Бас тақырып

Беделі биік білім ордасы

Замана белесін басып өтіп, ғасырға жуық ғұмыр жасап келе жатқан қарашаңырақ – Жамбыл атындағы мамандандырылған мектеп-интернаты. Жүз жасаған Жамбылдай жүз жылға жуық уақыт бойы үздіксіз білім беріп келе жатқан мектеп талай ұрпақ ауысса да, бағытынан жаңылмай келеді.

Жамбыл мектебі замана түрленген сайын түлей түсуде. Мұнда робототехника саласында облыс қана емес, республика атын әлемге әйгілеген жүлдегерлер бар.

Мектеп-интернат талай түлектің алысқа ұшатын, биікке самғайтын қос қанатын қомдап, білімі мен тәрбиесі ұштасқан «толық адам» тәрбиелеуге барын салып келеді.

Жамбыл атындағы мамандандырылған мектеп-интернаты

ҰЛЫ ОТАН СОҒЫСЫНЫҢ АРДАГЕРІ БҮРКІТ ЕСЖАНОВ – ЖАМБЫЛ МЕКТЕБІНІҢ ТҮЛЕГІ

Ғасырға жуық жасаған білім ордасы – Майқұдықтағы Жамбыл атындағы мамандандырылған мектеп-интернаты. 1927 жылы іргетасы қаланған мектеп Ескі қаладағы Шмидт көшесінде жер барақта 2 сыныптық бастауыш мектеп болып ашылған.

95 жылдық тарихы бар мектепке Жамбыл Жабаевтың есімі 1936 жылы Мәскеуде өткен онкүндікте атағы алысқа кеткен Жамбыл ақынның құрметіне орай берілген.

Ұлы Отан соғысының ардагері Бүркіт Есжановтың тал еккен сәті

Ұлы Отан соғысына қатысқан Кеңес Одағының батыры Нұркен Әбдіров осы мектепте білім алып, қанатын қатайтқан. Ал бүгінде әлі күнге дейін көзі тірі Ұлы Отан соғысының ардагері Бүркіт Есжанов та осы мектепте оқып, түлеп ұшқан. Мектеп алдында 1941-1945 жылы Ұлы Отан соғысына қатысқан ардагерлердің құрметіне қойылған тақта тұр. Сонымен қоса, 2019 жылы мектеп 9 мамырда соғыс ардагері Бүркіт Есжановты арнайы шақырып, мектеп жанына өз қолымен тал еккізген екен. Қазір сол шыршалар жайқалып өсіп келеді.

Жыл сайын 9 мамырда Бүркіт Есжановтың үйіне барып, оқушылармен бірге ардагерді Жеңіс күнімен құттықтаймыз. Осы жолы барғанда «Менің еккен ағаштарым өсіп жатыр ма?» деп сұрады. «Біз жайқалып өсіп келеді» деп жауап бердік, – дейді мектеп директоры Бектөре Қисықұлы.

Мектеп-интернат директоры Бектөре Бөкенов

Мектептің қазіргі ғимараты 1967 жылы бой көтерген. Әрине, бастапқыда мектеп болып салынбаған. Кейін дәл сол ғимарат балаларды оқытуға пайдалануға берілген. Жанында ауыл балаларына арналған 250 орындық интернаты бар. Ол да кезінде бір мекеменің жатақханасы болған-ды. Жарты ғасыр бұрын салынған ғимаратта бүгінгі күні 479 бала білім алуда.

Біздің мектеп – облыстағы бүкіл мектептің қарашаңырағы. Биыл Жамбыл мектебіне 95 жыл толып отыр. Талай жылдарды артқа тастап, дамудың даңғыл жолына түскен мектеп-интернаты саналы ұрпақ тәрбиелеуге өз үлесін қосып келе жатыр, – дейді мектеп-интернат директоры Бектөре Бөкенов.

БІЛІМІ КӨШ БАСЫНДА

Жамбыл атындағы мамандандырылған мектеп-интернаты облыс бойынша білім сапасы жөнінен көш бастап тұр. Бұл мектептен білім алған оқушылардың барлығы дерлік оқуға түседі. Мәселен, былтырғы оқу жылында 48 баланың 44-і грант ұтып, бүгінде еліміздегі ең беделді жоғары оқу орындарында білім алуда. Мектеп өзінен түлеп ұшқан түлектерімен мақтанады. Оқушылары облыстық қана емес, республикалық, тіпті, халықаралық байқауларда топ жарып келеді. Тарих пәнінен ғылыми жоба қорғаған мектеп оқушысы Фариза Рахманқұлова республика бойынша І орын алған. Жобалар жарысында 2018-2019 оқу жылында Алматы қаласы әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да өткен Жолдасбеков атындағы халықаралық ғылыми байқауда Қарағанды облысының намысын қорғаған Арайлым Хавкай, ал биыл Ләззат Еренғайыпқызы ІІІ орын алған.

Жамбыл атындағы мамандандырылған мектеп-интернатының 11-сынып оқушысы Ләззат Еренғайыпқызы мектеп ұстаздары дайындаған оқушылар әрқашан жеңіс тұғырынан көрінетінін айтады:

Біздің мектептің бір ерекшелігі – бірыңғай қазақ балалары оқиды. 7-сыныптан бері осында оқып жатырмын. Биыл мектеп бітіремін. Жамбыл мектебінде білімді, тәжірибелі ұстаздар өте көп. Олар дайындаған оқушылар қандай да бір жарыстардан жүлдемен оралады. Мен математика пәнінен Алматы қаласында биыл наурыз айында өткен халықаралық байқауда ІІІ орын алдым. Олимпиадаға дайындаған математика пәнінің мұғалімі, ұстазым Мейрамгүл Мұхамеджанованың еңбегі зор, – дейді оқушы Ләззат Еренғайыпқызы.

Бұдан бөлек, академик Қ.Сәтпаевтың құрметіне өткізілген республикалық химия олимпиадасында білім жарыстырған мектеп оқушысы Айбар Сапаков та жүлдеге ие болған. Ал, мектепте білім беретін 65 мұғалімнің арасында «Үздік педагог» атағына ие болғандары да бар.

Тіпті, Ресейдің Томск қаласында өткен роботтар жарысына Қазақстанның атынан қатысып, жүлдеге ие болған Шоқан Мақанбаев атты ұстаз облыстың ғана емес, республиканың атын әлемге әйгілеген.

Міне, осыншама жетістікке қол жеткізген облыстық мектеп алдыңғы қатарда келеді.

ИНТЕРНАТТЫҢ ИГІЛІГІ

Интернатта балалар қала маңайындағы Абай, Шахтинск, Ақтас, Теміртау, Сұрыптау секілді алыс-жақын елді мекендерден келіп оқиды. Мұнда қазір 200-ге жуық бала бар.

Интернат

5 қабатты интернаттың ғимараты ескілеу. Алайда, мектеп басшылығы арнайы бөлінген қаржы есебінен 3,4,5-қабаттарына жөндеу жұмыстарын жасаған.

Интернаттағы балалар жататын бөлмелер де жөнделген. Мемлекеттік бюджеттен 17 млн. тг қаражат бөлініп, жатын бөлмелер, дәліз, дәретхана, душ жаңаланған. 3 млн. теңгеге интернат балаларына қажет жиһаз, төсек-орын жабдықтары алынған.

Сонымен қоса, балалар қауіпсіздігін күшейту мақсатында турникеттер орнатылған.

Ал, интернат ғимаратының жөнделмей қалған 2-қабатына қаржы бөлініп жатқанын, алдағы уақытта жөндеу жұмыстары жасалатынын айтты мектеп басшысы.

Мұның бәрі қаржыға барып тіреледі. Интернаттың жобалық-сметалық құжаттамасын дайындап, білім басқармасына ұсынған едік. Олар «мектеп-интернатының жөндеу жұмыстарына ақша бөлуді қарастырамыз» дейді. Шешімін табады деген үмітіміз бар, – дейді директор.

Одан бөлек, мектептің материалдық-техникалық базасы алдыңғы жылдармен салыстырғанда айтарлықтай жақсарған.

Мектептің материалдық-техникалық базасы жылдан-жылға жақсарып келеді. 2021 жылы 40 компьютер, 116 ноутбук жаңадан алынды. Мектептің компьютерлік базасы толықтай жаңартылды. Мұның бәрі қазіргі балаларға қажет дүниелер болғандықтан, осыған баса көңіл бөлінуде. Әр екі балаға 1 компьютерден келеді. Одан бөлек, мектепке 8 панель тақта орнаттық, – дейді Бектөре Қисықұлы.

«Оқуға құштар мектеп» жобасы аясында аталған білім мекемесіне 13-14 млн тг-ге кітап сатып алынған. Оның ішінде 3 млн-нан аса қаражат көркем әдебиетке бөлінген.

МЕКТЕП МЕРЕЙІ ҮСТЕМ

Былтыр қазақтың халық ақыны Жамбыл Жабаевтың 175 жылдығында Қазақстандағы Жамбыл атындағы мектептердің альянсы құрылған. Соның ішінде осы Жамбыл атындағы мамандандырылған мектеп-интернаты да бар. «Мерейтой қарсаңында сол мектептермен бас қосып, пікір алмасу ойда бар», – дейді мектеп директоры.

Сонымен қоса, Жамбыл мектебінің 95 жылдық мерейтойына орай мектеп басшысы Бектөре Қисықұлы алдағы жоспарларымен бөлісті. Мектеп мерейтойлық жинақ шығармақ.

Биыл қазан айында Жамбыл атындағы мамандандырылған мектеп-интернатының 95 жылдық мерейтойын атап өтпекпіз. Мектеп мұғалімдері арасында арнайы комиссия құрылды. Мектептің 75 жылдығына және 85 жылдығына жинақтар шыққан еді. Енді сол үрдісті жалғастырып, 95 жылдық мерейтойға орай жинақ шығаруды жоспарлап отырмыз.

Сондай-ақ, мектеп түлектерінің ассоциациясын құру бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр. Түлектер бойынша деректер базасын жасамақпыз, – дейді мектеп-интернат директоры Бектөре Бөкенов.

Талай түлекті тәрбиелеп, үлкен өмірге «ақ жол» тілеп аттандырған білім ордасы тоқсан бестің төріне шығып, 5 жылдан соң жүзге аяқ басқалы тұр. Ғасырға жуық ғұмыры бар қарашаңырақтың тынысы тоқтамай, шәкірт тәрбиелеуде талмай еңбек етіп, елімізге белгілі білімді тұлғалар тәрбиелеп шығара берсін деп тілек білдіреміз.

Гүлнұр СЕРІКЖАНҚЫЗЫ.

Суреттерді түсірген Р.ҚАЛИЕВ.

Басқа материалдар

Back to top button