Коронавирус

«Елдің екпеге ықыласы таң қалдырды»

Ақпаннан басталған вакциналау келесі айда жаппай сипат алатын болады. Осы уақытқа дейін қатер тобына жататын медицина қызметкерлері, педагогтер мен тәрбиешілер, сондай-ақ, күштік құрылым қызметкерлері екпе алған еді. Осал топқа жататын созылмалы аурулары бар тұрғындар, егде жастағы адамдар екпе алуы үшін тұрғылықты мекенжайы бойынша емханаларға баруы тиіс. Вакциналау жолдары туралы №5 емхананың профилактика және әлеуметтік-психологиялық көмек қызметі бөлімінің меңгерушісі Раиса БОРЕВИЧ айтып берді.

– Екпе алғысы келген қарапайым адам әуелі не істеуі керек?

– Учаскелік дәрігерлер өз еріктерімен екпе алғысы келетіндердің тізімін жасап, бізге береді. Одан кейін біз оларға хабарласа отырып, топтастырамыз да, №3 емханаға жібереміз. Вакциналау орталығы дәрігерлерінің тексерісінен кейін екпе салынады. Оның өзінде адамдар көп жиналмауы үшін белгіленген уақытпен шақырылады.

– Ниет етушілер қатары көп пе?

– Күн сайын екпе алам деген бір­неше адам хабарласады, келіп жазылып кетеді, кейбіреулері DamuMed арқылы жазылады. Қазірдің өзінде 130 адамның тізімі жасалды. Бұлар – қарапайым адамдар, ешқандай топқа жатпайды. Мысалы, өткен сенбіде 5 адамнан тұратын отбасы мүшелері жазылып кетті.

– Олардың жас жағынан ерекшеліктері қандай? Екпе алуға көбінесе кімдер пейілді?

– Жас тұрғысынан алғанда – әртүрлі. Бірақ, негізінен 65 жастан асқандар көп келуде. Жастар аз. Бұл бір жағынан дұрыс та шығар. Себебі, үлкен адамдар қатер тобына кіреді ғой. Жалпы, халықтың вакцина алғысы келген ықыласы бізді таң қалдырды. Тұмауға қарсы, басқа да екпе кезінде қанша айтсақ та, шақырсақ та бұлай келмейтін. Қазір өз еріктерімен келіп, екпе алғысы келетінін айтуда.

– Тізімге енгізілгеннен кейін екпені қанша күтеді? Сол уақытта ұстанатын қандай да бір ережелер бар ма?

– Екпе алуға жазылғанымен, оны бірден алмайды. Қай күні алуы мүмкін екенін шамамен айтамыз. Нақты күні келгенде тағы хабарласып, уақытын хабарлаймыз. Ал, ол күнге дейін көпшілік жерлерге бармай, бетперде тағып, сақтық шараларын ұстанып жүруі қажет.

– Емхананың қанша қызметкері екпе алды?

– Бүгінде 90 адам екпе алды. Кезекте тұрғандар бар әлі. Әр қызметкердің жұмыс уақытын реттеп, 5 адамға толтырып жіберіп отырмыз. Әр адамның иммунитеті әртүрлі ғой. Бірақ, екпе алғаннан кейін вакцина әсерінен айтарлықтай асқынулар тіркелген жоқ. Бұлшық еттердің ауруы, сәл-пәл дене қызуының көтерілуі сияқты белгілер болды.

– Вакцинадан кейінгі учаскелердегі бақылау туралы айтып өтіңізші. Хабарласқандар болды ма?

– Вакцина орталықтары екпе алғандар туралы деректерді күн сайын жіберіп отырады. Учаскелік дәрігерлер өз аумағындағы адамға хабарласып, 3 күн ішінде қал-жағдайын біліп тұрады. Асқынулар немесе кері реакциялар тіркелген жоқ. Себебі, ондай жағдайда учаскелік дәрігерлер бізге хабарлауы тиіс. Жалпы, өзіңнің және жақындарыңның қауіпсіздігі үшін вакцина алған дұрыс.

– Сұхбатыңызға рахмет.

Сұхбаттасқан Жансая ОМАРБЕК.

Басқа материалдар

Back to top button