Көгімде қалықтады ақын әні

Балқаш қалалық С.Сейфуллин атындағы орталық кітапхана жүйесі №3 кітапхана филиалының меңгерушісі Ләйла ЫБЫШЕВА мен кітапханашы Құралай ТҰРҒАНБАЕВА аулада шара ұйымдастырды. Қ.Сәтбаев мөлтек ауданы №11, №12-үйлерінің ауласында оқырмандар Абай өлеңдері мен Қара сөздерін жатқа оқып, әндерін қосылып шырқады.

Сөз алған ұлағатты ұстаз Сәния Ағыбаева 1995 жылы Абайдың туғанына 150 жыл толуына орай Жидебай жерінде өткен мерекеден алған әсерін жиналған қауымға тебірене жеткізді. Сондай-ақ, жасы сексеннің сеңгіріне шыққан, баяғының сал-серілеріндей болған Нұрділда Шегіров ақсақал ақынның жыл мезгілін суреттейтін өлеңдерін жатқа оқыды.

– Абайды оқып-үйрену мектеп бағдарламасына енгізілген. Жастар Абайды зерделеу арқылы өткен замандағы, елдің жайын, халықтың тағдырын ой-арманын біле алады, – деді оқырман Разипа Бекежанова.

Жиналған оқырмандар арасынан ақынның өлеңдерін жатқа айтатындар қатары көбейіп, кештің көркін қыздыра түсті. Гүлбану Сманова мен Әсем Секербаева ақын әндерін нақышына келтіре орындап, зейнеткер Мейрамгүл Игембаева «Сегіз аяқ» әнін жеке дауыста әуелете шырқап, жиналған қауымды әнімен тербетті.

Орыс тілді оқырмандар – Валентина Константинова мен Лидия Сергеевна ақын шығармашылығын дәріптеу мақсатында ұйымдастырылған іс-шараға белсене қатысты.

Абай шығармаларының мағынасына терең бойлап түсіне алсақ, өткен заманды, елдің жайын, халықтың тағдырын, ой-арманын тани аламыз. Сол арқылы кейінгі мен бүгінгіні, келешегімізді де бағдарлаймыз.

Өмірбек ЕРМЕНБЕТ,

зейнеткер.

Балқаш қаласы.