Марқұмдардың мазасын алмайық
«Орталық Қазақстан» газетінің тұрақты оқырманы ретінде қолыма қалам алуға газеттің 2022 жылғы 2 шілдедегі Бұқар жырау ауданы, Петровка ауылдық округі Жастілек ауылының құрылғанына 90 жыл толуына орай Аман ЖАНҒОЖИННІҢ «Колхозды ауыл «демократиясы» мақаласы себеп болды. Осы мақалада Айткен АРЫСТАНБЕКОВТІҢ 1954 жылы Жаңақала колхозының председателі болып тағайындалғаны, 1957 жылы астық шығынына жол бергені және сол үшін қызметінен босатылғаны жазылған екен…
Сол кезеңдегі еліміздің ауыр экономикалық жағдайына немесе ауа райының қолайсыздығына байланысты астықты дер уақытында жинауға және үкіметке тапсыруға мүмкіндік болмаған шығар. Оның объективтік және субъективтік себептерін қазір айту қиын ғой. Бұл жерде ешқандай қасақана немесе әдейі зиянкестікпен жасаған деп айтуға болмайтыны анық. Ондай жағдайда сол кезеңдегі қатаң заң аясында ол басшыға басқадай, тіпті бас бостандығынан айыру, партиядан шығару сияқты жазалар қолданылуы тиіс еді. Бірақ, қолданылмаған. Яғни, объективтік себептер болған. Ол кезде бидайды кептіретін, ұшыратын техника болған жоқ. Ауылдың кәрі-жасы тәулік бойы қырманның басында болып, астықты шелекпен, легенмен қолмен ұшыратын. Астықты қабылдайтын элеваторлар жаңа салынып жатты. Ат-арбадан басқа бидайды тасымалдайтын автокөлік те жоқтың қасы еді. Бір сөзбен айтқанда, жалпы елімізде, тың көтергеннен кейін, мол астықты сақтау жұмысына дайындық төмен болды. Осы жағдайды көзіміз көрді. Ол 70-тің ортасындағы қаламы жүйрік Аман Жанғожиннің де есінде болуы тиіс.
Өткен ғасырдың 50-жылдары орын алған, 82 жас жасап, қайтыс болғанына 30 жыл толып отырған адамның қызмет бабындағы кемшіліктерін осы уақытта жария ету не үшін керек? Ұрпақтарының, балалары мен немере-шөберелерінің көңіліне қаяу, жүрегіне ауырлық түсіру не үшін қажет болды?
Айткен Арыстанбеков ағамыз өткен ғасырдың 30-жылдары Өскемен педтехникумын бітіріп, еңбек жолын ұстаздықтан бастаған. Үлгі орта мектебінің, Бесоба орта мектебінің директоры, Қарқаралы аудандық оқу бөлімінің бастығы, Қарағанды облыстық партия комитетінің үгіт және насихат бөлімінің нұсқаушысы, Шет совхозының директоры, Қарағанды облыстық атқару комитетінің бас нұсқаушысы, Ворошилов ауданы Қарағанды МТС директоры, Жаңақала колхозының председателі болып қызмет атқарған. 1956 жылы Москваға ВДНХ көрмесіне арнайы жолдамамен барған. Одан кейін аудандық ауыл шаруашылық басқармасында бас экономист және Қылыш Бабаев атындағы совхоздың партия ұйымы хатшылығын абыроймен атқарып, зейнеткерлікке шыққан. Облыстық маңызы бар дербес зейнеткер болды. Айткен Арыстанбеков ағамыз халқына қадірлі болды. Білімді, қарапайым, мейірімді, адамгершілігі мол, кісілігі мен кішілігі жарасқан жан екенін көріп өстік. Қазақтың белгілі азаматтары Қаныш Сәтбаев, Мұзафар Әлімбаев, Әлкей Марғұландармен қадірлес, сыйлас, дастархандас болған. Тіпті, кезінде ол кісі және отбасы туралы ақын Мұзафар Әлімбаев өлеңдер жазған. Айткен ағамыз туралы бұқаралық ақпарат құралдарында, замандастардың естеліктерінде жағымды ақпараттар бар. Мысалы, ардагер ұстаз Бану Хикметқызының «Әкеден қалған соқпақ жол», естелігінде Айткен ағамыздың мейірмандығы, жетімдерге камқоршы болғаны туралы жақсы келтірілген.
Айткен Арыстанбекұлы ұзақ жылғы жемісті қызметі үшін көптеген мемлекеттік марапаттарға ие болды. Оның ішінде, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет грамотасын, «Құрмет белгісі» орденін, «Біздің ісіміз әділ», «Еңбектегі ерлігі үшін», т.б. медальдары мен төсбелгілерін, Құрмет грамоталарын атап айтуға болады. Ол кісінің кейінгі буынға үлгі боларлық еңбек жолы, адамгершілік қасиеттері ҚР халық ағарту ісінің үздігі, ардагер ұстаз Мұрат Көккөзовтің (марқұм) «Көргені көп, ұлағаты мол еді» («Орталық Қазақстан», 31 қазан 2006 ж.), қаламгер Қ.Ахметованың «Өмірі ұрпаққа өнеге» («Бұқар жырау жаршысы», 28 шілде 2018 ж.) шығармаларында барынша анық көрсетілген.
Сондықтан, көз көрген біз Айткен Арыстанбеков ағамызды құрмет тұтатынбыз. Оның тату-тәтті, ынтымақты әулеті қалыптасты. Отбасында 7 бала өсіріп, тәрбиелеген. Қазіргі уақытта осы әулеттен шыққан 4 полковник, 2 ғылым докторы, ғылым кандидаттары, орталықта және жергілікті мемлекеттік ұйымдарда жауапты қызметші, ұлағатты ұстаз атанып, адал еңбек етіп, Отанымыздың дамуына үлес қосып жүр.
Мақала авторы таза адамгершілік, журналистік этика аясында кез келген азаматтың ар-ожданы мен қадір-қасиетіне кір келтіретін мәліметтер таратпау тұрғысынан ойлану керек еді.
«Өсер елдің баласы бірін-бірі батырым» – деуші еді. Нағыз қиын-қыстау уақытта еңбек етіп, өмірден өтіп кеткен адамдардың әруағын мазалап, қазбалай берудің қажеті бар ма?..
Серік БАЛПАНОВ, ардагер ұстаз, ҚазССР оқу-ағарту ісінің үздігі, Ы.Алтынсарин атындағы төсбелгі иегері.