Жаңалықтар

Сақал: сүннеттен салауаттылыққа дейін

Аталы сөздер ежелден қазақты жылқымен байланыстырады. Қарап отырсаңыз жылқының биесінің жалы жатыңқы болады. Ал, айғырының жалы күдірейіп, доғалданып тұрады. Құнанға шығарында егер еркек жылқыны пішіп жіберсе, ол азбан атқа айналады. Азбан аттың жалы да жатады, айғырлығы да тоқтайды. Өйткені, оны пішкенде денсаулыққа ақау түседі де, сау тамыр тартылады. Сондықтан, жалы өспей қалады. Бұдан түйер түйін еркектің сақалы оның денсаулығының ішкі көрінісі екен алдымен…

Қазақ «Сөздің көркі – мақал, ердің көркі – сақал» деп тегін айтпаған. Ердің көркі деуі оның тек сыртқы ғана келбеті емес, ішкі денінің саулығы, жадының мықты болуын да қамтыған тәмсілі. Неге К.Маркс, Ф.Энгельс сақал қойды? Неге Л.Толстой мен К.Целковскийдің сақалы қауғадай болды? Бұл тұлғалардың иегінің астындағы түкке қол тигізбеуі жадынан жаңылмауына, еркектік қабілеттің төмендемеуіне бірден бір әсері болғандықтан екен. Бұл ғалымдардың пайымынша және медициналық тұрғыдан дәлелденген тұжырым.

Британдық атақты дәрігер Каран Рангараджанның пайымынша, сақал беттегі басты қорғаныш. Яғни, сақал адамды түрлі бактериядан сақтайды. Жай ғана мысал, лас қолыңмен беті-басыңды байқамай ұстасаң бетте түк болса ол қолдағы микроп атаулыны қағады. Сонымен қатар, сақалды жігіттер қатерлі ісік ауруына сирек шалдығады. Мамандар сақалды және сақалсыз медицина қызметкерелерін салыстырғанда беттері жылтырағандарда метициллинрезистенті сары стафилококк бактериясы 3 есе көп жұққандығын аңғарған. Оның үстіне, сақал тері обырымен, жазда күнге күюден кремсіз сақтар бір құрал іспеттес. Өйткені, сақал ультракүлгін сәуленің әсерін 3 есе азайтады. Және еркектік белсенділік тестостеронның жоғарылығы да сақалдың өсуімен байланысты. Сондай-ақ, жасынан сақал өсірген жанның бір күні тосыннан сақалын алғанда бет терісі өте жас екенін аңғарамыз. Бұл сақал тез қартаюды да бәсеңдетеді теген тұжырым, – дейді облыстық көпсалалы аурухананың онколог дәрігері Бегалы Үсенбеков. 

Расында, сақалды ұстарамен қырғанда беттің клеткалары ашылып, бактерияны тез қабылдайды. Бұл процесс бетіне түк шығатын кез келген еркекке таныс. Сонда, атам қазақ ықылым заманнан сақалға мән беріп, оны тып-типыл етіп қырып тастамауында үлкен мән жатыр деген сөз. Саулық деп бір түйдік сақалды. Ал, сүннеттен бастап бүгінде сәнге айналуының сыры неде? Соған бір үңіліп көрсек. 

Осы тұста қарағандылық бүркітші әрі дінді берік ұстанған ағамыз Темірәлі Төлегенұлының пікіріне жүгініп көрелік.

Жалпы, сақал десе көптің ойына баяғы сол өзгермес, Кеңестік дәуірден, тіпті, қанға сіңіп қалған бір қағидаға сүйеніп алып, сақалға қастығымыз қылшық көрген биттей болады да тұрады. Сақал – сүннет қой. Иегі жылтырап ер жігітің жып-жылмағай болып тұрғанының өзі ерсі ме деймін. Өзі Тәңір әуелден еркекке сақалды, әйелге шашты бермеп пе еді аманаттап?! Аң патшасы арыстан мысалға: Оның еркегін ұрғашысынан жалына қарап ажыратамыз. Әтешті мекиен тауықтан айдарына, ешкіні текеден сақалына қарай ажыратпаушы ма едік?!  Ал, қазір жігітте сақалдысы сирек, әйелде ұзын шаштысы сиреп барады. Кейінгі 7-8 жылда сақалдың кәдімгідей сәнге айналып, қазіргі ел назарында жүрген әртіс атаулының сақал қоя бастағаны белгілі. Осы сәннің сонау Пайғамбар сүннетінен екенін біз білеміз бе? Пайғамбарымыз сақалдың денсаулыққа қорғаныш екенін, деннің саулығын ұқтырар құрал екенін біліп сүннеттеген. Сақал қоюда да мән бар. Оны діндік қағидаға сүйеніп сүннет екен деп қауғадай етіп өсіру де ерсі. Сақал қойғыңыз келсе жасыңызға жарасымды етіп, оны жақсылап жуып тегістеп тұру да шарт. Бұл намазда дәрет алу процесіне де кіреді. Дәрет алу барысында сақалдың арасын саусақ салаларымен жақсылап жуасыз ғой. Міне, біз білетін ақпардың алғышарты осындай, – деді ол. 

Расында, сақал кешегі Абайдан, Шәкәрімнен, Ыбырайдан, Ахметтен қалған жоқ па? Сақал қоюдың да жөні бар. Қазақта ақсақал, қарасақал, қабасақал, қырмасақал деген атаулар бекер айтылмаса керек. Бозбалалықтан өте жаңа тебіндеп сақал-мұрт оның жастығын, кейін өсе келе әлгі түктің қатайып, қайраттана түсуі сол бозбаланың қанатының қатайып тастүлекке айналғандығының көрінісі. Қырықтан асқандағы қаба сақалдың белгісі бұл «мен жастықтан өттім, үйлі-баранды жігіт ағасымын, артымдағы ініге, балама ақыл айтар жасқа келдім» деген түсінікте екен. Ал, елуден асқандағы «ақсақалдың» түсінігі бұл немере тәрбиелеп, билік айтар, қоғамға үлгі болар қариялықтың белгісі. Ақсақалды атаны сақалсыз елестету мүмкін емес. Үлкен басын иіп келер болса «сақалды басыммен келіп отырмын ғой айналайын-ау» деуінің өзі сақалдың сыйдың бір атрибуты секілді болуында емес пе? Мына заманның сақалсыз ата, жаулықсыз әжесін меңземейміз. Десекте, «ата» деген ұғымға сақал қосалқы сый беріп тұрғандай. Сонда, сақал бұл абырой ғой бар ғұмыр бойы жиған?! Қорыта келсек, қазақ болғаннан кейін егер түк шығар болса, бетке жарасуына қарай қойып көргенде тұрған еш әбестік жоқ. Әрине, шыққан бес тал қылды бір қарыс қылып ұзартпай иек жасырар түк шықса ғана өсірген абзал. Және оны дер кезінде тегістеп қырқып, бет пішінге сайлап тұру да шарт.

Жансая СӘРСЕНБАЙҰЛЫ. 

Басқа материалдар

Back to top button