Өлке жәдігерлері – өркениет өлшемі
Туып-өскен ортасын танып-білу – әр адамның азаматтық парызы. Алайда, кіндік қаның тамған топырақты жақын танып, өзің ержеткен өлкенің шежіресін тарқатып, тереңіне бойлау оңай іс емес. Қиын екен деп сырғақтау да – азаматтыққа сын. Жастайымыздан осы қағиданы берік ұстанып өскендіктен, өзіміздің киелі мекенімізге деген шексіз махаббаттың оты барда біз әрдайым қастерлі атамекенді ардақтауды өзімізге асыл борыш санап келеміз. Оның үстіне Алаш көсемі Әлихан БӨКЕЙХАННЫҢ туған інісі Смахан төренің шежіресін оқып отырып, небір тарихи оқиға, аңыз-әңгімелерді біле тұра ертеңгі болашаққа бұл жәдігер деректерді жеткізбесек, алтын арқауды үзген өзіміз болатынымыз анық.
Әңгіменің төркіні осыдан тура 274 жыл бұрын Қаздауысты Қазыбек бабаның ұйғаруымен, әрі батыр, әрі шешен Нұралы шекшек би 60 адаммен Түркістан билеушісі қырық сан көкжал Барақ ханнан еліне төрелікке 14 жасар баласы Бөкей бабамызды алдырып, «табаныңды жерге тигізбеймін, маңдайыңды күнге күйгізбеймін» деп Арқаға жеткізген оқиғасынан шығып отыр.
Смахан төре сол жазған шежіреде Бөкей бабамыз 71 жыл хан болып, 84-ке қараған шағында кенже баласы Әлеке байдың қолында қараша айында қайтыс болады. Сүйегі Босаға деген жерде (Кент тауларының іші) аманатқа қойылғаны айтылады. Өздеріңізге белгілі, кейін аманатқа қойылған Бөкей хан сүйегі Түркістандағы Әзірет Сұлтан кенесіне жерленеді.
Жуырда қасиетті бабалардың сол көне көмбесін өз көзімізбен барып көрейік, жақын танып білейік деп өлке тарихын зерттеп жүрген бауырларым Асылбек Алтынов пен Мақсат Тәңірбергенов келіп, Кент тауларына сапарлап қайттық. «Сабақты ине сәтімен» дегендей, тура жолға шығайын деп тұрғанда Бөкей бабамыздың кенже баласы Әлеке (Әбілмәмбет) байдың тікелей ұрпақтары Дос Мамытов ағай мен Мейіржан Елеуханов ініміз де келе қалып, Мақсат бауырымның баласы Әлихан бар, ертемен атқа қондық.
Алдымен Әлихан Бөкейхан, Шербина жазбаларына сүйене отырып, «Ханның қара төбесі» деп аталатын жерді бетке алдық. Күні бүгінге дейін «Қара төбе» атауы ұмытылмай, бабалар байыз тапқан қасиетті қорымға тез жеттік. Бұл киелі мекен қазіргі Бақты ауылының батысына қарай елдімекеннен 13-14 шақырым жерде орналасқан. Білгенімізше ата-баба аруағына дұға бағыштап, «бай ауылы» аталған көне көмбелерді еркін араладық. Ескі үйінділерге қарап, әжептәуір ауыл болғаны байқалады. Әсіресе, ұзындығы 35-36 қадам болатын, бөлме саны 10-12-дей болатын үй орны бізді қатты қызықтырды. Тіпті, топырақ арасында жатқан ыдыс сынықтарының бояуы әлі күнге дейін өшпей, күнге шағылыса жарқырап көрінеді.
Көптен бері өлке тарихына ден қоя зерттеп жүрген Асылбек бауырымыз: «Бөке білесіз бе, мынау жай шыны емес, фарфор ыдыстардың сынықтары» деп мәз боп жүр. Сонымен жігіттердің тұжырымдауынша, бұл жай үй емес, ханның ордасы осы деген тұжырымға келдік. Әлі де кәсіби тарихшылардың зерттеулерін қажет ететіні анық, дегенмен негізгі дәйектер аталған орынның үлкен хан ордасы болғандығын анық айғақтап жатыр.
Атымыздың басын әрі қарай Смахан төре жазбасында көрсетілген Бөкей бабамызды аманатқа қойған сөре тасын іздеу үшін Босаға қыстауына қарай бағыттадық. Босаға – Кент тауларының ішіндегі шұрайлы өлкенің бірегейі.
Смахан төре жазған «шөккен түйенің» үлкендігіндей төрт сөре тасты іздеп біраз жерді шарладық. Тапқандай да болдық. Дегенмен, оны да кәсіби тарихшылар нақытылауы керек. Біз барған Босаға қыстауы – Әлеке байдың баласы Нұрпейістің қонысы болар деп топшыладық. Себебі, қыстау басында «Ханның ордасына» лайық қоныстың орны айқын көрініп жатыр.
Ел бірлігі, тұтастығы, тәуелсіздігі үшін жан аямай тер төккен Бөкей ханның орта жүзге келіп, хан болғанына келесі 2023 жылы 275 жыл толады. Бұны жай ғана бір дата деп емес, мемлекеттігіміздің айқын да жарқын көріністерінің бірі деп қабылдауымыз қажет. Зерттеу жұмыстарын да кешенді түрде қолға алған жөн. Қарағанды облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының, облыстық, аудандық өлкетану музей қызметкерлері үшін бұл нағыз таптырмас зерттеу нысаны. Оның үстіне 2024 жылы Қарқаралы қаласының 200 жылдық мерейтойы иек астында тұрған уақытта, бұл тың зерттеулер өлке тарихына қажет аса құнды деректер болатыны анық.
Осынау тарихи орындар жайында, Қарқаралы өлкесінің шежіресі турасында аудан әкімі Ерлан Құсайын мырза да құлақтанып отырса деген ниетпен жазбамызды оқырман назарына ұсындық.
Болат АСАН,
Қазақстан Республикасы Білім беру ісінің үздігі, Ы.Алтынсарин медалінің иегері.