АбайАймақ

Сәдуақас пен Имантай

Бұл екеуі де Баянауылды мекендеген қалың Қаржас руының Анай деген табынан тарайды. Соның ішінде Сәдуақас Мырзағұл атасынан, бабасы Шорман, әкесі Мұса да қарадан хан болып, патша заманында Баянауыл сыртқы округінің аға сұлтандығына сайланған адамдар. Осындай текті тұқымнан шыққан Сәдуақас та жасынан өнерпаз, ән – күйге әуес, ептеген ақындығы да бар, сегіз қырлы, бір сырлы сал – сері жігіт екен. Жасы ұлғайғанда ел оны «Сәкен ағай» деп құрметтеген. Ол қайда барса да жанына өзі тәрізді өнерлі жандарды ертіп жүретін көрінеді. Жолдастарына үнемі «Мені төресі бар үйге түсірмеңдер» деп ескертіп отырыпты.

Ал, Имантай да осал жерден емес. Анайда Жәдігердің мыңғырған мал біткен Сәтбайының баласы, тең атаның ұлы. Осы округтегі Ақкелін болысында ауылы аралас, қойы қоралас жатқан екі әулеттің балалары жас күнінен бір-бірімен тату болып өседі. Әсіресе, қатар құрбы, замандас Сәдуақас пен Имантайдың арасынан қыл өтпепті.

Бірде екі дос ел аралап жүріп Қуандық ішінде кие дарып, қасиет қонған Әлімшайқы дейтін кісінің үйіне түседі. Жас меймандарының жай-жапсарына қаныққан ақсақал оларды қойын сойып, қол қусырып күтіп алады. Балбыраған ет, сапырулы сары қымыз, мол дастарқан басында әңгіме-дүкен қызып жүре береді.

Сол сәт сырттан кірген үш-төрт жасар ер бала қолына ұстаған кір қожалақ екі бауырсағын дастарқанға атып жібергенде, олары Сәдуақастың алдындағы қымыз толы шараға топ ете қалады. Задында тәкаппар, кірпияз мінезді Сәдуақас Имантайға жалт қарап, «Мен саған төресі жоқ үйге түсір дегенім қайда?!» дейді ғой.

Сасып қалған серіге ол тағы да «Мына бала төре емей, кім?! Маған басқа ыдысқа жаңалап құйып беріңізші» деп шараяғын қымыз құйып отырған келіншекке қайтадан ұсынады.

Имантай болса, оны орта жолдан өз шарасына қотарып алып, екі бауырсақты асап жеп, қымызын ішіп қояды. Мұның бәрін Әлімшайқы байқап отырады.

Ас желініп, бата жасалып, қонақтары аттанар сәтте оларды тоқтатқан Әлекең қарт «Әй, Сәдуақас шырағым-ай, сәби періште емес пе еді? Сол ұсынған бақты басқа тепкендей болдың-ау… Енді саған бітейін деп тұрған шекесі торсықтай екі ұл мына Имантайға бұйырады. Әумин!» депті.

Айтқанындай-ақ, осы әулие қарияның батасы қабыл болып, болжамы да дәл келеді. Алғашқы қосағы қайтыс болған Имантай Сәдуақастың ағасы Жәржанның жесірі Әлиманды алып, одан Бөкеш пен Қаныш атты екі ұл көреді. Соның бірі әлемге әйгілі ғұлама ғалым Қаныш Имантайұлы Сәтбаев та, оның туған ағасы, қазақтың алғашқы зиялыларының бірі болған Бөкеш 1937 жылдың құрбаны болып кеткен. Ол туралы Қанағаңның өзі «Бөкештің қабілет-қарымы менен әлдеқайда артық еді» деп айтып отырады екен әр кезде.

Ал, Сәдуақас мырзаның жалғыз ұлы Мақсұт жастай шетінеп, өмірден ұрпақсыз өтіпті деседі үлкендер.

Әзірлеген Ержан ИМАШ.

АБАЙ ауданы.

Басқа материалдар

Back to top button