Қарағанды

Заманауи кітапхана шырақшысы

Қайрат Рақым
фото: “Орталық Қазақстан” газеті

Н.Гоголь атындағы Қарағанды облыстық әмбебап ғылыми кітапханасы біршама оқырманның білімін тереңдетіп, біліктілігін арттырды. Түрлі тарихи кітап қорларын қоспағанда мұнда бүгінгі заманға сай электронды кітаптар да қолданысқа берілген. Бұл оқырманға өте тиімді көрінеді. Компьютерлік жүйені қазақшаландырып, оны оқырманға һәм кітапханашыларға бейімдеген кітапхана процестерін автоматтандыру бөлімінің жүйе әкімшісі Қайрат РАҚЫМНЫҢ еңбегі еңбек-ақ…

– Қарағанды мемлекеттік техникалық университетін автоматтандырылған жобалау жүйесі мамандығы бойынша аяқтап, осында қызметке келдім. Мұнда қызмет атқарғаныма биыл 25 жыл. Жалпы, жұмысымды сүйіп істеймін. Өйткені, мен осында өзімді оқырманға, халыққа керекті сезінем. Ал, осындағы жұмысқа менің кез келген пайдам тисе, онда соған марқайып та қаламын. Белгілі бір істің маманы болу, сол арқылы маңайға көмек беру, пайда тигізу – бұл бүгінгі басты ұстаным. 2006 жылы «Ең үздік кітапханашы» деген облыс әкімдігінің сыйлығын алдым. Қызметімде алға жетелеген сый болды бұл. Адамның еңбегі бағаланса, сол мотивация, – дейді Қайрат Әнуарұлы. 

Маман кітапхананың барлық жүйесін жатқа біледі. Компьютерлік бағдарламаның кез келгенін жеңіл әрі оңай қабылдайды. Бұл оның IT-маман екенінің бірден-бір айғағы. 

Ол 2007 жылы Ресейлік «Ирбис» бағдарламасын толықтай қазақшаландырып, кітапхана жүйесіне енгізді. Бұл оқырман мен кітапханашылардың жұмысын біршама жеңілдетті. Ал, 2012 жылы кітапхана қорының негізгі электронды каталогын интернет желісіне енгізді. Осының арқасында Н.Гоголь оқырмандары үйде отырып-ақ интернет желісі арқылы қорда қандай кітап барын біле алады. Сондай-ақ, кітапханада оқырманға керек кітаптың неше данасы барын да анықтауға мүмкіндік жасалған. Расында, кітапханадағы 430 мыңнан астам кітап қорын компьютерлік жүйеге сыйдыру һәм оның атаулары мен авторларын анықтап көрсету – бұл үлкен білімділікті талап етер жұмыс. 

– Мұнда келуші оқырмандар мені тани қоймайды. Мен олар үшін бетпердедегі батыр секілдімін. Өздері қолданған жүйенің авторы ғана. Десек те, сол адамдарға мен жасаған жүйе әлдебір көмегін берсе, маған ол бір қуаныш. Соған балаша мәз боламын. Кейде жұмыстан шаршап, ұнжырға түскенде, осы ой санамда сайрап, мені қанаттандырады. Кітапханашы мен оқырман арасындағы қарапайым байланыс осы ма деймін. Осы еңбектің еленгені деп білемін, 2018 жылы ҚР Ұлттық академиялық кітапханасының «Кітапхана ісінің шебері» төсбелгісін алғаным, – деді Қайрат Рақым. 

Сүйіп істеген қызметі еленсе, қызметкер үшін одан артық сый бар ма?! 25 жылдық еңбек өтілімінде бірнеше сыйлықтарды иеленген Қайрат Рақым бүгінде ұжым арасында сыйлы. Тіпті, шәкірт баулып, техникалық білімімен бөліскісі де бар. 

Қазір қарапайым балалардың бәрінде телефон бар. Біз балаға телефон беріп қана қоймай, оның қандай қуаттылығы барын да білуін қамтамасыз етуіміз қажет. Мысалы, 100ден астам қосымша бір ұялы телефон жадына сыйып тұрады. Балаға тереңінен осыны түсіндіріп, егер бейімі болса, робот жасауға бағыттаса, ол баладан өнертапқыш өрен шығары сөзсіз. Кейін ол сол білімі мен практикасынан түйгені арқылы халыққа көмек беретін электронды машина, құрылғы ойлап табуы ғажап емес қой. Әр электронды техниканы жүйелі әрі ұтымды пайдалануға шақырар едім, – дейді Қайрат Әнуарұлы. 

Асылында, бұл кеңестің жаны бар. Қазір екі баланың бірінде телефон бар. Көбі үлкен адам қолдана алмайтын қосымшаларды жүктеп, оны өз деңгейінде пайдаланады. Бұл – заманауи жетістік. Тек, оны шамамен әрі пайдалы іске бағыттау керек. Қолымызға телефон ұстаған әр сәтте «InDriver», «Yandex Go» (Такси), «2Гис» сынды бағдарламаларды қолданамыз. Бұларды да адам ойлап тапқанын білеміз бе? Қарап отырсаңыз, адам мүмкіншілігі – шексіз. Қайрат Рақымның да негізгі ойы – осы. Заманауи технологиядан тек керегімізді алып, оны пайдаға жарату.

Жансая СӘРСЕНБАЙҰЛЫ.

Басқа материалдар

Back to top button