Жаңалықтар

9. «Ескене»: еңбек майданындағы отыз жыл

Жаңаарқа – ежелден жылқысымен атағы жайылған өңір. Тіпті, бал қымызымен Гиннестің рекордтар кітабына енгені де бәрімізге мәлім. Десек те, соңғы жылдары аудан жұрты Зеңгі баба түлігін де көбейтуге күш салуда. Мәселен, Талдыбұлақ ауылдық округіне қарасты «Ескене» шаруашылығы әулиекөл мен қазақтың ақбас сиыры тұқымдарын өсіріп отыр. «Ескененің» асыл тұқымды шаруашылық мәртебесі бар. Соның арқасында аймақтағы сиыр малын асылдандыруға ықпалы елеулі. Аяқ жетер жердегі шаруалар жылына жүздеген тана-торпақты айдап әкетіп жатады.

Мерейтойлық репортаждар сериясының кезекті нысаны ретінде «Ескене» шаруашылығын таңдап алуымыздың тағы бір сыры бар. Сол сырды өлкеге өнеге қылсақ деп шештік…

«Ескене» 1991 жылы құрылды. Яғни, отыз жыл бұрын Көк Туымыз көкке көтерілгенде Талдыбұлақ азаматтары білек сыбанып, іске кірісті. «Мал баққанға бітеді» деген. Тынымсыз әрекеттің өтеуі – қазір дәулеті шалқыған ауылға тысқары жұрт қызыға қарайды. Айрандай ұйыған елдің әр ісін тамсана әңгіме етеді. Журналистің құлағы әрдайым түрік, «Ескене» жыл сайын бір отбасыға баспана салып беретінін ұзынқұлақтан естідік. «Отыз жыл бойы үзілмеген игі дәстүр» дейді білетіндер. Өнегенің төресі дедік біз!

Ауыл әкімі Ғанибет ҚАМИЕВ, ел ағалары – Әбүйірхан ТӨЛЕУОВ пен Қанат БАЙҒҰТОВ кезекті мәселені талқылауда.

ҚОЖАЛЫҒЫ КӨП АУЫЛ

Талдыбұлақ Жаңаарқа ауданының орталығынан 25 шақырым қашық жатыр. Мал өргенше жетіп алуды ұйғарып, қаладан ертелетіп аттандық. Әйтсе де, екі арадағы екі жүз шақырым әуреге салғанын жасырып қалмайық. Ой-шұқырынан тұяқты қойып, көз сүрінер жолда кібіртікпен алтын уақытымызды жоғалттық. Тіпті, кейбір тұста қарсы келген қос машина қатар өте алмастай көрінді.

Бұл жолдың бір басы Жезқазғанға тіреледі. Әрі – Ұлытау. Ұлытауды Мемлекет басшысының тапсырмасымен туристік мекенге айналдыруға кірісті билік. Дегенмен, әуелі «әп, піссімілләмен» жолды қолға алмаса, істің қиюы кетері анық…

Атасуға кіреберісте Әбүйірхан Төлеуов ағамыз қарсы алды. «Ескененің» басшысы. Отыз жыл бойы Талдыбұлақтың отымен кіріп, күлімен шығып жүр. Алақандай бөлімшені ауылдық округке айналдырған азамат. «…Ақсұңқар шашып жейді» деген қазақ нақылының тап осы азаматқа дөп келеріне кейінірек көз жеткізесіз…

Атасуды айналып, Талдыбұлаққа бет бұрғаннан-ақ көлігіміздің шоқырағы тыйылды. Табанымызда – тақтайдай жол. Сырғып келеміз. Әбекеңнің бірнеше жыл есік жағалап жүріп салдырып, республикалық маңыз әперген жолы – бұл. Қазір қысы-жазы жақын жердегі ел рахатын көріп отыр. Қар басса, күреледі, ойылса, жөнделеді. Бір тоқтау жоқ.

Тракторшы Жармұхамбет ҚАЖЫБАЙ бес жылдан бері егіс даласында еңбек етіп келеді.

Талдыбұлақ бұрын бөлімше еді. Ленин бөлімшесі. Бірақ, ел аузында «Ескене» дейді (қазір ауыл халқы «Ескене» атауын ресми бекітуге жұмыс жасап жатыр). Тоқырау жылдарында көрші маңдағы ауылдардың тоз-тозы шықты. Талдыбұлақ елжанды азаматтардың арқасында аман қалды. Аман қалғаны былай тұрсын, халқы көбейіп, 2018 жылы ауылдық округ орталығына айналды. Маңайдағы Ақтасты, Алғабас және Жаңа Алғабас ауылдары Талдыбұлаққа қарайды қазір. Мыңға жуық адам бар.

Әрине, Талдыбұлақ бір күнде ауылдық округ орталығы болып шыға келген жоқ. Мұның артында сіз бен біз басымыздан өткізбеген еңбек жатыр.

Әбүйірхан ағамыз қазақ тәуелсіздік алған тұста сайлы қызметін тастап, туған жеріне қайтып келді. Көздегені – әкесі қадасын қаққан ауылдың шаңырағын шайқалтпай ұстап қалу еді. Әке ісін лайықты жалғастыру жолында ұйқысыз түндер өткізді, күлкіден қалды. Абырой болғанда, айнымас серіктері жанынан табылып, қиналғанда қолтығынан демеу қылды.

Сол жылы Әбүйірхан аға Агробанкіден несие алды. Аз-маз емес, 6 млн. рубль. Ол кездің есебі бойынша дүниенің ақшасы. Бөлімшенің мал-мүлкін, мектеп, клуб, балабақша, басқа да әлеуметтік нысандарын сатып алды. Сөйтіп, ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кеткелі тұрған бөлімшенің іргесін бекітті. Бөлімшенің есебінен 19 шаруа қожалығын ашып, ауылдастарына техника, мал мен жерді таратып берді. Және олардың қатарға қосылуына жәрдемдесіп, қаржылай қолдау да көрсетіп отырды. Бүгінде сол 19 шаруашылықтың саны 102-ге жетті. Аудан бойынша қожалықтар санымен екінші тұр. Ауыл маңы шұрқыраған жылқы. Жұрт бие байлауды кәсіпке айналдырған.

Физика пәнінің мұғалімі Самат ТӨЛЕГЕНОВ 8-сынып оқушыларымен бірге.

ТҮТІНІ ТҮЗУ ТАЛДЫБҰЛАҚ

Бізді ауылдың беткеұстар азаматтары мектепте күтіп отыр екен. Мектеп демекші, бұл білім ордасының салынуына да «Ескене» шаруашылығының көмегі көптеп тиді.

Бөлімше мектебінің жайы белгілі. Бертінге дейін ауыл балалары 9-сыныптан кейін совхоз немесе аудан орталығында оқитын. Әбекең осы мектепке орта мектеп мәртебесін әперуді мойнына алды.

Тәртіп бойынша орта мектептің спорт залы мен шеберханасы болуы шарт. Осы екі ғимаратсыз орта мектептен дәмеңіз болмасын. Әбекең мектеп үшін әлгі екеуін де тұрғызып берді. Шаруашылық басшысының ісін көрген аудан басшылығы да қарап отырсын ба, орта мектеп мәртебесін тапсырды. Алайда, мектеп ғимараты ескі еді. Тіпті, сабақ үстінде төбесі құлаған кездері де болды. Мұны көрген аудан билігі жаңадан мектеп тұрғызуға шешім қабылдайды.

Бірақ, 2004 жылы басталған мектеп құрылысы 7 жылға созылды. Мектеп директоры Сәтбек Жанғұтов айтқандай, Әбүйірхан аға қамқорлық танытпаса, «сақалды» құрылысқа айналып, қарға-құзғын қонақтар жарға айналар ма еді, кім білген?! Бөлінген қаржысы қолды болып кете берген құрылыс 2011 жылы ғана бүлдіршіндерге есігін айқара ашты.

320 орындық мектепте 200 бала оқиды. Екі ауысыммен. Кадр тапшылығы жоқ. Сырттан көшіп келіп жатқан ұстаздар баршылық. Мәселен, география пәнінің мұғалімі – Оңтүстік Қазақстан облысының тумасы. Бүгінде талдыбұлақтық жеткіншектерді білімге баулып жүрген ұстаз келешегін ауылмен байланыстырып отыр.

Бұл әңгімеге біз мектептегі кездесуде қанықтық. Әбүйірхан ағамыздың серіктесі Қанат Байғұтов, ауыл әкімі Ғанибет Қамиев, клуб директоры Сері Дүйсенбин ауылдың өткені мен бүгініне қатысты әңгіменің тиегін ағытты.

Талдыбұлақ ауылы.

– 90-шы жылдары ешкімге оңай болған жоқ. Әбекеңнің бастамасымен сол жылдарда шатқаяқтаған шаруашылығымызды сақтап қалдық. Тіпті, әлеуметтік нысандардың тақтайын отынға, кірпішін құрылысқа әкетуге тырысқан жандар да болды. Клуб ғимаратының еденін бұзып жатқан ауылдасымыздың үстінен түсіп, әрең алып қалғанбыз, – деген Қанат Байғұтов сол жылдарды күле еске түсіреді. Құрылысы басталып, аяқталмай қалған клубты кейін Әбекең тұрғызып, халық игілігіне берген. Ал, заман түзелгенде мемлекет меншігіне қайтарыпты. Былтыр бұл клубқа бюджет есебінен 12 млн. теңгеге жөндеу жүргізілді. Қазір ауылда мәдени ошақ ретінде қызмет етіп тұр.

Ауылды ыдыратпай, сақтап қалған Әбүйірхан ағамыз «ел қолдамаса, менің жалғыз тыраштанғанымнан түк шықпас еді» дейді.

– Айналайын ауылдастарым маған сенім білдірді. Соңымнан ерген серіктерім болмаса түк бітірмес едім. «Жаяудың шаңы, жалғыздың үні шықпас» деген. Ауылдың үлкендері – Маткен, Төкен, Әкә, Пазкен, Қазкен, Қайпан, Откен, Ахан, Құсекен, Мекен, Сақан, Әләу, Қайкен, Әукен, Ыбыраһым әкелеріміз батасын берді. Жолдастарым – Елеукен, Қадыр, алдарыңдағы Қанат, Құрмаш, Қоңыс, Мұхамедия, Дулат, Рахат, Құрақпай, Мәулен, Ерен, Ермекбай, Мәжікен, Пайзыр, Әбдір, Жұма, Сұлутай әр ісіме лайықты қолдау танытты. Бәріміз бір кісідей тізе қосып, ауылымызды бүтін алып қалдық, – деген ел ағасының жерлестеріне ризашылығы шексіз.

«…АҚСҰҢҚАР ШАШЫП ЖЕЙДІ»

Мектептегі кездесуден кейінгі сапарымыз ауыл ішінде жалғасты. Ауыл әкімі Ғанибет Қамиев елге қызмет етіп тұрған бірқатар нысандармен таныстырды. Солардың бірі – аспалы көпір. Ауыл ішін жарып ағып жатқан өзен үстінен былтыр ғана салынған. Көптен күткен бұл көпір жиырма жыл бойы күн тәртібінен түспепті…

…2002 жылы Талдыбұлақ ауылы халқының жалпы жиыны өтеді. Бұл жиында мектеп тұрғызу, мешіт салу, жол жөндеу, әр үйге су кіргізу, жаңа электр желісін тарту сынды мәселелер көтеріледі. Көпір салу да сол міндеттер қатарында аталады. Және осы шаруаның бәрін атқаруды, ұйымдастыруды ауыл халқы Әбүйірхан Төлеуов ағамыздың иығына артады. Міне, бүгінде сол шаруаның бәрі уақытымен орнына келді. Ауыз су – үйде. «Ақбұлақтың» шарапаты тиді. Бағаналары өртеніп кеткен электр желісі жаңадан тартылды. Ауылда жаңадан тұрғызылған мешіт те бар. Ауыл ақсақалы Әбдіқадыр Көшмағанбетов – ескі мешіт құрылысының басы-қасында болған жан. – Біз алғашқылардың бірі болып 1993 жылы ауылда мешіт тұрғыздық. Құрылысын «Ескене» шаруашылығы жүргізді. Бұрынғы кеңсенің жанынан салынды. Осы мешітке арнайы оқытып, имам алдырдық, – дейді ақсақал. Кейін жаңа мешіт салынғанда ескі мешітке акушерлік пункт орын тепті. Осылайша, ғимарат әлі де халық кәдесіне жарап тұр.

Ауыл әкімі «Ескене» тарапынан тұрақты түрде жәрдем жасалып отырғандығын айтады.

– Әбүйірхан ағамыз бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі деген мәселеге салмақпен қарайды. Жыл сайын өтетін мерекелердің шығынан бөлек, ауыл жастарын қолдауға әрдайым дайын тұрады. Өзім көргенімді айтайын, соңғы бес жылдың ішінде бес адамға үй салып берді. Жаңадан көшіп келгендерге мал беріп, қаржылай көмектеседі. «Ескенеде» жұмыс істейтін жігіттердің шөбі, отын-суы тегін. Ауыл халқының санын көбейтуге ерекше назар аударады, – дейді Ғанибет Қамиев.

«Ескене» шаруашылығы үй тұрғызып бергендердің бірі – Аман Қоңыров. «Ескенеде» тракторшы болып жұмыс істейді. Он жылдан астам уақыт бұрын көшіп келген Аужекеңнің бүгінде Құдай берген төрт баласы бар. Шағын дәулетін күйттеп, еңбек етіп жүрген тракторшы ел ағасына дән риза.

Тракторшы Аман ҚОҢЫРОВ «Ескене» тұрғызған үйінің алдында.

ДИҚАНДАР – ДАЛА ТӨСІНДЕ

Жоғарыда айтып өткендей, «Ескене» асыл тұқымды мал шаруашылығы мәртебесіне ие. Бүгінде шаруашылық 800-ге жуық қазақтың ақбас сиыры мен әулиекөл тұқымын бағып отыр. Арнайы бордақылау алаңы тұрғызылған. Жыл сайын мемлекетке 110 бас мал тапсырады. Сондай-ақ, торпақтарды өзге шаруашылықтарға сатады.

Қазір қырда мал азықтық дақылдарды егу жұмысы қызып тұр. Қожалықтың шабындық, жайылым жерлерінен бөлек, 2 мың гектарға жуық егістік жері бар. Бұл жерге сұлы, арпа, бидай сынды дақылдар егіледі.

Биыл да мың гектарға дән себілмек. Тракторшы Жармұхамбет Қажыбай бес жылдан бері егіс даласында тер төгіп келеді. «К-700» тракторының тізгінінде жүр.

– Сұлыны сеуіп болдық. Енді арпа қалды. 150 гектарға себеміз. Алдағы үш-төрт күнде тәмамдаймыз. Ауа райы жылы қабақ танытса болғаны, – дейді жас жігіт.

Жалпы, «Ескенеде» жиырмадан астам адам еңбек етеді. Егіс даласында оншақты жігіт тер төгіп жүр…

ЕЛБАСЫНЫҢ АМАНАТЫНА АДАЛДЫҚ

Әбүйірхан ағамызға Елбасы екі мәрте тікелей тапсырма берді. Фермерлер съезінде ортаға шыққан Әбекеңе Нұрсұлтан Әбішұлы ауылды сақтап, әлеуметтік саланы ұстап қалуды тапсырды. Екінші рет агроөнеркәсіп кешені кеңесінде жүздескенде Арқа төсін, іргелес жатқан Бетпақдаланы малға толтыруды міндеттеді.

Әбекең Тұңғыш Президенттің қос аманатына да адалдық танытты. Ауыл – орнында, даланы жапқан мал елге құт болып құйылды.

Ел ағасының келешек жоспары да айқын. Ауданда сүт фермасын ашып, сүт фабрикасын қолға алмақ. Бүгінде Ресейден 250 сүтті сиырдың жеткізілуін күтіп отыр. Ел ырысы еселенер күн жақын…

Нұрқанат ҚАНАПИЯ.

Суреттерді түсірген Руслан ҚАЛИЕВ.

Басқа материалдар

Back to top button