Жаңалықтар

Таразының басында – адалдық пен әділдік

Қазыбек би ауданының №2 аудандық соты. Судья Ардақ ШАЙМЕНОВА кезекті ісін қарауда. Ол осы жолы ұзаққа созылған істің нүктесін қойып, қорытындысын жасауы керек. Және қандай шешім қабылдайтынын білетін сияқты. Себебі, мұның алдында ол оншақты куәні, сот-психикалық медициналық сарапшыны, талапкер мен жауапкердің сөздерін тыңдаған. Енді соңғы шешімі заңдық тұрғыдан да, адами тұрғыдан да дұрыс болуы керек…

Істің мән-жайы былай: 85 жастағы В.Шушкина (аты-жөні өзгертілді) – жалғызілікті жан. Туыс атаулыдан бары – Ресейде тұратын жиені С.Рыжков (аты-жөні өзгертілді). Қарттың үйі – бірнеше айға созылған сот отырысының басты себебі. Мұндай жағдайлар әдетте қалай болушы еді? Сүйенерге ешкімі жоқ, жалғыз жанның көңілін аулап, сеніміне кіру оңай. Қамқорлық танытқан С.Рогулиннің (аты-жөні өзгертілді) көздегені әжептәуір жер телімі бар үй екені оны сатып, иесін қарттар үйіне апарып тастағанда бір-ақ белгілі болды. Ол әжейге үйді жер телімімен өз атына мұрагерлікке бергізіп қол қойдырады, тура сол күні үйді сатуға сенімхат жаздырып алып, үйді сатып жібереді. Бұл жерде назар аударатын ең басты жайт – қарт адамның өз әрекеттеріне жауап бере алмауы. Яғни, ол қарттық деменция салдарынан аталған келісімшарттарды жасау кезінде өзінің әрекетінің мәнін толық түсінбеген болып шығады. Сот-медициналық сараптама қорытындысы оны дәлелдеп берді. Соңында судья қос тараптың ұсынған дәлелдерін саралап, заң негізінде соңғы операциялардың күшін жою туралы шешім шығарды. Ардақ Болатқызы өзінің бұл шешіміне іштей риза. Ол оны жасырған да жоқ.

***

– Іс жүргізу барысында қарттар үйіне барып, әжейді көзбен көріп қайттым, – деді ол сот процесінен кейін.

– Оның психикалық ауытқушылықтары көрініп тұрды. «Үйіме қайтқым келеді» дегеннен басқа ештеңе айтқан жоқ. Үйіне қайтқысы келетін адам бөтен біреуге үйін мұрагерлікке беріп қана қоймай, оны сатуға келісім беріп, өз еркімен қарттар үйіне келе ме? Жауапкер тараптың құжаттары емес, ниеті дұрыс емес. Олар аппеляциялық шағым жазғанымен, жоғары инстанция біздің шешімнің дұрыстығын тағы бір мәрте растады. Әлбетте, кез келген әрекеттің мәнін білдіретін – әуелгі ниет. Ардақ Болатқызының қарт адамға көмектескісі келген ниетінен бе, В.Шушкина кенеттен анықталған коронавирустан айығып, қант диабеті салдарынан екі аяғынан айырылып қалса да, іс соңында өз үйіне жетті. Өкініштісі, қазір мұндай істер жиілеп кеткені.

– Біз азаматтық-құқықтық қатынастарға қатысты барлық істерді қараймыз. Мәселен, отбасылық қатынастар, жұмыс беруші мен жұмыскердің, түрлі сипаттағы келісімшарттар болуы мүмкін. Қазір біздің жұмыс айтарлықтай жеңілдеді, іс әлі де онлайн жүргізіледі. Осыдан 5-6 жыл бұрын 250 іс қарайтын едік, қазір бір судья 50 іске дейін қарайды. Әр істің категориясына қатысты процессуалдық мерзімі бар, максимум – 2 ай, – деп түсіндірді Ардақ Шайменова.

Ұққанымыз, жалпы сот процестері ұзақ уақыт алады екен. Әуелі іс қабылданады, оған 10 күн беріледі, 20 жұмыс күні – дайындық, істі қарауға 2 ай, әрі қарай ол іс заңдық күшіне ие болса, тағы 1 ай. Соңында тараптар қарсылық білдірсе, шешімді жоғары тұратын инстанция қарайды. Соттасқаннан гөрі татуласқан жөн бе деп қаласың. Судьялардың өздері де медиаторлар, татуластырушы судьялар арқылы дауды ортақ мәмілемен шешуге кеңес береді. Ардақ Болатқызының айтуынша, кез келген судья шешім қабылдағанда ең бірінші заңға, сосын нақты дәлелдерге, одан кейін ішкі көзқарасына сүйенеді.

– Бұл туралы Азаматтық-процессуалдық кодексте де жазылады. Біз бәріміз де адамбыз. Кей жағдайларда заң бойынша сенің шешімің дұрыс, бірақ, әділетті емес сияқты болып тұратын кездер болады. Ол шешімді тек жоғары тұрған инстанция өзгертпесе, біз оған ештеңе істей алмаймыз. Яғни, іс қарағанда өз ойымыздан заң шығарып, өзіміз қалаған шешімді қабылдай алмаймыз. Біз заңды қолданушылармыз. Онда қалай жазылса да соны басшылыққа аламыз. Осы екі принцип – заң мен әділдік бір жерге тоқайласуы керек, – деді судья. Судья үшін таразының екі басы – адалдық пен әділдік тең түсуі маңызды.

Жансая ОМАРБЕК.

Басқа материалдар

Back to top button