Бас тақырыпЖаңа Қазақстан

Трущобалық урбанизациядан Жаңа Қазақстанға дейін немесе «Қайырымды қала» қайырсыздары мен қайыршылары кімдер?

Сәуегейлік емес. Оқырманның есінде, сірә, есінде емес. Ауылдан қалаға жөңкіген жосықсыз урбанизацияның ақырын бұдан бұрын бір айтқанбыз. Бұның соңы жақсылыққа апармайтынын да. Сонда батылымыз барып, болжау да жасадық. Амал не, онымыз мына керең қоғамда «адасқан күшік секілді ұлып жұртқа қайтқан-тын». Енді, міне, «жындының айтқаны емес, сандырағы келді». Кешегі күрделі, қаралы күндер сол «сандырағымызды» ақиқатқа айналдырды. Ол ақиқат бұқараны алаңға алып шықты. Бүгін үш ай бұрынғы айтқанымызды тағы қайталауға мәжбүрміз. «Жосықсыз урбанизацияның соңы – әлеуметтік қақтығыс, шиеліністер, мәдени, рухани кедейлену, маргиналдану». Ал, оның қандай алапат күш екенін көрдік. Жайпап өтті. Стихиялық көші-қон – стихияға айналды. Қазір сарапшылар тарапынан сол толқудағы «маргинал» жастар жиі айтыла бастады. Бұл арада жалған намыс жүрмейді. Шындығында, ойланатын мәселе. Ол үшін, ең алдымен, неге маргиналдану тамырына зер салу қажет. Аурудың салдарымен емес, оның шығу ошағымен күрескенде ғана ем-дом шипалы…

Маргинал қайдан шықты?

Маргинал жастар бүгін немесе кешегі қаңтарда «жер астынан шыққан жік» емес. Жылдар бойғы шешілмеген әлеуметтік мәселелердің – «толайым жемісі». Қазақстан басынан өткерген күндерде елдің алаңға шығуында да осы бей-берекет көші-қонның да зор ықпалы бар. Жарылқайды дегендегі қаланың қарық қылғаны – таксист пен кассирлік. Одан қалды тиіп-қашпа жұмыс, бүгін бар, ертең – беймәлім. Басында лашығының жоқтығы – «қайғысына қайғы». Білім-біліктілігінің кемдігі – сорына сор. Ауылдан безгенімен шаһар бауырына баспады. Себебі, урбанизацияны қаланың жүйелеуге шамасы да, шарқы да жетпейді. Жұмыс, баспана бере алмады. Бұл екеуінсіз әлеуметтік мәселелер туындады. Шиеленіскен үстіне шимайлана түсті. Ал, мұның алдын алу мүмкін бе? Заңды сұрақ.

Ғалым Бақытжамал Еркінқызы: «Көптеген идеологтардың идеологиясы айқын болмауынан ұлттық саясаттан жастардың басым бөлігі тысқары қалды. Жас қазақстандықтар идеологиялық басымдықтарды өздерінше іздеуде. Мемлекеттік идеологиялар жастарды жұмылдыра алмады», – дейді.

Бақытжамал БЕКТҰРҒАНОВА, Қазақстан Республикасы Әлеуметтанушылар қауымдастығының төрағасы:

– Қазіргі заманғы демографиялық тенденциялар Қазақстан халқының үлесінің салмағы ауыл және маргиналды топтың пайдасына қарай өзгеруіне алып келеді. Бұл процестердің негізгі трендісі – жалған урбанизация. Ауыл тұрғындары қалаға жаппай қоныс аударады да, ал, мұндай саны көп халықты қалалық орта өзіне бейімдей алмайды. Керісінше мигранттар қала өміріне ауылдық тұрмыс-салтын алып келеді. Мұның өзі көптеген маргиналданған топтарды қалыптастырып, басты ұлттың бірігуіне нұқсан келтіреді. Мұның бәрі экономиканы жекешелендірудің жаңа циклын туындатып, оның тұрақты өзін-өзі қамтамасыз ететін өсуге көшуін кейінге қалдырады. Сонымен қатар, Қазақстанның жаңғыру жобасына да (мемлекеттік бағдарламалар), сайып келгенде, оның егемен мемлекет ретінде өмір сүруіне де қауіп төндіреді.

Ал, саясаттанушы Айдос Бәделдің айтуынша, жастарды мұндай хәлге жеткізген саяси жүйенің жауапсыздығы.

Айдос БӘДЕЛ, саясаттанушы:

“Қаңтар көтерілісіне маргинал жастар қосылды дегенге екпін түсіріп айтуға келіспеймін. Алайда, маргинал жастар ақылсыз, бассыз жастар емес. Қоғамда өз орнын ала алмай, таба алмай жүрген оқыған-тоқыған жастар да бар. Әрине, қазақ қоғамында маргинал жастар өндірісі жоқ, тұрақты жұмыс көздері жоқ, ірі-ұсақ қалаларда аз емес. Яғни, тұрақты жұмысы, кәсібі, не оқуы болмаса маргинал болмай қайтеді?! Қаңтар көтерілісінде сол маргинал жастар дүкен тонап жүрді. Оларды бір жақты кінәла, қылмыскер деп тану дұрыс емес. Олар да ел сияқты отбасында, әйел-баласының қасында жылы үйде теледидар қарап отырғысы келеді ғой. Ал сонда осындай жағдайға алып келген, алдын алмаған, жылдар бойы қоғамның жанайқайына құлақ аспаған саяси жүйенің жауапсыздығына, қылмысына кім жауап береді сонда?

Әлеуметтік мәселенің күрделенуі – бірден-бір саяси жүйенің жұмыс істеу қабілетінің төмендеуінен. Әрине, әлеуметтік мәселесіз қоғам, мемлекет болмайды. Алайда, біздегі жағдай осыған саяды. Әлеуметтік проблемалар шешімін табудың орнына барған сайын күрделеніп барады. Әлеуметтік әділетсіздіктің орын алуы – саяси әділеттіліктің болмауынан. Әділеттілікті саяси бәсекелестік тұрғысынан қарайтын болсақ, баламалы түрде сын айтылып, баламалы түрде саяси шешім шығарылатын не партиялық жүйе жоқ, не кәсіби Парламент жоқ. Жалғыз Президент қанша жақсы мәлімдеме, үндеулер, Жолдаулар жасағанымен, айтарлықтай ешнәрсе өзгермейді. Ол – саяси заңдылық. Оны ешкім жоққа шығара алмайды. Мемлекетті дамытатын бір адам емес (қанша ақылды, дана болса да), ол – саяси жүйе”.

«Әлеуметтік дискриминиацияны сезінеді»

АҚШ пен кейбір Батыс Еуропа елдерінде субурбанизация деседі. Халық ірі қалалардан қала шетіне, ауылдық елді мекенге көшіп жатқаны туралы дерек бар. Бірақ мұның бәрі ауыл шаруашылығымен байланысты емес. Өйткені, оларда қала мен ауыл өмірінің деңгейі бір-бірінен кем емес. Ауылдық елді мекенінің әлеуметтік-экономикалық ахуалы қаладан да асып түседі. Демек, оларға шулы, газды қаладан гөрі ауылда тұрған қолайлы. Себебі, барлық жағдайы жасалған. Әлбетте, біздің ауылдық жермен салыстыруға мүлде келмейді. Қазақстанда, жалпы, посткеңестік елдерде ауыл қай жағынан алғанда да қаладан 50-60 жылға қалып қойған. Екеуінің арасы жер мен көктей. Ауылдықтардың қалаға ағылуына да осы алшақтық – себеп. Сондықтан да, саясаттанушы Айдос Бәдел «Ауыл дискриминацияны сезініп отыр» дейді.

Айдос БӘДЕЛ, саясаттанушы:

“Ауылда күнкөріс барған сайын қиындап кетті. Жұмыссыздық. Мал, жер күтіміне шамасы келмейтін жағдайға келіп қалды. Қол жетпес бағадағы арнайы техникалар. Мал жем-шөбінің қымбаттауы. Көмірден бастап, тұрмыстық қажеттіліктердің еселеп қымбаттап жеткізілуі. Шын мәнінде, ауыл аздаған фермерлер мен қоры бар тұрақты қызметтегі адамдар үшін ғана жайлы орын. Көшу себебінің қатарында осылар да бар. Сондай-ақ, біріншіден, ауыл адамы «Қала үлкен, қалайда жұмыс табылады» деп ойлайды. Екіншіден, ауыл адамдары әлеуметтік дискриминацияны сезінеді. Яғни, қаладағыдай жоғары дәрежедегі мектеп, емханалар жоқ. Мысалы, дарынды балаларға арналған, «Назарбаев» мектебі секілді, тағысын-тағылар. Әрі қарай білімнің жоғарғы сатыларынан оқшау қалады. Таңдаулы жоғарғы оқу орындары, «Болашақ» бағдарламасы. Ауыл тұрғындары «2-сорт» сияқты қабылданады”.

Қазақ ел қатарлы қалада тұруы керек. Дамыған елдерде ауыл «фермерлік» түсінігінде. «Ауылым – алтын бесігім», «Ауылым – қазағым» деген сияқты сезімдік саясат басқа жағынан айтылуы дұрыс. Кезінде ұлт құрбандары болған Алаш қайраткерлері қаладан білім алды, қалада өсті.

«Жаңа Қазақстанда» «Жаңа Ауылға» орын бар ма?

Ауылды ұстап тұру арқылы көшті де тоқтатар мүмкіндікті әлемдік тәжірибе көрсетіп келеді. Әрине, оның бәрі сәтті деуге сыймайды. Дегенмен, әлем елдері деревняларын сақтап қылуға әрекет қылып жатыр. Біздің елде ондай жоқ. Германияны өткен жолы айтқанбыз. Осы мәселені зерттеуде ауылға көшіп, ауыл шаруашылығымен айналысуға ықылас білдіргенге шет елде мемлекет қолдау жасайтынын аңғардық. Арнайы жоба-жоспарлары жеткілікті. Айталық, АҚШ, Канада, Италия, Испания, Жаңа Зеландия, тіпті, Ресейде де бұған арналған бағдарлама бар.

Мәселен, АҚШ-тың 2/3 халқы ауылдық жерде тұрады деседі деректер. Дегенмен, ауыл шаруашылығымен айналысатындар үлесі 11 пайыз көлемінде екен.

Атақты «Бір қабатты Америка», адамдардың жермен айналысуы – ауыл өмірін қолдауға бағытталған мемлекеттік бағдарламалар нәтижесі. Бұл бағдарламалар үш блокқа бөлінген: тұрғын үй құрылысы, инженерлік нысандар салу, ауыл экономикасын дамыту. Осы орайда ауылдағы үйін жөндеу үшін 20 жылға жылдық пайызы 1% – 20 мың АҚШ долларынан аспайтын несие беретіндігін айтып өткен жөн. Ауыл шаруашылығы министрлігі, сонымен бірге, ауылда үй салуына да несие қарастырған. Канадада ауыл тұрғындарын қолдау үшін Home Grown Solutions бағдарламасы жұмыс істейді. Мұнда бірнеше отбасына грант берледі. Ол үй салуды, жөндеуді қарастырады.

Енді Италияны алайық. Италияның ең тұрмысы төмен аймағы Молизеге көшіп келгісі келген тұрғындарға сол облыстың әкімшілігі адам басына ай сайын 700 еуродан (теңгемен 341 мың теңге) қаражат төлейді деседі. Үш жылда 24 мың еуродан аспауы тиіс көрінеді. Көшіп келушіге қойылатын талап – шағын қалаға орналасып, онда өзінің бизнесін ашуға міндетті. Бұдан қала әкімшілігі де құр қалмайды. Оған инфрақұрылымды дамыту үшін ай сайын мемлекет 10 мың еуро бөледі. 10 мың еуро теңгеге шаққанда – бүгінгі бағаммен 4 млн. 880 мың теңге.

«Жаңа Қазақстанда» «Жаңа Ауылға» орын бар ма екен?!

Түйін

Қаңтар қасіреті туралы әлем ойда. Дос сынап, дұшпан табалап, жанашыр азайған сәт. Әйтеуір, әлем Қазақстан туралы түрлі пікірде. Қазақстанның жер шарындағы саяси сахнадағы имиджіне де нұқсан келгені шындық. Бір кездегі тұрақтылық деп ту қылған түсінік бір-ақ күнде тас тиген әйнектей шытынап шықты.

«Жаңа Қазақстан» жиі ауызға алынып, көп айтылуға айналды. Оның байыбына барған да, бармаған да бар. Жаппай жамырап жүрміз. Ол қандай Қазақстан? Мүмкін қаңтарға дейінгі, қаңтардан кейінгі Қазақстан шығар?! Әлде «Жаңа Қазақстан» әл-Фараби айтқан «Қайырымды қала» ма?! Әділдігі көп, Әділетсіздігі мүлдем жоқ. Бір-біріне қайыр жасайтындар тұратын мемлекет пе? Білмейміз, әзірге «Жаңа Қазақстанның» нақты анықтамасы жоқ. Ішкі ойымыз ғұламаның «Қайырымды қала» дегеніне бейім. Сонда «Қайырымды қала» қайырсыздары мен қайыршылары кімдер?! Бұл – ең бірінші кезекте ойланатын мәселе…

Қызғалдақ АЙТЖАН. 

Басқа материалдар

Back to top button