Бас тақырып

Жайлы жатақхана – сапалы білім

Президент Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» Жолдауында: «Келесі маңызды мәселе – студенттерді жатақханамен қамтамасыз ету. Бұл түйткілді шешу үшін жоғары оқу орындарымен және құрылыс компанияларымен мемлекеттік-жекеменшік серіктестік орнату тәсілін барынша енгізу керек» деген еді. Осы бағытты зерттеу мақсатында аймақтағы оқу орындарының жатақхана мәселесін зерделеп көруге тырыстық.Ресми дерекке сүйенсек, облыста 8 жоғары оқу орны бар. 2021-2022 оқу жылында облыстағы жоғары оқу орындарында 39 925 студент оқиды. Оның 28 275-і күндізгі бөлімде білім алады. Мұның 91,3%-ы (37 620 адам) Қарағандыда, 5,8%-ы Теміртауда (2387 адам) шоғырланған.

Облыстың жоғары оқу орындарында 29 жатақхана жұмыс істейді. Жобалық қуаттылығы – 9 982 төсек-орын. Аймақта «Жоғары білім алудың қолжетімділігі мен сапасын арттырып, студент жастардың жатақханадағы жағдайын жақсарту» Үшінші әлеуметтік бастамасын жүзеге асыру аясында 2019 жылдан бері 582 орындық 6 жатақхана пайдалануға берілген.

Сондай-ақ, 2021 жылы пайдалануға беру жоспарланған Қарағанды медицина университетінің 400 төсек-орындық жатақхана құрылысы мемлекеттік тапсырыс тетігі шеңберінде университеттің өз қаражаты есебінен қаржыландырылады. Жұмыстарды жыл соңына дейін аяқтау көзделген.

Жолдауда жатақхана мәселесі көтерілгеніне риза болдым. Бұл – өте өзекті. Президенттің «Жоғары оқу орындарымен және құрылыс компанияларымен мемлекеттік-жекеменшік серіктестік орнату тәсілін барынша енгізу керек» дегені өте дұрыс. Университеттер тікелей құрылыс компанияларымен келісім-шарт жасау арқылы жатақхана мәселесін шешуді қолға алмақ. Әрине, оның заңды құқықтық-нормативтік актісі болады. Сол акт арқылы нақты келісім-шарт жасасып, университет өзіне жатақхана сала алады. Яғни, мұнда мемлекеттің кепілділігі арқылы жүзеге асады. Әлеуметтік жағдайы төмен студенттер үшін мемлекет пәтерақысын субсидиялайды. Демек, пәтерге кеткен қаржысын мемлекет қайтарады. Бұл тәсіл әлемнің жетекші оқу орындарында бар екен. Біз осылайша, студенттік баспана мәселесін шешудің өркениеттік заманауи талабына көшеміз. Енді, грант саны да өзгеріп отырады. Жоғары балл жинаған талапкерге қашанда есік ашық. Жастарға жалқауланбай білім алу ғана қалды. Жатақхана шешілсе, алаңсыз оқиды, – дейді Е.Бөкетов атындағы Қарағанды университеті тарих факультеті деканының ғылыми жұмыстар жөніндегі орынбасары Нұртас Смағұлов.

Дерек бойынша, аймақтағы іргелі оқу орны Е.Бөкетов атындағы Қарағанды университетінде 7 Студенттер үйі бар. №1-№3 Студенттер үйі 2020-2021 оқу жылында толық күрделі жөндеуден өтіп, әр секцияға жуыну бөлмелері орнатылып, әр студенттік бөлме жаңа жиһаздармен, жаңа төсек-жабдықпен қамтамасыз етілген.

Білім алушылардың қауіпсіздігі үшін барлық Студенттер үйіне турникет орнатылып, қосымша камералармен қамтамасыз етілген. Енді, студенттер жатақханаларына тек өзінің жеке мәліметтері енгізілген ID карталармен ғана кіріп-шыға алады. Кітапхана ашылып, әр қабатта талапкерлердің бос уақытын ұйымдастыруға арналған дойбы, шахмат, теннис, оқу, конференция залдары және арнайы үстел ойындарына арналған орындар бар. Былтырдан бастап студенттер арасында салауатты өмір салтын насихаттау мақсатында «Аюлы» спорт кешені мен «Баскетбол», «Футбол», «Хоккей» алаңдары бой көтерді. Демалыс күндері студенттік монша жұмыс істейді. 2022 жылдан бастап, білім алушылардың денсаулығын жіті қадағалау мақсатында мұнда барлық мамандармен қамтамасыз етілген, жаңа, заманауи жабдықталған №1 студенттік емхана жұмыс істеп тұр. Келесі оқу жылында №2 Студенттер үйі толық күрделі жөндеуден өтеді деп жоспарлануда. Аталған 7 блокта барлығы – 2676 орын бар болса, әр бөлмеде 2 немесе 3 талапкер орналасады. Биыл 2800-ге жуық білім алушы осы кешенде тұруға өтінім беріп, 2500-ге жуығы орналасатынын растаған. Әзірге мұнда орын тапшылығы жоқ. Демек те, жылдан жылға студенттер санының көбеюіне байланысты 2023 жылы 500 адамдық жаңа жатақхана бой көтереді деп жоспарлануда, – дейді Студенттер үйінің директоры Бектас Жұман.

Байқасақ, жатақхана мәселесі шешілген сайын студенттердің саны артуда. Демек, «Жайлы жатақхана – сапалы білімге жол ашады» деген аталы сөз бекер айтылмаған. Енді, осы мүмкіндік арқылы жастар әр минутын тиімді пайдаланып, өз ісінің шебері болып қалыптасып, еліне адал қызмет етуі керек деп білеміз.

Жәлел ШАЛҚАР.

Басқа материалдар

Back to top button