Covid-19Коронавирус

Ревакцинацияға – тағы бір вакцина

Эпидемиологиялық ахуалды бағалау матрицасында өзгеріс жоқ. «Сарыда» Түркістан облысы ғана, басқа өңірлер «қызыл» аймақта. 24 қаңтардағы жағдай бойынша облыста 1 866 жаңа жағдай тіркелді. Ауырғандар саны 131 932 адамға жетті.

 

100 мың тұрғынға шаққанда сырқаттанушылық көрсеткіші – 9259,4. Мамандардың айтуынша, симптомдары бар науқастар үлесі – 82,4%, симптомсыз вирус тасымалдаушылар – 17,6%. Жалпы ел бойынша 23 қаңтарда коронавирус инфекциясының 11 340 жағдайы тіркелді. Ел көлемінде індет жұқтырғандар 1 157 681 адам болды. Ем алып жатқандар да аз емес. Кешегі күнгі мәлімет бойынша 152 058 адам коронавирус инфекциясынан емделуде. Олардың ішінде 10 107 пациент стационарда, 141 951 науқас амбулаториялық деңгейде ем қабылдауда. 386 адамның жағдайы ауыр, 124 пациенттің жағдайы өте ауыр, 71 науқас өкпені жасанды желдету аппаратына қосылған.

2022 жылғы 23 қаңтардағы мәлімет бойынша Қазақстанда коронавирус инфекциясына қарсы вакцинаның бірінші компонентін – 9 126 541 адам, екінші компонентін 8 690 027 адам салдырды. Облыста вакцинациялауға жататын, 18 жастан асқан 897 340 адам бар. Соның 616 429 адамы, яғни, 68,7% вакцинаның бірінші компонентін салдырса, 568 659 адам немесе 63,4% толық вакцинация курсынан өтті. Pfizer/BioNTech компаниясы өндірген «Комирнати» вакцинасымен 21 807 адам егілді. Сондай-ақ, бүгінгі күні облыс бойынша 79 093 адам иммунитетті көтеру үшін үшінші бустерлік дозамен ревакцинациядан өтті.

Қазіргі таңда ревакцинация үшін «Спутник Лайт» вакцинасы да қолжетімді. Облыстың денсаулық сақтау басқармасы таратқан мәліметке сәйкес, аймаққа 8 000 доза көлемінде «Спутник Лайт» вакцинасы жеткізілді. Аталған екпе 18 жастан асқан адамдарды ревакцинациялауға арналған. Вакцина аймақ көлемінде таратылып, қазіргі уақытта барлық емханаларда қолданыста бар. Сонымен қатар, ревакцинация үшін QazVac және Vero Cell вакциналарын қолдануға болады. «Спутник Лайтты» алғашқы вакцинация кезінде QazVac, Sinopharm, Hayat-Vac, Sinovac екпесін алғандар ревакцинациялауға таңдай алады. Ал, Pfizer шығарған «Комирнати» препараты жасөспірімдерге, жүкті әйелдерге және босанғаннан кейінгі әйелдерге, сондай-ақ қарт адамдарға (ревакцинация үшін) қолжетімді.

Облыс аумағындағы 115 вакцинация пункті бар. Жұмыс күндері сағат 08.00-ден 20.00-ге дейін, сенбі және жексенбі күндері сағат 09.00-ден 15.00-ге дейін жұмыс істеп тұр.

Жансая ОМАРБЕК.

Басқа материалдар

Back to top button