Кездесу

Жастар – мемлекет тірегі

Жастардың қоғамдағы рөлі – зор. Мемлекеттің дамуы да солардың қолында. Білімді де білікті мамандар әрдайым қажет. Ал, оқыған адам қашанда өз орнын табады. Осы тақырыпты мақсат етіп қойған қоғам белсенділері мен Қарағанды қалалық мәслихаттың депутаттары қаладағы жоғары оқу орындарында оқып жатқан студенттермен кездесу өткізді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт ТОҚАЕВТЫҢ 11 қаңтар күні «Қасіретті қаңтар» сабағы: Қоғам тұтастығы – тәуелсіздік кепілі» тақырыбында Парламент Мәжілісінің отырысында сөйлеген сөзін талқылап, пікір алмасты.

 

Қарағанды қаласындағы «Good zone» коворкинг-орталығында кәсіпкер, қаланың сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі қоғамдық кеңесінің мүшесі Нұрлан Әубәкіров, «OPTIMUS» ЖШС директоры, Қарағанды қалалық мәслихатының депутаты Марина Платонова, ІІМ Қарағанды академиясы бастығының ғылыми жұмыстар жөніндегі орынбасары Олжас Сейтжанов өз ойларын ортаға салып, қазіргі қоғамдағы жастардың роліне тоқталды. Кездесуде депутаттар мен спикерлер Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Парламент Мәжілісінде «Қоғамның бірлігі – Тәуелсіздіктің кепілі» тақырыбында сөйлеген сөзіндегі қозғаған бастамаларға, Отанға деген патриоттық сезім, кәсіпкерлікті дамыту және жастарды әскери қызметке шақыру туралы маңызды мәселелерге назар аударды.

– Бүгінде жастар өздерін қоғамды басқаруға дайындауы керек. Ал, бұл үшін терең білім мен тәжірибе қажет. Мемлекет басшысы қойған міндеттерді шешу – жастардың борышы. Ал, біз әрдайым жас ұрпаққа қолдау көрсетуге дайынбыз, – деді Нұрлан Әубәкіров.

Бүгінгі таңда полицияда кадр жетіспеушілігі артқан. Бұл туралы Олжас Сейтжанов:

– Әрине, тәртіп сақшыларының жұмысы қауырт. Маман жетіспеушілігі де бар. Оған қоғамдағы пікірлер де өз әсерін тигізуде. Дегенмен, әр елді мекеннің тыныштығы осы полиция қызметінің арқасында жүзеге асуда. Бүгінде, біздің академияға жастарды тарту жұмыстары жүріп жатыр. Сонымен қатар, қыздарды да тергеуші мамандығына оқыту жағы қолға алына бастады, – деді. Еркін әңгімелесу барысында жастар өз өмірлері, жұмыстары және жоспарларымен бөлісіп, ұсыныстар мен тілектерді тыңдады. Жиын соңында спикерлер жастарға қаланың қоғамдық-саяси өміріне белсенді қатысқаны үшін алғыс білдірді.

Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ.

Басқа материалдар

Back to top button