Өндірісті өрге сүйреген ана
Мыс толғатып, жез туған Балқаш өңірінде ертеректе, әйелдер қауымы зауытта белі қайыса жүріп ауыр жүк көтерді, темір мен кірпіш тасыды. Нәзіктігіне, жаратылысына мүлде қарама-қайшы қара жұмыстарды істеп, нардың жүгін арқалаған қаншама аналар болды. Солардың бірі Балқаш қаласында тұратын 75 жастағы металлургия саласының ардагері – Рәш ЖҰМАБАЙҚЫЗЫ. Өнегелі отбасының анасы өндірісте 33 жыл еңбек еткен. Оның ішінде, Балқаш мыс қорыту зауытының металлургиялық пештерді жөндеу цехында жұмыс жасап, зейнеткерлікке шыққан.
Өмірден алған тәжірибесі көп ананың жастарға айтар ақылы, берер өнегесі көп. Ерлермен иық тіресе жүріп, еліміздің дамуына үлес қосқанын мақтан тұтады.
– Біз жасымыздан еңбекпен өстік. Жұмабай әкеміздің қасында жүріп дала жұмысын да істедім. Шығыс Қоңыраттағы №18 мектепті аяқтаған соң тұрмысқа шықтым. Арқа сүйер азаматым Серғазы Айтмағамбетұлы екеуіміз 5 қыз, бір ұлды тәрбиеледік. Ұлым Мақсат өндірісте жұмысын жалғастыруда. 1972 жылы қалаға көшіп келдік. Сол уақыттағы қаланың коммуналдық мекемесі «Горкомхозда» еңбек еттім. 1982 жылдан бастап металлургиялық пештерді жөндеу цехында отқа төзімдеуші болып жұмысқа кірістім, – дейді Рәш апай.
Деректерге сүйенсек, Қарағанды облысының өндіріс алаңдарында 30 мыңға жуық қыз-келіншек еңбек ететін көрінеді. Мұндай ауыр кәсіпорында жұмыс жасаудың ауыртпалығын кейіпкеріміз жақсы біледі. Өзін өндірісте сынап, кәсіпорында ерлермен қатар жұмыс жасаған көпбалалы ананың айтары аз емес.
– Балқаш мыс шаһары болған соң жергілікті халықтың өмірі өндіріспен тығыз байланысты. Мен металлургиялық пештерді жөндеу цехында еңбек еткенде жұмыстың ауырлығын сезіндім. Көп адам шыдамай шығып кетіп жататын. Кірпіш тасимын, кірпіш қалаймын, қолыма күрек алып, лай араластырамын. Сонда бізге ерекше күш-жігер беретін металлургиялық пештерді жөндеу цехында Тишбек Нұрмағанбетов есімді білікті басшы болды. Еңбектің, жауапкершіліктің арқасында әріптестердің арасында сыйлы, ұжымның құрметіне бөлендік. Ерінбеген адамның ертеңі жарық. Айта кетейін, біз жұмыс жасаған жылы жүктелген міндеттер ауқымды, атқаратын шаруалар үлкен еді. Жетілдірілген технологиялық тәсілдерді өндіріске енгізу бағытында қыруар шаруалар жүзеге асты. Қаншалықты қиын да, күрделі болса да қолға алынған әстер тиянақты атқарылды, – дейді еңбек еткен жылдарын еске алған ана.
33 жыл өмірі өндіріс қабырғасында өткен Рәш Жұмабайқызы «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС Басқармасынан, кәсіпорынның қалыптасуына қосқан үлесі үшін және Қазақстандық мыс қорытылуына 85 жыл толуына орай естелік төсбелгісімен
марапатталған. Одан бөлек, Балқаш мысының алынғанына 75 жыл толғанда мерекелік медальмен награтталған. Алған Құрмет громатасы мен Алғыс хаттары да жетерлік. Мұны маңдай тер, табанақы еңбектің өтеуіне баладық.
Күміс алқа иегері, еңбек ардагерінің айтуынша, металлург мамандығы қай кезде болмасын ерекше кәсіп саналған. Зауытты көрген сайын іштей ризашылық сезімге бөленіп, бүгінге дейін сыр бермей айбыны асқақтаған металлургиялық пештерді жөндеу цехын жиі еске алады екен. Қазіргі таңда өсіп-өніп отырған ұрпақтың тәрбиесіне жете мән беріп, 12 немере, 16 шөберенің арасында бауырмалдықты сақтап келе жатқан әже болып отыр. Әйелдер қауымының халықаралық мерекесі қарасаңында құттықтай келген бізге, ұрпақ қамын, ел қамын жеген әулеттің анасы ақ батасын беріп, шығарып салды.
Нұрдос КӘРІМ.
БАЛҚАШ қаласы.