Жаңалықтар

50 мыңға жуық қазақстандық өзін банкрот деп жариялау туралы өтініш берді

Елімізде банкрот мәртебесін алуға өтініш қабылдау жалғасып жатыр. Осы уақытқа дейін 49 113 азаматтан өтініш түсті. Бұл туралы Қаржы министрлігі мемлекеттік кірістер комитеті берешекпен және дәрменсіз борышкерлермен жұмыс басқармасы басшысының орынбасары Меруерт Сисембаева мәлім етті, деп хабарлайды ortalyq.kz ҚазАқпарат сайтына сілтеме жасап.

– 3 наурыздан бастап елімізде азаматтардың өзін банкрот деп жариялауға өтініш қабылдана бастады. Бүгінгі жағдай бойынша 49 113 азамат банкрот мәртебесін алуға өтініш берді. Өтініштер қаралып жатыр, дегенмен басым бөлігі бойынша бас тартылып жатыр. Статистикаға сүйенсек, 36 мыңға жуық азаматтың өтініші кері қайтарылды. Ал 6058 клиенттің сотсыз банкрот атану өтініші рәсімделді, – деді Меруерт Сисембаева мемлекеттік кірістер комитетінің Instagram парақшасында өткен тікелей эфир барысында.

Оның айтуынша, өтініш 15 жұмыс күні ішінде қаралады. Оған құзырлы мемлекеттік органдар және кірістер комитеті жауапты.

– Банкрот атануға ниет білдіргендер қойылатын талаптардың бірі соңғы 12 ай ішінде төлем бойынша берешегі болмауы тиіс. Жоғарыда айтқанымдай, 36 азаматтың өтініші қанағаттандырылмады, соның ішінде 55%-да берешегі бар болып шықты, сондықтан да бас тартылды. Осы орайда клиенттер банкрот атануға өтініш берер алдында қажетті мәліметтерді кредиттік бюродан алдын ала біліп алса дейміз, – дейді ол.

Бұған дейін Қаржы министрлігі банкрот мәртебесін алуға берілген өтініш қанағаттандырылмай, бас тартқан жағдайда оның себептерін жою үшін құзырлы мемлекеттік органдарға жүгінуге болатынын хабарлаған еді.

Еске салайық, биыл 3 наурызда елімізде банкроттыққа өтінім қабылдау басталды. Аталған процесс туралы толығырақ осы сілтеме арқылы танысуға болады.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button