Облыс әкімінің есебі қарсаңында

Жұмыспен қамту – жүйелі

Жұмыспен қамту – мемлекеттік саясаттың басты бағыттарының бірі. Бұл салаға бөлінетін қаражат та қомақты, сәйкесінше, нәтиже де зор. 2021 жылы Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017- 2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасын іске асыруға 6,7 млрд. теңге бөлінді. Жұмыспен қамту шараларымен 42 мыңнан астам адам қамтылды, оның ішінде, 37 мыңнан астам адам жұмысқа орналастырылды.

«Еңбек» бағдарламасының бірінші бағыты аясында кәсіптік оқытуға 1 690 адам жіберілді.

Екінші бағыт – «Бастау бизнес» жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздеріне 1 816 адам оқытылды. Жеңілдетілген шағын несиелеумен бағдарламаның 909 қатысушысы қамтылды. Оның ішінде, өз ісін ашуға 207 шағын несие берілді. Шағын несие мал шаруашылығына, өсімдік шаруашылығына, саудаға, жүк және жолаушылар тасымалына берілді. Бастапқы бизнесті іске асырушыларға немесе іске асыруды жоспарлаушыларға қайтарымсыз негізде 583,4 мың теңгеден 1 230 мемлекеттік грант берілді. Гранттар мал шаруашылығына, құрал-саймандар, еңбек құралдары мен жабдықтар сатып алуға берілді.

Үшінші бағыт бойынша жұмыспен қамтуға жәрдемдесу мақсатында субсидияланатын жұмыс орындарына 9 179 адам жұмысқа орналастырылды. Оның ішінде, әлеуметтік жұмыс орындарына – 751 адам, жастар практикасына – 1 041 адам, қоғамдық жұмыстарға – 7 254 адам, бірінші жұмыс орны – 132 адам, ұрпақтар келісімшарты – 1 адам.

Жұмыспен қамтудың жол картасы шеңберінде әлеуметтік объектілер мен тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық құрылысы бойынша 9 инфрақұрылымдық жобаны іске асыру қолға алынды. Оның жетеуі ауыспалы және екеуі жаңа жоба. Жобалар аясында 223 жұмыс орны құрылды. Бұл 105%-ды құрайды. Оның ішінде, халықты жұмыспен қамту орталықтары арқылы – 122 адам орналастырылды. Барлық қабылданған шараларды іске асыру жұмыссыздық деңгейін 4,6%-ға сақтауға мүмкіндік берді. Бұл республикалық көрсеткіштен 0,3%-ға төмен. 2021 жылы облыс бойынша атаулы әлеуметтік көмек алушылар саны 2020 жылмен салыстырғанда 1,3 есе төмендеді. 31.12.2020 жылы 23,8 мың адам болса, 31.12.2021 жылы 19,0 мың адам аталған көмекке ие болды. Бюджет қаражатының шығыстары 1,4 есе азайды. Мәселен, 2020 жылы – 1,8 млрд. теңге жұмсалса, 2021 жылы – 1,3 млрд. теңге. 2022 жылдың 1 қаңтарына әлеуметтік төлемдерге 1 316,6 млн. теңге бюджет қаражаты жұмсалды. Оның ішінде мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек 19 062 адамға жалпы сомасы 1 257,3 млн. теңгеге және 2 324 отбасыға жалпы сомасы 59,3 млн. теңге болатын тұрғын үй көмегі төленді.

Төтенше жағдай және шектеу іс-шаралары кезеңінде қауіпсіздікті сақтау мақсатында 2022 жылғы I тоқсанда жұмыс істеп тұрған барлық АӘК алушыларға автоматты түрде өтініштердің үлгісі әзірленді, үміткерлердің кірістерін қайта қарауды ескере отырып, өтініш берушінің қатысуынсыз АӘК тағайындау жүргізілетін болады. 4 және одан да көп кәмелетке толмаған немесе 23 жасқа дейінгі күндізгі оқу бөлімінде оқитын студент балалары бар көпбалалы отбасыларға арналған мемлекеттік жәрдемақы отбасының табысына қарамастан 46 760 теңгеден – 186 862 теңгеге дейін (4 баладан 16 балаға) сараланған мөлшерде төленеді. Аталған көмекті 18 122 көпбалалы отбасы алуда. Қазіргі уақытта облыста 67 319 мүгедектігі бар адам есепте. Бұл халықтың жалпы санының 4,9%-ын құрайды. Оның ішінде, 18 жасқа дейінгі 5 367 балада мүгедектік рәсімделген.

2021 жылы мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтік қолдауға облыс бюджетінен 1 млрд. теңге қарастырылды. 2021 жылғы қаңтардан бастап ондай жандар «Әлеуметтік қызметтер порталы» ААЖ арқылы техникалық оңалту құралдарымен және қызметтермен қамтамасыз етіліп келеді. Өткен жыл ішінде аталған портал арқылы оңалтудың техникалық құралдары мен қызметтерінің 29 мыңнан астам тапсырысы жүзеге асырылды. Облыста арнаулы әлеуметтік қызмет түрлерін көрсететін 11 арнаулы әлеуметтік қызметтерді көрсету орталығы, 1 күндізгі бөлімше, 1 оңалту орталығы, 70 үйде әлеуметтік көмек көрсету бөлімшесі, 3 өмірлік қиын жағдайға тап болған тұлғаларды қайтадан әлеуметтендіру орталығы жұмыс істейді. 2021 жылдың қорытындысы бойынша арнаулы әлеуметтік қызметтермен 10 164 адам қамтылды. Оның ішінде, 1 589 – мүгедек бала, 18 жастан асқан психоневрологиялық ауытқулары бар – 1 979 тұлға, 6 596 – жалғызбасты қарттар мен мүгедектер бар. Өмірлік қиын жағдайға тап болған тұлғаларды қайтадан әлеуметтендіру орталығында 316 адамға, Қарқаралы ауданының оңалту орталығы 320 адамға арнаулы әлеуметтік қызмет көрсетті. Орталықтардың жанында әлеуметтік патрульдің мобильді қызметтері жұмыс істейді. Сондай-ақ, 2021 жылы «Қарағанды облысының балаларға арналған арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығы» КММ күндізгі бөлімшесі 75 төсек-орынға дейін кеңейтілді.

Сонымен қатар, «Қарағанды облысы Қарағанды қаласының №2 арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығы» КММ жанында 18 жастан асқан психоневрологиялық аурулары бар адамдарға арналған 16 төсек-орындық күндізгі бөлімше ашылды. Былтырғы маусымда Балқаш қаласында мүгедек балаларға арналған оңалту орталығы құрылды.

Халықтың көші-қон саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыру аясында басқарма жұмыс берушілерге шетелдік жұмыс күшін тартуға рұқсат беру және (немесе) ұзарту және қандас мәртебесін тағайындау немесе ұзарту мемлекеттік қызметтерін көрсетеді. Өткен жылы осы бағыттағы 887 қызмет көрсетілді. Олардың ішінде 451-і шетелдік жұмыс күшін тарту бойынша, 436-сы қандас мәртебесін тағайындау немесе ұзарту бойынша орындалды.

Сондай-ақ, өткен жылы облыстық үш жақты комиссияның 12 отырысы және оның жұмыс тобының 13 отырысы өтті. Жыл бойы тараптар 31 мәселені қарады, оның ішінде, 11-і әлеуметтік еңбек сипатындағы мәселелер. «Парыз-2021» республикалық конкурсының өңірлік кезеңінің қорытындысы шығарылды. Барлық қатысушылар Алғыс хаттармен, сондай-ақ, облыстық кезеңнің жеңімпаздары облыс әкімінің грамоталарымен марапатталды.

Әсем ЖҮНІСПЕКОВА, Қарағанды облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы.

Басқа материалдар

Back to top button