Қарағанды

Қарағандылық ұландар Елордаға жұмылдырылды

Нұр-Сұлтанда Рим Папасы Францисктің, сондай-ақ алыс және жақын шетел делегациясының қатысуымен Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының VII съезі өтті. Съезді өткізу кезінде қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздіктің сақталуын қамтамасыз етуге Ұлттық ұланнан 1800-ге жуық әскери қызметші жұмылдырылды.

 Елорданың қоғамдық тәртібін тиісті деңгейде қамтамасыз ету, сондай-ақ маңызды іс-шарада құқық бұзушылықтардың алдын алу және жолын кесу мақсатында Қарағанды және Көкшетау қалаларынан Ұлттық ұланның «Орталық» өңірлік қолбасшылығына қарасты 600-ден астам әскери қызметшілері жұмылдырылған.

– Елордаға әлемнің түкпір-түкпірінен қонақтардың келуіне байланысты қоғамдық орындарда, көшелерде, сондай-ақ мәдени-бұқаралық іс-шаралар өткізілетін жерлердегі қауіпсіздік шаралары күшейтіліп отыр. Мәселен, Рим Папасы Францисктің қатысуымен өтетін шараға бұқаралық ақпарат құралдарынан 3 мыңнан астам адам қатысқан. Қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету үшін Ұлттық ұланның 5510 және Қарағандылық 5451 әскери бөлімдерінің жеке құрамы келді. Олардың халықаралық көрмелерді, сондай-ақ басқа да ірі мәдени және спорттық іс-шараларды өткізу кезінде елордада құқықтық тәртіпті қадағалауда тәжірибелері бар. Себебі, бұған дейін ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесі және Елорданың 20 жылдық мерейтойы кезінде де арнайы келген болатын,дейді «Орталық» өңірлік қолбасшылығы қолбасшысының бірінші орынбасары, штаб бастығы полковник Нұрбол Міртаев.

Ал, 5451 әскери бөлімінің сарбазы қатардағы Диас Қайырбаев болса, осындай тарихи оқиға кезінде Елордада қызмет атқарғанына қуанышты екенін айтады. «Ұлттық ұланға келгеніме 9 ай болды, осы уақыт ішінде Жезқазған қаласына, жаңадан құрылған Ұлытау облысына Ел Президенті барған кезде қауіпсіздікті күшейтуге жұмылдырылған бөлімше құрамында болдым. Ұлттық ұландағы қызмет өте қызықты, күнделікті қызметтен басқа, мемлекеттік және халықаралық іс-шаралар барысында қоғамдық тәртіпті сақтауға үлес қосатынымды мақтан тұтамын» дейді ол.
Съезд кезінде құқықтық тәртіп әскеріне маңызды міндеттер жүктелді. Сондай-ақ, ұландықтарға Қазақстан Республикасындағы Ватикан қасиетті тағының елшілігін қорғауды жүзеге асыру тапсырылғанын айта кеткен жөн.

Жәлел ШАЛҚАР.

Басқа материалдар

Back to top button