Жаңалықтар

“АУРУ ҚАЛСА ДА, ӘДЕТ ҚАЛМАЙДЫ” ақша жинау әлі де бар

Мектеп қабырғасында «ақша жинау әдеті» әзір тыйылатын түрі жоқ. Сәуірдегі соңғы екі аптаның өзінде Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің байланыс орталығына 9 хабарлама келіп түсіпті. Ұжым ішінде мереке, туған күн кезінде 3000-нан 7000 теңгеге дейін жинап отырған. Және енді бірі – комиссия өкілдеріне құрмет көрсету есебінде. Мектеп жөндеуге 2000 теңгеге дейін, мектеп бітіру кешіне 35 000-нан 50 000 теңге сомаға дейін қаражат жинағандар да бар. Бұл ескі әдетке қарсы ата-аналар құзырлы органға жүгініпті. Жасырын түрде…Елді елең еткізер тағы бір дерек. 19 сәуір күні агенттікке хабарлама келіп түседі. Жезқазған қаласындағы жоғары медициналық колледж қызметкері тобының студенттерінен әртүрлі іс-шараға ақша жинап отырған. Егер, қаражаты болмай, қарсылық танытса, қасақана бағасын төмендеткен. Сонымен қатар, агенттік қызметкерлері әлеуметтік желіге мониторинг жасап отырады. Соның нәтижесінде қаладағы №102 гимназияның бастауыш сынып ата-аналары балаларының бағасын төмендетіп, қосымша сабақ өткізетін мұғалімдерге шағымданғанын байқаған. Яғни, ата-аналардың қосымша ақша жұмсауына тура келген. Бұл мәселе департамент назарында. – Біз өз кезегімізде жөндеу жұмыстарының кез келген түріне, абаттандыруға, оқу материалдарына, перделерге, қағазға, кеңсеге керек-жараққа ақша жинауға қатаң тыйым салатынымызды тағы да ескертеміз. Атап өту керек, бұл шаруамен көбіне мектептегі ата-аналар комитеті айналысады. Мұндай қызметтердің жемқорлыққа жол беретінін түсінуге тиіс. Мектептегі заңсыз алымдар үшін мектеп директорлары мен мұғалімдері әкімшілік, тіпті, қылмыстық жауапкершілікке тартылуы мүмкін. Мысалы, 2022 жылдың бірінші тоқсанында Департамент әкімшілік құқық бұзушылық туралы 47 хаттама жасады. Оның ішінде 9 мектеп директоры, 5 колледж директорының орынбасарлары әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Сондай-ақ, облыстық мемлекеттік мекемелердің 16 басшысы құқық бұзушылық жасады. Олардың 10-ы – облыстағы қала мен аудандардың білім бөліміндегі басшылар, – дейді Сыбайлас жемқорлыққа қарсы облыстық департаменттің превенция басқармасының басшысы Бауыржан Хұсайынов.

Білесіздер, қазір мұғалімдердің жалақысы көтерілуде. Ол үшін жыл сайын біліктілігін арттырып, тест тапсырып отырады. Осы тұста да олқылықтар бар. Неге десеңіз, былтыр 87 педагог Ұлттық біліктілік тестілеуден өту кезінде ереже бұзған. 39 педагог ескерту, 40-ы сөгіс, 6 мұғалім қатаң сөгіс түріндегі тәртіптік жауапкершілікке тартылған.

– Білім беру ұйымдарында пәндерді ағылшын тілінде жүргізетін педагогтердің сабақ беру деңгейіне мониторинг жүргізілген болатын. Облыс бойынша ағылшын тілінде сабақ беретін 539 педагогтің 368-і сабақ беру деңгейі талаптарға сәйкес еместігі анықталып, 319 пән мұғалімдеріне төленетін қосымша ақы алынып тасталды. Ұлттық біліктілік тестілеуден өткен 12 914 педагогтың 9-ына қатысты құқық бұзушылық анықталып отыр. Оның 6-ы жалған сертификаттарды пайдаланып, қосымша ақы алып отырған. Ал, тесттен өтпеген үш мұғалімге аттестаттау комиссиясының шешімі негізінде білім бөлімі біліктілік санатын беру туралы бұйрық шығарған. Қарағанды қаласындағы жалпы мектептің 2 мұғаліміне «педагог-модератор», үшіншісіне «педагог-сарапшы» біліктілік санаты бойынша биылғы қаңтар-ақпан айларында артық қосымша ақы төленген, – дейді Қарағанды облысының білім саласындағы сапаны қамтамасыз ету департаментінің басшысы Санат Мусин.

Сонымен қатар, Санат Қабиденұлы мектеп бітіру кештері білім беру ұйымының күшімен өткізілу қажет екенін атап өтті. Мерекелік шараларды өткізу үшін ақшаға аниматорларды, мерекелік агенттіктерді, суретшілерді, жеке студияларды тартуға, мерекелік дастарханды ұйымдастыруға, жалға берілетін көліктерді алуға, мектеп әкімшілігі мен мұғалімдерге сыйлық үшін қаражат жинауға қатаң тыйым салынады. «Antikor» орталығында өткен кеңес отырысының қорытындысында Бауыржан Хұсайынов білім беру саласының өкілдерін функционалдық міндеттеріне байланысты кез келген шаруада қырағы болуға тағы да шақырды және ақша жинауға жол бермеу үшін кешенді жұмыс жүргізуді, ата-ана комитеттерімен жеке әңгіме жүргізуді ұсынды.

Қасымхан ҒАЛЫМ.

Басқа материалдар

Back to top button