Облыс әкімінің есебі қарсаңында

Айқын мақсаттан – нақты іске

Бұқаралық оның ішінде ең алдымен балалар спортын дамыту – Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына арнаған Жолдауында атап көрсеткен басым бағыты. Қарағанды облысында осы міндеттерді орындау үшін үлкен жұмыстар атқарылуда…

ТЕГІН ЖАТТЫҒАДЫ

Өңірдің 400 мыңнан астам тұрғыны спортпен шұғылданады. Олардың 145 мыңға жуығы балалар. Облыстың барлық аудандары мен қалаларында 46 спорт мектебі мен ұйымдары жұмыс істейді. Онда 33 404 адам тегін жаттығады. Өңірде облыстың 456 839 тұрғынын қамтитын 7 404 спорт секциясы жұмыс істейді. Соңғы екі жылда Қарағанды, Теміртау, Балқаш, Осакаров, Қарқаралы және Бұқар жырау аудандарынан мұның 339-ы ашылды. 2021 жылы Қарағанды облысында бұқаралық спортты дамытуға 4 млрд. теңгеден астам қаражат бөлінді. Бұл 2020 жылмен салыстырғанда 58,6%-ға артық. Өткен жылы мемлекеттік спорттық тапсырысты жан басына шаққандағы қаржыландыру енгізілді. Бүгінгі күні спорттың 24 түрінен спорт секциялары ашылды. Олардың екеуі мүгедектерге арналған. Қарағанды, Теміртау, Қарқаралы, Шахтинск, Саран, Абай, Бұқар жырау, Осакаров және Жаңаарқа аудандарында 10 000 астам бала тегін жаттығады. Халықты, әсіресе ауылдық жерлердегі халықты дене шынықтырумен айналысуға тартуда спорт нұсқаушылары үлкен рөл атқарады. 2021 жылы облыста осындай мамандардың саны 543 адамды құрады. Аудандарда 295 нұсқаушы жұмыс істейді. Спорт алаңдары мен залдар бос тұрмауы керек! Нұсқаушылардың басты мақсаты – осы. Бұл бағыттағы жұмыстар жалғасуда. Спорт басқармасы осындай мамандардың санын көбейтіп, оқытып, осылайша бұқаралық спортты дамыту секторларын дамытатын болады. Өңірде 500 мыңнан астам адам қатысатын 9 мыңға жуық спорттық-бұқаралық іс-шаралар үнемі өткізіліп тұрады. 2021 жылғы желтоқсанда халықты, әсіресе өскелең ұрпақты дене шынықтырумен айналысуға тарту жұмыстарын тиімді ұйымдастыру мақсатында, орталықтандырылған, бұқаралық және балалар спорты орталығы құрылды. Ол жан басына шаққандағы қаржыландыру бағдарламасы бойынша балалар мен ересек тұрғындардың қатысуымен өтетін спартакиадалардың, түрлі біріншіліктер мен басқа да іс-шаралардың ұйымдастырушысы болады.

7000-НАН АСТАМ МЕДАЛЬ

Қарағанды облысы жоғары жетістіктер спортында жетекші орын алады. Өңірде спорттың 100 түрі дамыған, оның 44-і – олимпиадалық, 1471 спортшы Қазақстан ұлттық құрамасына кіреді. 2021 жылы облысымыздың 22 670 өкілі түрлі дәрежедегі 661 жарысқа қатысты, олар 7 641 медальға ие болды, оның ішінде 2 489 – алтын. Қазақстанның 287 чемпионатында қарағандылықтар бірінші орындарды 670 рет иеленді! Халықаралық 129 біріншілікте спортшыларымыздың 120 жоғары марапаты бар. Айта кету керек, олардың ең жақсысына елеулі қолдау көрсетіледі. Ай сайынғы ақшалай қаражатты спорттың 20 түрінен 164 спортшы мен 98 жаттықтырушы алады, жылдық қаржыландыру сомасы төрт жүз миллион теңгеден асады. Сонымен қатар, чемпиондар мен жаттықтырушыларды ынталандыру мақсатында, облыс әкімінің жыл сайынғы сыйлығы тағайындалды, ол халықаралық аренадағы ең жоғары жетістіктері үшін төленеді. Олимпиадалық емес спорт түрлері бойынша 2021 жылы құрылған жоғары спорт шеберлігі мектебі (17 спорт түрі: грэпплинг, аралас жекпе-жек ММА, джиу-джитсу, киокушинкай каратэ, киокушинкай-кан каратэ, жауынгерлік самбо, жекпе-жек ұрыс, каратэ шинкиокушинкай, самбо, кикбоксинг, пауэрлифтинг, кір спорты, тоғызқұмалақ, қазақ күресі, спорттық акробатика, ушу және полиатлон) және Жекпе-жек өнері қауымдастығы Федерациялармен бірге тығыз байланыста жұмыс істеп, балалар мен жасөспірімдер кезеңінен өткен жастарға спортпен шұғылдануға, жарыстарға қатысуға және белсенді әрі салауатты өмір салтын ұстануға мүмкіндік бергенін айта кеткеніміз жөн болар. Себебі, спорт қана жастарды зиянды ықпалдар мен әдеттерден қорғауға қабілетті! Жаңа ЖСШМ қолдауымен спортшыларымыз көптеген республикалық және халықаралық жарысқа қатысып, медальдарға ие болды. Осы чемпиондардың жасөспірімдер мен жастарға үлгі болатыны сөзсіз. Қазір ЖСШМ-де 204 жас спортшы мен 27 жаттықтырушы бар.

ТЕҢ МҮМКІНДІКТЕР

Мүгедектер спортын қолдау мәселесі облыс әкімдігі мен басқарманың ерекше бақылауында. Бүгінгі таңда өңірде мүмкіндігі шектеулі 4086 тұрғын секцияларға қатысады. Қазақстан ұлттық құрамасына 92 спортшы кіреді. Облыста 450 адамды қамтитын мүгедектер спорты бойынша мамандандырылған мектеп жұмыс істейді. Олармен 22 жаттықтырушы-оқытушы жұмыс істейді. Мектепте спорттың 16 түрі дәріптеледі. Сондықтан, біз спортпен шұғылданатын мүгедек жандардың, әсіресе балалардың санын көбейту үшін барлық жағдайды жасауымыз керек. Бұл бағытта да үлкен жұмыстар атқарылуда. Қарағанды облысының әкімдігі мен «Тең мүмкіндіктер әлемі» ҚҚ арасында «Саламатты болашақ» әлеуметтік жобасы шеңберінде меморандумға қол қойылды, бұл ерекше балалардың спорт басқармасының залдарында, манеждері мен бассейндерінде тегін айналысуларына мүмкіндік берді. Қазіргі уақытта аутизмі және ақыл-ой кемістігі бар 92 бала таэквондо, хореография, бочче және жүзу секцияларында жаттығады. Жүзу, сөзсіз, қалыпқа келтіреді, сондықтан ең танымал. Осы оң факторды ескере отырып, 2022 жылға арналған мемлекеттік әлеуметтік тапсырысты іске асыру арқылы аутизмі және менталдық кемістігі бар 80 баланы спорттың осы түрімен айналысуға қосымша қамту үшін 49 миллион теңге бөлу көзделуде. Бұған бейімделген дене шынықтыру бойынша кәсіптік даярлау курстарынан өтіп, құрылған топтармен жұмыс істей бастайтын он жаттықтырушы тартылатын болады. Сондай-ақ, облыстық мүгедектер спорты мектебіне қосымша 100-ден астам баланы қабылдайтын жаттықтырушы-оқытушылар үшін 12 мөлшерлеме бөлінеді.

НАҒЫЗ ЖЕТІСТІК

Қарағанды облысында ұлттық спорт түрлерін дамытуға ерекше көңіл бөлінуде. Шұғылданушылар саны 45 мыңнан асады. Өңірде спорттың 10 түрі (тоғызқұмалақ, саятшылық, бәйге, жекпе-жек қазақ күресі, асық ату, қыз қуу, теңге алу, аударыспақ, көкпар, жамбы ату) дәріптеледі. Өскелең ұрпақ үшін «Қазақстан Барысы» алтын белбеуінің иегері атанған жерлесіміз Ержан Шынкеев, қазақ күресінен әлем чемпионы Айдос Ғалымов және басқа да беделді жарыстардың жеңімпаздары үлгі бола алады. Қарағанды облысында ұлттық спорт түрлерін, әсіресе ат спортын қарқынды дамыту 2021 жылы Дене шынықтыру басқармасы үшін басым міндеттердің біріне айналды. Мәселен, ұзақ уақыттың ішінде алғаш рет өңір аудандарынан келген ең перспективалы көкпаршылар үшін оқу-жаттығу жиындары ұйымдастырылды. Таразда көкпардан Қазақстан чемпионаты өтті. Қарағанды облысының құрамасы бірінші лигада II орын алып, жоғары лигада ойнау құқығына ие болды. Бұл нағыз жетістік еді. Біздің көкпаршыларымыз мұндай нәтижеге бұрын қол жеткізбеген-тін. Шет ауданының командасы көкпардан облыстық чемпионаттың жеңімпазы атанды. Қатысушылардың жалпы пікірі бойынша, жарыс жоғары деңгейде өтті және ешқашан мұндай ауқымды болған емес. Өңірлік біріншілікте өңір аудандарынан келген он команда жеңіс үшін күресті. Бұл өткен жылдары өткен облыстық чемпионаттармен салыстырғанда рекордтық көрсеткіш болды. Қаңтар айында аймағымызда ұлттық спорт түрлерінің қауымдастығы құрылды. Бұл қауымдастық – Қарағандыда өте жоғары деңгейде өткен және аймақ тұрғындарының қызығушылығын тудырған бәйгені ұйымдастыруға көп көмек көрсетті. Өткен жылдың 1 қыркүйегінен бастап Ә.Молдағұлова атындағы мектеп-интернат жанынан қазақ күресінен үздік спортшыларға арналған бөлім ашылды. Ұлттық күрес 16 спорт мектебінде дәріптеледі, онда 66 жаттықтырушының жетекшілігімен 2 483 адам жаттығады. Басқа да ұлттық спорт түрлері ойдағыдай дамуда, мұны облысымыздың өкілдері республикалық және халықаралық жарыстарда жеңіп алған наградалармен растай алады.

ҚАЛАЛАР МЕН АУЫЛДАРДА

Бұқаралық спортты дамыту үшін олжетімді спорттық инфрақұрылымның болуы, сөзсіз, үлкен маңызға ие. Тәуелсіздік жылдары облыста 67 ірі спорт нысаны салынды. Бүгінгі таңда 3 280 спорт ғимараты жұмыс істейді, оның 1267-сі ауылдық жерлерге тиесілі. 2021 жылы олардың саны 125 бірлікке артты – олар дегеніміз жаңа спорт кешендері, залдар, алаңдар мен корттар. Жыл сайын 40-тан астам спорт алаңдары орнатылады. 2021 жылы облыс қалалары мен аудандарында 100 жазықтықтық нысан орнатылып, рекордтық көрсеткіш орнады! Өткен жылы облыстық бюджет есебінен Ұлытау ауданының Қарсақбай ауылында 100 орындық дене шынықтыру-сауықтыру кешені пайдалануға берілді. Нұра ауданының Нұра ауылында «Samruk-Kazyna Trust» әлеуметтік жобаларды дамыту қорының қаражаты есебінен спорт кешені салынды. Қарағандыда жеке инвестициялар есебінен бес спорт залы бар Қ.Байшолақов атындағы спорт кешенінің құрылысы аяқталуда, ал Саран қаласында жабық футбол манежі орнатылған. Шахтинск қаласында бассейні бар 160 орындық, Ұлытау ауданының Жезді кентінде 160 орындық, Бұқар жырау ауданының Ботақара ауылында 320 орындық, Қарқаралы ауданының Егіндібұлақ ауылында 100 орындық ДШСК-ның, Нұра ауылында бассейннің, Нұра және Шахтерское ауылдарында жабық хоккей корттарының құрылысы жалғасуда. Сәтбаев қаласында жүзу бассейні мен стадионды қайта жаңарту жүріп жатыр, Қаражал қаласындағы стадионды жөндеуге қаражат бөлінді. Жоғарыда аталған жобалардың бір бөлігі «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы шеңберінде іске асырылуда, оның ішінде Осакаров ауданы Молодежный кентінің спорт кешенін күрделі жөндеу де бар. Қазіргі уақытта келесі жобалардың жобалық-сметалық құжаттамаларын әзірлеу және түзету жүргізілуде: Саран қ., Топар, Атасу, Сары-Шаған кенттеріндегі ДШСК, сондай-ақ, Шахтинск қаласындағы, Ақтоғай, Осакаровка, Ұлытау ауылдарындағы және Шахан кентіндегі жабық бассейндері. Екі жылдың ішінде өңіріміздегі 30 спорт нысанына жөндеу жұмыстары жүргізілді – бұл да рекордтық көрсеткіш. Ұзақ жылдардың ішінде алғаш рет «Барыс» және «Бригантина» спорттық-сауықтыру лагерьлері жөнделді. 2021 жылы облысымыздың спорттық инфрақұрылымын дамыту үшін жалпы сомасы 5 млрд.312 млн. теңге болатын жобалар іске асырылды. 2025 жылға дейін бірқатар ірі спорт нысандарының құрылысы жоспарлануда:

* Қарағанды қаласында 50 метрлік жабық жүзу бассейнінің құрылысы;

* Қарағанды қаласындағы «Күрес орталығы»;

* Қарағанды қ. жабық футбол манежі;

* Жезқазған қ. есу спорт түрлеріне арналған спорт кешені;

* Қарағанды қаласындағы гимнастика спорт кешені;

* Қарағанды қаласында ипподром құрылысы.

СПОРТ ПЕН ДЕНСАУЛЫҚ ЕГІЗ ҰҒЫМ

2022 жылы Қарағандыда дәрігерлік-дене шынықтыру диспансерін ашу жоспарлануда. Өйткені, қазіргі заманғы спорт – бұл, ең алдымен, денеге түсетін ауырлық. Чемпиондарымыздың барынша жоғары нәтижелерге қол жеткізуі және денсаулығын сақтауы үшін, олар жаттығу процесін сауатты түрде құруы және тұрақты медициналық бақылауда болуы қажет. Көптен күткен жаңа диспансерде қарағандылық спортшылар медициналық қызметтердің толық пакетін ала алады, кешенді тексеруден, оңалтудан өте алады, жоғары білікті мамандардың кеңестерін ала алады, бұл, олардың республикалық және халықаралық ареналарда өнер көрсету нәтижелеріне әсер ететіні, даусыз. Қарағанды облысында халықты белсенді, салауатты өмір салтына тарту жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Аймақ тұрғындары, балалар мен ересектер спортпен жақсы жағдайда шұғылдана алуы керек деген басты мақсатымызға жетуіміз керек. Мемлекет басшысы атап өткендей, 2025 жылға қарай мұндай азаматтар әрбір облыста кемінде 50 процентті құрауы тиіс. Ортақ күш-жігерімізбен Президент қойған міндетті орындаймыз деген үміттеміз.

Темірхан АБЫЛАЕВ, Қарағанды облысының дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы.

Басқа материалдар

Back to top button