Руханият

Ардагерлерден кімді таныдыңыз?

Әлқисса, бұл сурет Қарқаралы қаласынан жетті редакцияға. Суретте – Қарқаралы ауданының соғыс ардагерлері. Екінші Дүниежүзілік соғысқа қатысып, кеуделері ерлік медаліне толы батыр аталар. Әкеліп, бізге табыстаған сол өңірдің тумасы, аузы дуалы ақсақал, Имам МЕЙРАМ қажы.

Айтуынша, 1995 жылы Құнанбай қажы мешітіне имамның көмекшісі болып келеді. Имам Мейрам қажы ағамыз ішкі істер саласында ұзақ жыл қызмет етіп, зейнетке шыққан соң, «аз да болса, еліме пайдам тисін, өзім де Құран нұрымен сусындайын» деп, медресеге барып, діни білімін толықтырады. Өзінің де жастайынан оқу-білімге, жаратылыс құпияларына қызығушылығы болғанын айта кету керек.

Бұл сурет қолына 1996 жылы Құнанбай қажы мешітінде наиб имам қызметін атқарып жүргенде түсіпті.

Мешіт жанында үлкен тас үй болған. Ол бұрынғы Пионерлер үйі деседі. Тәуелсіздікке қол жеткенде, иесіз жатқан екен. Бірде 9 мамыр мерекесі қарсаңында сол ғимараттан шашылып жатқан қағаз арасынан аудандық соғыс ардагерлерінің фотосуретін тауып алады.

– Суреттегі бейнелер көзіме оттай басылды. Олар осы киелі өлкенің ел қорғаған батырлары мен қазыналы қариялары, ақсақал, абыздары ғой. С.Рахымбеков, Ж.Мерсалимов, Қонақбаев, Ф.Әбдіраимов, Ш.Сатыбалдин, Ә.Төлеубаев, Ж.Сыздықов, Жүнісов, К.Кәрібаев, Б.Әбсәләмов және тағы басқалар. Оларға арнайы Құран оқып, сауабын бағыштадым, дұға тіледім, – дейді Мейрам қажы ағамыз.

Ақсақалдың айтуынша, бүгінде суреттегі ардагерлердің бәрі бақилық болған, жалпы, ауданда көзі тірі ардагер қалмапты. Бұл деректі облыстық ардагерлер кеңесінің мамандары да растап отыр. Мына ұжымдық сурет ыстық, әрі тарихи естелік екені сөзсіз. «Өлі риза болмай, тірі байымас» демекші, осы суреттен өз жақындарын таныған оқырмандар болса, редакцияға хабарласып, көшірмесін жасатып алуына әбден болады.

Жәлел ШАЛҚАР.

Басқа материалдар

Back to top button