Бас тақырыпРуханият

Арқада ат жоқ демеңіз…

«Жаратып мінген күлігін, сайыпқыран сақтың ұлымын» деп ақын Мерей ҚАРТ жырлағандай, қазақ пен жылқы – егіз ұғым. Ғұндардан басталар тарихты былай қойғанда Елбасы Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ «Ұлы Даланың жеті қыры» мақаласында бабаларымыздың ежелден жылқыға деген ықыласын жіліктеп көрсеткен. Бүгінде ат баптау өнері еліміздің қай өңірінде болмасын жылдан-жылға дамып келеді. Жүз жылқының ішінен жүйрікті жазбай таныған кешегі Жолдыбай, Рахман, Қоңыр ақсақалдар сынды сыншы, бапкерлердің ізін қарағандылық атбегілер қалт еткізбей жалғастыруда. Аламаннан ат оздырып, атағы артқан Арқа атбегілерінің биылғы маусымашарға дайындықтары қалай екен?«Жылқыны қолға үйрету арқылы біздің бабаларымыз өз дәуірінде адам айтқысыз үстемдікке ие болды. Ал, жаһандық ауқымда алсақ, шаруашылық пен әскери саладағы теңдессіз революцияға жол ашты. Жылқының қолға үйретілуі атқа міну мәдениетінің де негізін қалады. Бес қаруын асынған салт атты сарбаз айбарлы көшпенділер империялары тарих сахнасына шыққан дәуірдің символына айналды. Автокөлік қозғалтқыштарының қуаты әлі күнге дейін аттың күшімен өлшенеді. Бұл дәстүр – жер жүзінде салт аттылар үстемдік құрған ұлы дәуірге деген құрметтің белгісі» деп жазды Елбасы. Расында, жылқы – бір ғана Қазақстан емес, әлемдік деңгейде қадір-қасиетке ие жануар. Еуропа жылқының саналылығына көзін енді жеткізсе, түркілер оны сонау сақ заманынан санада ұстаған. Содан болар, бәйге болса шабандоз алдымен қамшысына бір тұтам шүберек орайтыны. Шапқан аттың терін сүртпекке. Осы тәмсілдерді жанына жолдас қылғандар қатарында Арқа атбегілері де бар. Оның айғағы – табаны жерге тимей, кекілі күнге күймей қалада туған азаматтардың өзі тай алып, ат баптаудың алғышартымен танысқандығы. Әрине, бұл – қуанарлық, мақтанарлық жағдай. Десек те, жылқының қыр-сырына қанық болмай жатып, атбегілікке асыққандардың арасында аттың бағын байлап жатқаны да бар. Бұл туралы 2014 жылы «Алтын тұлпар» бәйгесін ұтқан атақты «Бақторының» иесі Мейіржан Сексенов ағамыз былай дейді:

– Біршама жігіттер бар, әр жерден тай-құнан сатып алып, ниет қылып жүрген. Атбегілік – бұл жылдар бойғы тәжірибемен келетін ұлы өнер. Бүгін қымбатқа ат сатып алып, ертең аламан ұтам деу – қате. Сондай-ақ, жақсы тұқымнан түскен аттар әлдекімдердің атқорасында қор болуда. Неге қор болуда? Бәйге көрмеген соң. Жүйріктің тағдыры бәйге ғой. Ілуде-шалу әкеп қосып жатады. Бірақ, терін жөндеп алмай, бабын шала-пұла етіп, жап-жақсы жылқылардың бағын байлауда. Оның үстіне, үлкен додаларға қосып жібереді. Ол ат бұрын-соңды ондай тобыр көрмеген, бойын беріп шаппай қалады. Бітімі келіскен күліктер осылай қадірін жоғалтады. Меніңше, ат баптағанда алдымен сол аттың қабілетіне сай сынақ бәйгелерге жүгіртіп, содан кейін аттың шамасы мен өзіңнің баптауыңды ұштастырып барып талап қылу керек.Атбегінің сөзінің жаны бар. Бұл – ат баптап жүрген біраз жанға мәлім дүние. Жылқының бабы мен қанына артық көңіл бөлсеңіз ғана аламан ұтып, абырой аласыз. Сонымен қатар, атбегі Мейіржанның сөзіне сүйенсек, бүгінде бәйгеде қолтума аттар саны артуда. Қолтума дегеніміз қай тұқым болса да атбегінің қорасында туылып, сол өңірдің климаты мен қора-жайына толық бейімделген жылқы. Бүгінде елімізде аламанның алдын бермей жүрген де осы ағылшын тұқымдас және ағылшын-араб, яғни, араб жылқысы мен ағылшын жылқысының арасынан туғандар. Атап айтсақ, Мейіржан Сексеновтің республикалық «Алтын тұлпар» аламанын ұтқан «Бақторысы», Бақыт Торғаевтың Президент кубогі бәйгесін ұтқан «Лаки Глориі», Боран Тергеубековтің атақты «Самалы». Онан бері біршама аттар біздің Арқаның атын асқақтатып, мерейін тасытып жүр. Жылқының жүйрігі қаны мен бабына қарай. Оны түсіндік, ал, биылғы маусымашарға біздің өңірдің дайындығы қалай, атшабары қолайлы ма? Осы сұраққа бір үңіліп көрсек.

– Арқа өңірі жалпы, ат дайындығын кеш бастаймыз. Көктемгі маусымашар бәйгеге оңтүстік жақ ертеден қамданады. Сонау сықырлаған аязы бар ақпаннан бастап, олар аттарына жер танытып, өрге шаптыра бастайды. Бұл мүмкін ауа райының қолайсыздығы болар. Бірақ, ерте қамданған жөн ғой. Сонда ат та толық сартаптанып, пісе бапталады. Өзіміз алдағы бәйгелерге болашағы бар деген аттарды дайындап отырмыз. Ал, атшабарға келсек, Қарағанды облысында үлкен ипподром жоқ. Бір мысал, мына Үштөбеде сызылған атшабардың өзі аттарға тым қолайсыз. Айналымы дұрыс өлшенбеген. Тынысы шаба келе ашылатын кей аттарға тіпті ақырғы айналымда өзін көрсетуіне мүмкіндік аз. Толық стандартқа сай бір атшабар керек. Бұл – барлық Арқа атбегілерінің көкейінде жүрген мәселе, – деп тағы бір түйді ойын Мейіржан Сексенов.

Біздің өңірге оңтүстік атбегілер көп әкеледі аттарын. Неге? Өйткені, олардың бізге қосқан аттарының мүмкіндігі анағұрлым жоғары. Ол баптаудан болсын, климат қолайлылығы болсын. Ең маңыздысы – оңтүстіктің аттары түрлі атшабарға бейімделген. Оларда ипподром мәселесі жоқтың қасы. Қарағанды аймағының да бір ипподром иеленер уақыты келген секілді. Бұған даңқты атбегілер мен атақты тұлпарлардың еңбегі сіңді деуге толық негіз бар. Арқада ат жоқ демеңіз…

Түйіндей келе, маусымашарға аттар да, атбегілер де сақадай сай. Оған дәлел біздің атбегілер Ақадырда, Шұбартауда, Ақтоғайда өткен біршама сынақ бәйгелерді өткеріп үлгерді, осы көктемнің басында-ақ. Ал, Қарағандыда болатын 25 сәуірдегі аламан біраз атбегінің тәжірибесін ұштап, біршама күліктің бабын пысықтары сөзсіз. Ат қосар ағайынға аттарыңыз бәйгелі, есімдеріңіз әйгілі болсын дейміз.

Жансая СӘРСЕНБАЙҰЛЫ.

Басқа материалдар

Back to top button