілік қуана қабылдады. Жаңа реформаға деген көзқарас күшейді. Жоғарыда атап өттік қой, өркениетті елде саяси партияға билік өкілі төраға болмайтынын. Мемлекеттік қызметтегі басшылар да мүше емес. Мысалы, Жапонияда ЛДП (либералдық-демократиялық партия) «билік партиясы» болып саналады. Билікке 1955 жылы келген. Содан әлі мызғымай отыр. Күншығыс елі тұрғындарының саны – 130 млн. Ал, либералдық-демократиялық партиясының мүшесі – бар болғаны 800 мың. Сонда, жетекші партиясының мүшесі ел халқының 0,7 пайызын құрап отыр. Демек, басқа да партия ұйымдарымен санасады, бәсекелеседі.

«AMANAT» партиясы Қарағанды облыстық филиалының атқарушы хатшысы Бекзат Алтынбек Президенттің бұл шешімі саяси партиялардың билікке тәуелділігіне тосқауыл болатынын жеткізді.

– Саяси партиялардың еліміздегі демократиялық принциптерді дамытудағы ролін арттыру үшін олардың қоғамдағы ықпалын күшейту мүмкіндіктеріне жол ашу керек. Президенттің, әкімдер мен олардың орынбасарларының қандай да бір саяси партияға мүше болуына заңды тұрғыдан тыйым салу мәселесі Референдум негізінде қабылдануға тиіс Конституцияның жаңа нұсқасында белгіленетін болады. Мұның өзі саяси партиялардың билікке тәуелділігіне тосқауыл қояды. Яғни, лексиконымыздан «билік партиясы» деген тіркес алынып тасталады. Иә, партиялық жүйе – парасат майданы. Мүдде – бір. Ол – қоғам игілігі. Көппартиялық жүйеден қорқуға болмайды. Партияаралық бәсеке саяси жүйенің сергектігін қалыптастырып, қоғам игілігі адам игілігіне айналатынына көзіміз жететін болады, – дейді Бекзат Қомарұлы.

Білуімізше, алдағы уақытта «Саяси партиялар туралы» Заңға да өзгерістер енгізілмек. Саяси партия құру тәртібі едәуір жеңілдетіліп жатыр. Қазіргі кезде жаңа партия құру бойынша 30-дан астам өтініш келіп түскен екен. Сондықтан, саяси аренада жаңа саяси күштер пайда болып, өкілді органдарда жаңа депутаттардың болуы әбден ықтимал. Партия құру үшін бұрынғы межеден 4 есе аз 5 мың мүше жеткілікті болады. Бұл Парламенттегі партиялар санын көбейтеді. Санын ғана емес, бәсекелестік қабілетті арттырып, сапаны да көтереді. Президент пәрменіндегі түпкі мақсаттың бірі осы емес пе?

Қасымхан ҒАЛЫМ.

Басқа материалдар

Back to top button