Жаңалықтар

Алты Алаштың бір бұтағы – Ақтоғай

Ақтоғай – абыз бабалардың, баһадүр батырлардың, дара тұлға данышпандардың ту тіккен ордасы. Елін даудан қорғаған данагөй билер Қараменде, Шабанбай, Сана жерін жаудан қорғаған баһадүр Жалаңтөс, Жидебай, Сеңкібай, Ағыбай батырлардың – атамекені. Алашорда ұлттық территориялық автономиясын құрған Алаш арыстары Әлиханның, Жақыптың, Әлімханның кіндік қаны тамған жер.

Екінші Дүниежүзілік соғыстың екі бірдей қаһарман батырлары Нұркен мен Қазбектің туған жері. Еңбегімен елінің даңқын асырып, ер атанған Сәтібек пен Түсіптің, Маубас пен Мұқадидің және Бәшірдің ата-бабаларының қонысы болған жер. Қазақ өнерін Қытайға дейін жеткізген дарабоз әнші, ақын, сазгер Әсет пен философ ақын, ел билеген қайраткер Нарманбеттің, айтыс өнерінің ақберені Шашубай мен Кенішбайдың, Кремльдің сахнасында қазақ өнерін құдіретке айналдырған Күләш пен Манарбектің, домбыраның қос шегімен қазақтың күй мұрасын Италиядан бастап Қытайға дейін әлемге мойындатқан Мағауияның, қыл қаламның хас шебері, суретші Сахидің, би падишасы атанып, Ресей сахнасын бағындырған Алтынайдың, сақ патшасы Алтын адамды топырақтан аршып алып, әлем көрмесіне шығарған Қырымның ата қоныс, туған жері.

Ақтоғай – «Беғазы тауының бауырында Манастың Аққұла аты күндіз жайылып, түнде төбесіндегі тас астаудан су ішкен», –  деп Ә.Марғұлан жазба қалдырған. Қола дәуірінің тас қорғандары алғашқы мемлекеттіліктің нышанындай, Бегазы мавзолейлері мәңгіліктің мекеніндей, Желтау, Қошқар, Қарашоқы, Кенелі тауларындағы тасқа қашалған таңбалары көне дәуірдің тарқатылар шежіресіндей болған жер. Ақтоғай – Көрпетай тауының алқымында сақ дәуірі патшаларына ас берілген, 37 батыр кешені мен аспан шырақтарын зерделейтін обсерваторияның алғашқы нұсқасын бедерлеген «Мұртты обалары» сақталған, Қызыларай, Қосшоқы, Қызылтас, Беғазы мен Көктас, Молақ тауларында көк түріктің «бұл жер сендердің ата жұрттарың болған» дегенді айқындап қаптатып жерге қадаған тас мүсіндерін қалдырған, Жіңішке өзені жағасында Дешті Қыпшақтардың діни мешіттерінің сұлбалары сақталған. Ақтоғай-Кенелі тауында Жошы ханның құлан аулап жүріп жақпар тасқа аты жазылған. Тоқырауын бойында Абылай хан кеңес өткізген, Желтаудың аңғарында Бөкейхан ұрпағы Әлиханның кіндік қаны тамған. Ақтоғайдың Ақсораңдай заңғар биігі жердің бетін бұлтқа жалғап, көкке көтерген. Қызыларайы бай тарихымен, әсем табиғатымен көрік береді Арқаға. Тоқырауыны тоған суымен ғана өсетін тұқымы дара, дәні баданадай ақ бидайымен әр шаңырағының ақ дастарханының бағын ашқан жер ананың қазыналы жерұйығы іспеттес. Ақтоғай – ЕртісАрал суайрығының беліндегі Қайдауыл – Шеруке тауынан теріскейінде Нұраның оңтүстігінде биіктігі 25 метрге жуандығы 3 құлашқа жеткен ағаш біткеннің жер бетіндегі патшасындай болған сарытерегін арнасында өсіріп, Балқаш қаласы тұрғындарының шөлін тұщы суымен қандырып отырған Тоқырауын өзеніне бастау берген. Көкше көлмен 200 шақырымнан астам шектесетін жағалауында жер шарында өте сирек өсетін тораңғы ағашы жерсініп, тоғайға айналған. Бектау атада 50 метрге созылған қияметтік тас үңгірі орналасқан. Қызыларай тауында аюлар, Ақсораңда сілеусіндер, Көкше көлдің қалың қамысында Тұран жолбарысы мекендеген екен. Берікқара, Қараоба, Қарақұдық, Бесшоқы, Сарыоба, Итмұрынды мен Ақсай тауларында ежелгі көне кеніштердің қазбалары сақталған. Қарасиыр, Молдашілік, Майтас, Ақсай, Доңғал шахталарында жер бетіне уын шашқан уран шахталары ашылған қазынасы да мол болса да, қатері де бар аймақ. Ақтоғай – Кеңестік биліктің қолдан жасаған «Кіші Қазан» революциясының жаппай тәркілеуді бастаған қыспағына да қарсы тұрып, «Тоқырауын көтерілісіне» шығып, «халық жауы» деген жалған жаланың қасыретіне де тап болған өңір. Ақтоғай алғаш рет Қарқаралы округінің құрамында аудан болып ұйымдасқаннан бастап, аз уақыт Алматы облысына қаратылып, географиялық орналасуының қолайсыздығынан темір жол мен күре жолдан шалғайлықтың бар ауыртпалығын бастан өткеріп, оның үстіне 1973 жылы Кеңестік биліктің тегеурінді шешімімен жаңадан құрылған Жезқазған облысының құрамына енгізіліп, 24 жылды дөңгелектің үстінде жүріп өткізіп, Тәуелсіздіктің пәрменімен Қарағандыға қайтып оралып, көзі ашыла бастаған аудан. Жердің бетіндегінің бәрі өзгереді, ауысады. Орнынан тапжылмайтын айбарлы Ақсораң, Қарқаралы, Ұлытау сияқты тарихи таулар. Таулар да алыстаған сайын аласара түсіп, алыстықтың ауыртпалығын жанға батырады. Ұлытауда жиһангер хан Жошы жерленсе, Ақсораңда хан баласы, Алаш көсемі Әлихан туып, сол екі таудың айбатын асырған хандар әулетінің рухтары өз биіктіктерін өз жерлерінде сақтап, елдіктің тұғырын аласартпай, дем беріп келеді. Ұлытау да Ақтоғай да өнері өркен жайып, өрісін тауып, даңққа бөленген. Ана тілін ардың тазалығындай құрмет тұтқан, ұлттық мұраның тұнығын салт-дәстүрден теріп алып, ғұрыптық құндылықтан рух жинап, санада құндақтаған рухани байлығы ортаймаған өңір. Сондықтан да, қазақилықтың қаймағын қалқып, сақтаған бұл екі аудан еншісі бөлінгелі жатқан Қарағанды мен Ұлытау сынды екі облысқа жеке меншіктеліп берілсе, яғни телінудің зардаптарын басынан сан мәрте өткізген Ақтоғай ауданы, ежелгі Қарағандыда қалдырылса, халық үніне құлақ асар дәл сондай оңтайлы шешімнің ұлт мұратына жақындата түсетін ізгі қадамға айналатындығына үміт артар едік.

Тұңғышбай МҰҚАН,

«Құрмет» орденінің иегері

Басқа материалдар

Back to top button