Бас тақырыпКөкейкесті

Құлқыны кең “Казэнергоцентр”

Коммуналдық қызметте қысқартылған орысшасы «ОДН» деген ұғым бар. Қазақша қалыпқа салсақ: «жалпыүйлік қажеттілік» («общедомовые нужды») деген мағына береді. Электр желісіне қосылған әр көпқабатты тұрғын үй пәтерде және ортақ қолданыстағы орындарда тұтыну үшін белгілі бір мөлшерде электр қуатын алады. Пәтерде және ортақ қолданыстағы орындарда қолданылғаны жеке-жеке есептегіш құралмен өлшеніп, ай сайын ақысы төленеді.

Шамамен бұдан бір айдай бұрын осы мәселенің маңайында шу шықты.

Мәселенің мәнісі мынада: Анарқұлов көшесі, 5 мекенжайындағы көп қабатты үйде тұратын әр пәтер иесі бұрын ай сайын «ОДН» үшін шамамен 195 теңге төлеп келген. Сол көрсеткіш былтыр желтоқсанда шарықтап 811 теңгеге көтерілген. Егер қарапайым есепке жүгінсек, бір кіреберістегі 15 пәтердің әрқайсына орташа 50 квт электр қуатынан келеді, сонда 8 кіреберістегі 120 пәтер 6000 квт электр қуатын тұтынған болып шығады. Бұл не масқара?! Тұрғындар ашуға мінді.

Осы оқыс оқиғаға орай қала басшысы Қайрат Әбсаттаров арнайы кеңес өткізді. Оған қалалық мәслихат депутаты Раушан Қапарова, әлгі көпқабатты үйдің тұрғыны Аяна Мүкеева, журналистер және коммуналдық қызмет көрсететін мекеме өкілдері қатысты. Халық, атқарушы орган, монополистер арасында ашық әңгіме өрбіді. Қала басшысы: «Ай мен күннің аманында «ОДН» ақысы 4 есе өсетіндей алапат қайдан келді?» деп, сауалды төтесінен қойды. Электр желілері кәсіпорнының директоры Виктор Сотников те, «Казэнергоцентр» компаниясының өкілі де жарытымды жауап бере алмады. Өйткені, қолда нақты есеп-қисап жоқ еді.

В.Сотников мырза: «Бәлкім, қызмет ақысын уақытылы төлемейтін кейбір тұрғындар электр қуатын ағытып тастағасын, заңсыз қосылған шығар?» деген болжамын алға тартты. Олай болса, кейбір тұтынушылардың тиянақсыздығынан басқа тұрғындар неге зардап шегуге тиіс? Біреудің берешегін басқаның мойнына ілгенше, электр желілері кәсіпорны мен «Казэнергоцентр» компаниясының қызметкерлері әлгілерді анықтап, айып салдырмай ма? Сансыз сауал нақты жауабын таппай, бастамашыл топ «Анарқұлов, 5 мекенжайындағы тұрғын үйдің ортақ электр қуатын есептегішін тексеру керек» деген пәтуаға келді.

Бірақ, ол басқосуда «Казэнергоцентр» компаниясының өкілі қара көрсетпеді, ал, В.Сотников өзінің негізгі ойын былай өрбітті: трансформаторлық көмекші стансаға ортақ электр қуатын есептейтін құрал орнатылған. Содан пәтерлердегі және басқа тұтынушылар есептегішіндегі көрсеткішті алып тастағанда «ОДН» шығады. Оған кіреберістер мен оның маңдайшасын жарықтандыру, басқа тұтынушылар (домофон, интернет провайдері мен телефон операторы, жылу есептеу жабдығы, су тазарту аппараты, сыртқы жарнама, жертөлені жарықтандыру, «ұры» көрші, коммерциялық нысан, т.б.) кіреді.

Осының бәрін тексеріп көр? Қысқасы, бұл комиссиялық тексеру емес, соған ұқсайтын бірдеңе болып шықты. Есептегіштер қойылған трансформаторлық көмекші стансаны көрсетті. Ал, Анарқұлов көшесі, 5 мекенжайындағы тұрғын үй бір айда қанша электр қуатын тұтынды? Ондағы жеке пәтерлер мен коммерциялық тұтынушылардың үлесі қандай? Ең бастысы, «ОДН» бойынша бір айда артық жұмсалған қыруар электр қуаты қайдан алынды? Әр айдағы жер мен көктей көрсеткіш айырмашылығы қайдан шықты? Өзіңіз де сезіп отырған шығарсыз, сананы сансыратқан сан сауал дәйекті жауабын таппай қалды.

Жертөле мен кіреберісті тексергенде тұрғындардың қалтасын қағып, бір айда сонша электр қуатын опырып жіберетіндей керемет құрылғы көзге түспеді. Кіреберістің бірен-саран қабатында өлімсірей жанған шамдар электр қуатын құртып жарытпайтыны көрініп тұр. Ал, жертөлені жарықтандыру ұмытылғалы қай заман? Электр желілері кәсіпорнының қызметкерлері бастамашыл топты электр қуатын ұрлайтын тұрғындарды анықтауға тартуға ниеттенді. Амал жоқ, ол «Казэнергоцентр» компаниясы мен электр желілері кәсіпорны мамандарының міндеті екенін ескертуге тура келді. Тексерсін, тапсын, кінәліні заңмен жазалатсын. Қысқасы, бастамашыл топтың бұл ұмтылысы оң нәтижеге жеткізбеді.

Таяуда «Алтай-2006» пәтер иелері кооперативі Аманқұлов көшесі, 5 мекенжайындағы көпқабатты тұрғын үйдің кіреберіс есіктеріне төмендегі мәтінде хабарлама қыстырып кетті: «Назар аударыңыз! Құрметті тұрғындар, үйде жылудың үйішілік есептегіші істемейді, соның салдарынан барлық пәтер жылуға екі есе ақы төлейді. Ол есептегіштерге қызмет көрсететін «Горэлектросет» ЖШС (Есенберлина көшесі, 3). Жылумен-сумен жабдықтау кәсіпорнына мәліметтерді сол беруі керек. Бірақ, ол бірнеше жылдан бері мәлімет бермейді және есептегіштерді жөндемейді»

P.S. «Тұрғын үй қатынастары туралы» ҚР Заңына сәйкес тұрғындарға «ОДН» есептеуге қатысты электр қуатымен жабдықтаушы ұйымдардың іс-қимылы қолданыстағы заңнамада көрсетілген нормаға негізделуге тиіс. ҚР Азаматтық Кодексінің 189-бабындағы 1-тармағында егер заңнамалық актілер немесе келісімшартпен басқаша жолы қарастырылмаса, мүлікті күтіп ұстау ауыртпалығын меншік иесі көтеретіні, біржақты тәртіппен ондай ауыртпалықты үшінші тарапқа жүктеуге болмайтындығы айтылған. Сірә, бұл салада прокуратура мен басқа да қадағалаушы және тексеруші құзырлы органдар айналысатын шаруа шаш-етектен сияқты. Себебі, бұл жалғыз Жезқазғанның немесе бір тұрғын үйдің басындағы жағдай емес екені анық.

Әлібек ӘБДІРАШ.

ЖЕЗҚАЗҒАН қаласы.

Басқа материалдар

Back to top button