КоронавирусРесми

Қарағанды облысында коронавируспен ауырғандар азайып келеді

Қазақстанда 21 тамызда коронавирустың 478 жаңа жағдайы тіркелді. Бұдан бір тәулік бұрын 740 жағдай, одан бұрын 898 жағдай анықталған-ды. Шілдеде тәулігіне ауырғандар мыңнан асып кетіп еді. Қазір күнделікті статистикалық мәліметтер коронавирус инфекциясының таралуы азайып келе жатқанын көрсетеді. Өңірлердің барлығы «жасыл» аймақта.

Анықталған 478 жағдайдың 83-і – Қарағанды облысында ауырғандар. Жалпы, облыста пандемия басталғалы 159 831 адам ауырды. Ал, ел көлемінде індет жұқтырғандар саны – 1 384 027. 13 679 адам қайтыс болған. Коронавирусты пневмониямен ауырғандар – 89 843 адам болса, 5 357 адам көз жұмған.

Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, барлығы 21 483 адам бүгінгі таңда ем алып жатыр. Оның ішінде жағдайы ауыр 36 адам болса, аса ауыр халде 6 адам. Өкпені жасанды желдету аппаратына 5 адам қосылған.

Вакцинация мен ревакцинация алып жатқандар саны артуда. Өңірде кешегі күнгі дерек бойынша вакцинацияның бірінші компонентін – 71,3%, яғни 728 245 адам алған. Екінші компонентін алғандар қатары – 66,6%. 680 627 адам екпенің толық курсынан өтті. Ревакцинацияны – 278 553 адам, қайта ревакцинацияны 36 046 адам алды. Вакцина мен ревакцинация – коронавирус инфекциясынан қорғайтын негізгі шешім. Сондықтан, мамандар тұрғындарды дұрыс шешім қабылдауға шақырады. Ұжымдық иммунитет қалыптастыру үшін екпе маңызды. Оның үстіне, әлем сарапшылары пандемияның әлі аяқталмағанын ескертуде. Індеттің елімізде, әлемде азаюы оның толықтай құрығанын білдірмейді. Мәселен, коронавирус инфекциясына қарсы «Спутник V» вакцинасын шығарған Гамалея атындағы ғылыми-зерттеу институты директоры Александр Гинцбург ковидтің «Дельтакрон» жаңа мутациясы инфекцияның өзгеру шегі кең екенін көрсеткенін айтады.

«Бұл вирустың бұдан да ауыр түрлерінің пайда болуы мүмкін екендігін көрсетеді. Оның түр өзгерту әлеуеті кең екенін байқауға болады» деген маман қазір таралып жатқан «дельта» мен «омикронның» қосындысы «дельтакронның» эпидемиологиялық қатері әлсіз екенін атап өтті. Ұжымдық иммунитет қалыптаспай, індетті түп-тамырымен жою мүмкін емес екенін есте ұстаған жөн.

Жансая ОМАРБЕК.

Басқа материалдар

Back to top button