Бас тақырыпКөкейкесті

Делдалдың дәмесі – қожалықтың әуресі

Алтын бесік ауылда алдындағы азын-аулақ малымен жанын баққан қарапайым шаруалардың жағдайы мәз емес екені мәлім. Жалшы жалдап, айлық ақша төлейтін ірі шаруа қожалықтарын айтпағанда әрине. Содан да болар, қаладан жем тиелген жүк көлігі келсе және ол саудалаған жемін малға айырбастаса, тегін алғандай алақайлап талап алып жататыны. Қала берді оңтүстіктің алыпсатар саудагерлерін де құдасындай күтетіні тағы бар.

АУЫЛДАН ҚАДІР ҚАШПАСЫН

Ауыл десең атаңның саған жинаған асығы, әжеңнің жайған ежгей құрты мен тыққан кәмпиті еріксіз еске түседі. Көңілді кейітері сол ауылда қазір кім қалды? Мал өсірем деп бір жылдары төрт түлік алып фермер болмаққа талпынғандар 2 жыл демей қаладағы күйбең тірліктің көшіне қайта қосылды. Үйір-үйір жылқы алып, оны бағар жер сұратып, қос соқтырып жылқышы болам дегендердің де құрығы күресінде, жүгені босағасында ілулі қалды. «Екі қолға – бір күрек» деп жүргендердің көбі қаладағы қызметке шыдамай, айлықты азырқанған немесе несиеге белшеден батып фермер бола қоймаққа дайын-ақ тұрады. Несиеге мал алып, оны өсіріп 1 жылда төлін сатып, несиесінен құтылып, онан арғы өнімге шалқып өмір сүреді-мыс. Талпыныс, талаптану ешкімнің тонын шешіп алмайды әрине. Дегенмен, малды оның ішінде жылқыны бағу үшін дәл сол жылқының тұяғындай төзім керек-ау! Оның үстіне өзі төзімі түгесіліп жүрген жас фермердің баққан бірлі-жарым тоқтысын алыпсатар пысықтар арзанға сұраса тастап қашпай қайтсін?! Ауылдың қадірі қайда? Таяғына сүйеніп, тамыры үшін азын аулақ малынан айырылғысы келмей «баламның баласы ақ ішсін» деген қарияның тұрағы ғана болмақ па?! Бүйте берсек «ауылым» деп ат басын бұрар ата жұрттан ізіміз суып кетпесіне кім кепіл?

АЛЫПСАТАРДЫҢ АЙЛАСЫ

– Төрт түліктің жөні бөлек қой. Малды бақсаң мал да сенің жаныңды бағады. Қазір шетелге қыдыруға барып жүргеннің көбі фермерлер, алыпсатар саудагерлер. Сондықтан, мал бағудың ауыртпашылығына көнсең және оны өз ақылыңмен пайдалансаң одан артық жұмыс бар ма?! Әйтеуір өзің би өзің қожа ғой. Бірақ, бұлай шалқығандар санаулы. Ауылдағылардың көбі жасынан малдың қасында болған соң, өзге тірлікке тұмсығы батпайды. Санамызда малдан айырылсақ жаннан айырыламыз деген күдік бар. Оны жасырып қайтеміз. Сондықтан, көк жәшіктен «ет құны өсті, келісі пәлен теңге болыпты» дегенді ести сала қайраққа пышақ ала жүгіріп, қамдана бастаймыз. «Еттің құны өсті» деп жанымызды жұбатамыз. Иә өссе өскен де болар. Бірақ ақшаның құны да сол құрлым құлдырауда. Бізден келіп мал сұрайтындар көп алар (7-8 бастан асса) болса бағаны әжептәуір түсіреді. Сиырыңыздың көктемде туған баспағы күзде 150 мың негізі, оныңызды 100 мың десе қуанасың 90 мыңға ұялмай сұрайды. Жабағыларды 180-ге семізін 200 мыңға әрең алады. Енді кейде пысықтығымыз ұстап, ірілі-ұсағын араластырып саудаласақ, бәрінің бағасын бірдей түсіріп жібереді. Алыпсатарлар өз аяғымен келіп тұрғанда «сатпаймын, саудаңа көңіл толмады» десең кім көп, маңайда жайлау, қыстақ көп. Олардың шаруасы жай. Көбінде көліктері жоқ ауылдағы малмен отырған ағайынның. Барларына бар малды сойып сату машақат. Шалғайдағы қалаға бір апарғанда тек 1 ғана сиырмен не жалғыз жабағымен ғана шектелмейсің. Кемінде 5 мал сойып апару керек. Ал, малдың сұранысы артар уақыт ол соғым кезі. Қақаған қыстың саршұнақ аязында далада тісің-тісіңе тиместен мал сойып шек қарын тазалау оңай іс емес.  Сондықтан мал алушы алыпсатарлардың еріксіз айтқан бағаларына береміз, – дейді «Оразәлі» шаруа қожалығының жетекшісі Нұркен Ақылбеков.

Бұл алыпсатардардың негізгі әдісіне айналғандай. Олардың екі сөзінің бірі «Пәлен деген жерде тағы 1-2 мал тұр, салыстырып көрейік, қай ұнағанын аламыз» деп түлкі бұлаңға салуы. Осы тәсілмен бұзауынан бағып 300 мың теңгеге еріксіз сатқалы тұрған сиырды 280 мың теңгеге алып кетеді. Көктемде қысырақ бөліп, азан-қазан болған шақты ұмыттырып, айғыр қуып, тау-тас кезіп жоғалып, табаныңнан таусылып тапқан тайыңды 220 мыңға сұрайды, – деп сөзін ары жалғады «Оразәлі» шаруа қожалығының иесі.

АЛЫПСАТАР – БАЗАРҒА ТҮНЕП, ҚАЛЫП САТАР

– Ауыл шаруаларының еңбегі еленбейді. Асығыс келіп ақшасын қылтыңдатқан саудагерлер сіздің төрт мезгіл тер төккен еңбегіңізді қайтсін?! Тиімді, арзан бағаға қалаған шиманды малын ала қойса оның арманының орындалғаны. Сол алыпсатарлар осында келіп, аузыңақимай жиған адал ақы малыңның арасынан таңдап әлек салады. 30 бас жылқыны айналдырып, арасындағы жаясы жалпақ биені, шыбығының алды көрінген жабағыны көрсе жармасып қайдағы асылыңды сұрайды ғой. Және ол аздай, тергеп тексеріп, «қанша қазы береді? Ол анық па, кепілдік бар ма?» деп ығыр қылады өзіңді. Осылайша ол жақ бұл жағыңнан шығып, ақыры көндіреді арзан бағаға. Бермеске амал бар ма? Бала-шаға өсіп жатыр. Үй-күйі бар. Барлығына қаржылай қарайласу керек. Ел секілді Үкімет жұмысын істеп, ай сайын табыс тауып отырсақ бір сәрі. Осы малды жанға сауғалап жан бағып отырмыз. Оны ойлар саудагер бар ма? Әйтеуір, үйтіп-бүйтіп сойып алып қалаға базарға асығады. Кейіннен естиміз соларыңыз бізден 150-200-ге жылап тұрып әзер алған елі бармақ, екі елілік қазысы бар жабағыларды 270-тен кемге бермейді екен. Керек десеңіз базарда түнеп, таңғы саудамен ақыры ойындағы бағасына өткізеді, – дейді «Ата мұра – Үш кенже» шаруа қожалығының жетекшісі Сәрсенбай Сағындықов.

Бұлай егжей-тегжейлі сырға үңілудің де себебі бар. Қазір дүниенің барлығы қаржыға тіреледі. Делдалды құдасындай күткен ауыл жұрты, ауылға келген жем-шөпке де құлай жығылады. Өйткені малға айырбастап алуға болады. Кімнің қалтасында пора-пора ақша жүреді дейсіз?! Анығында ауылға апарып малға шағар 1 қап жарманың бағасы 2800 теңге. Кім 1 қаппен шектеледі. Ауыл алыс, қыс қарлы. Кемінде үй басы шамамен 50-60 қапты жайымен түсіріп алады. Ал, жем-шөпті ақшаға емес малға шаққанда мал құнын жоғалтады. Шөптің қымбаттығы мен қыстың қаттылығы қысқанда жас шаруа түгілі 40 жыл герой болған әйдік шопандар басымен қайғы болары сөзсіз осы тұста.

АЛЫПСАТАРДЫҢ АЛҒЫ ШАРТЫ

Бұл алыпсатарлар да ет пен сүйектен жаралған. Кім еріккеннен бәлен шақырым жер жүріп, аязға тоңып, «арзанға мал бар ма?» деп ауыл жағаламақ?! Олардың еңбегі де еңбек ақ! Жемнің қабы мен ту биенің аяғын буып, жылқы терісін пышақсыз ірегенде ауылда өскендігің естен шығады. Етке терінің қылшығы былай тұрсын «қан жұқтырмаймын» деп пышағымен қатар орамалы қатар жүреді тағы. Қасапшылық осы алыпсатарлардың қанына сіңген бе деп те қаламыз кейде. Ал, саудаласу және құндының құнын құлдырату алыпсатардың миссиясы. Сондықтан бұл сұраққа ортақ жүйе керек шығар.

– Етпен айналысқалы 5 жылдай уақыт өтті. Бәріміз ауылдан шықтық қой. Бұл кәсіпті бастағанда менің тышқақ лағым болмап еді. Бәрі бейнетпен келеді ғой. Қараша-желтоқсанның кезінен бастап семіз малдарды сұрастырып тауып, оны қожайынының соңына түсіп жүріп саудаласып сатып аламыз. Аяз, боран демей 7-8 бас сиырды сойып, шек қарынын қарға тазартып қалаға түнделетіп шыққан күндер әлі есімде. Таңертең базарға үлгеруіміз керек. Қиындығына төзсең әр кәсіптен нәсіп түседі ғой. Кім еріккеннен ел кезіп «алыпсатар» атанады дейсіз? Ауыл жұрты кейде үзілді-кесілді бағамызға ашуланып малдарын сатпай қояды. Оны да көрдік. Оларды түсінемін, адал ақы баққан малы арзан бағаға сатылғанда ішің ашитыны анық. Сондықтан, малды кәсіп қылған жандар сол малға Үкіметтен субсидия алады ғой. Сол шаруа қожалықтарына құзырлы орындардан күз сайын көліктер мен арнайы мамандар жіберілсе, базардың бағасымен малдарын сойып, етін келілеп алатын. Осы тұста ол малдың етінің таза екендігі де анықталады. Себебі төлқұжатпен өткізеді. Ал, төлқұжатта малдың жасы және екпесі белгіленеді. Сонда жүйе қалыптасып, тәртіп орнауы мүмкін, – дейді «Нұрперзент» ет шаруашылығының жетекшісі Мәулен Төлеубаев.

Саудагердің есіл дерті «өгізді өлтірмей, арбаны аман алып шығу». Бірақ, пікірі негізсіз емес. Не десек те, екі жақты бір байлам керегі шарт. Бір білеріміз әйтеуір ауыл малын алушылардың көбі алыпсатарлар екендігі анық. Бұл біздің болжам. Ал сіздің ойыңыз қандай құрметті оқырман?…

Жансая СӘРСЕНБАЙҰЛЫ.

Басқа материалдар

Back to top button