Жаңалықтар

Жастар жұмыссыздығы: жылдар бойы қордаланған мәселе

Экономикалық белсенділердің қатарына жататын, бірақ, оқымайтын, әлеуметтік төлемдері жоқ, дені сау жастарды NEET санатына кіргіземіз. Облыс жастарының 26 мыңға жуығы – осы санатта. Жылдар бойы мәселені шешу үшін мемлекет тарапынан түрлі бағдарламалар қабылдануда. Алайда, кәсіп ашып, бизнесін дөңгелеткен жандардың қатарында уақыт өте тығырыққа тірелгендері де жетерлік.

Тағы бір айтары, өңірде 1000-нан астам жұмысшы мамандарына бос жұмыс орындары бар. Бірақ, жастардың бұл саланы меңгеруге құлқы жоқ. Облыстық мәслихаттың бастамасымен осы санаттағы жастардың мәселесін шешу мақсатында жария тыңдау өтті. Жиынға облыстық мәслихаттың хатшысы Серік ӨТЕШОВ, басқармалар басшылары, волонтерлік және үкіметтік емес ұйымдар, бизнес, жоғарғы оқу орындары өкілдері қатысты.

Грант көлемі артты

Былтыр карантиндік шектеулерге байланысты көпшілік тыңдауларды онлайн өткізген едік. Биыл үлкен алаңда бас қосып отырмыз. Мамандық таңдау – әр азаматтың өміріндегі шешім қабылдайтын маңызды сәт. Қазір жастардың жұмыссыздығы бізді алаңдатып отыр. Бұл соңғы 1-2 жылда туындаған мәселе емес, бұрыннан келе жатқан проблема. Бұған дейін билік тарапынан түрлі шаралар жүзеге асты. Бірақ, әлі де тосқауыл қоя алмай отырмыз. Қысқаша айтар болсам, соңғы 5 жылда нарықтың сұранысы мен жұмыс берушінің талаптары күрт өзгерген. Әрине, бұл заңдылық. Техника дамыған уақыт қой. Сондықтан, осы жерде барлық мәселені талқылап, шешудің жолдарын қарастырайық, – деді Серік Балғатайұлы.

Жастар жұмыссыздығының деңгейі былтырғы жылдың IV тоқсандағы жағдай бойынша 5,5%-ды құрады. 2020 жылмен салыстырғанда 1,7%-ға жоғары. Бүгінгі таңда жастар арасындағы жұмыссыздық жағдайын тұрақтандыру мақсатында облыс деңгейінде жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Мәселен, «Еңбек» бағдарламасы аясында жастар арасынан 14 742 адам жұмысқа орналасып, 15 213-і мемлекеттік қолдау шараларымен қамтылған. Ал, «Бастау Бизнес» жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздеріне оқытуға 595 адам жіберіліп, 480 грант тағайындалыпты. Сонымен қатар, қатысушыларға 217 шағын несие де берілді. Республикалық бағдарламалармен қатар, «Жастар кәсіпкерлігін дамыту мен қолдауға облыс әкімінің гранты» өңірлік жобасы іске асырылуда. 2020 жылдан бастап облыс әкімі гранттарының жалпы сомасы 10 млн.теңгеден 100 млн. теңгеге жетті. Биыл 200 млн. теңгеге дейін ұлғайту көзделген.

Грантты жыл сайын ұсынып келеміз. Әрі, жыл сайын көлемі де артып келеді. Дегенмен, гранттың әлеуметтік тиімділігі туралы бірқатар сұрақтар туындауда. Жастар салық салу мәселесі жағынан, бухгалтерлік есепті жүргізу тұрғысынан жан-жақты қолдауға мұқтаж. Сондықтан, грантты жастарға беріп қана қоймай, қолдау көрсету керек. Бұдан бөлек, ұтқан грантын мақсатты қолдануы қатаң тексерілетін болды. Осы тұрғыда мәслихат депутаттарынан қолдау көрсетулерін сұраймыз, – деді облыстық жастар саясаты жөніндегі басқармасының басшысы Біржан Әлімжанов.

Жастар жұмысқа құлықсыз ба?..

Жастардың NEET санатына кіруіне құқықтық және қаржылық проблемалары көп екендігін алға тартты жиылған қауым. Ал, Біржан Әлімжанов кеңес алу қызметтерін күшейтуге басты назар аудару қажеттігін баса айтты. Мәселен, Сәтбаев қаласында бұл санаттағы жастарды жұмысқа орналастыруда небір қиындықтар болғаны анықталған. Сондай мәселелерді шешу үшін арнайы мамандардың қажет екендігі көрініп-ақ тұр. Бұнымен қатар, бірқатар қала мен аудандағы жастар ресурстық орталықтарында заңгер мен психолог штатының жоқтығы да анықталған.

Ащы болса да шындықты айту керек. Көп жағдайда мемлекеттік мекемелерде жұмыс істейтін бала қағаз тасығаннан басқа ештеңе білмейді. Сондықтан, жастарды қоғамдық жұмыстарға тартқан уақытта нақты өнеркәсіп мамандарымен қарым-қатынас орнатқан жөн. Осы уақытқа дейін шағын кәсіпорын мамандарына ұсыныс тастап едік, олар жобаға қатысуға ниет білдірді. Біз осы амалымызбен жастардың біліктілігін арттырамыз. Қазіргі уақытта білім басқармасының нұсқауымен жастарды қолдау және оларға жағдай жасау үшін кешенді курстар әзірленуде, – деді Біржан Нұржанұлы.

Қазіргі кезде жұмыс беру мақсатында 1000-нан астам бос жұмыс орны бар. Бірақ, айлық жалақысын және басқа да мәселелерді сылтауратып, ол жердегі жұмыстарға бармайды екен.

Жастар жұмысқа кірген уақытта жоғарғы жалақы сұрайды. Ал, ондай жалақыны жұмыс беруші төлемейді. Себебі, жас маманда тәжірибе мен біліктілік жоқ. Шыны керек, кейбір жастардың өзінен де бар. Бір мысал айтайын, тігінші мамандығын тәмамдап келген жас жігіт жұмысқа тұрғанда тігін машинасына қай жағынан отыру керектігін білмейді. Менің пікірімше, бұл білім мен өнеркәсіптің арасындағы байланыстың әлсіздігі, – деді Біржан Нұржанұлы.

«Адасып кеткен» түлек көп

Қазіргі уақытта ең басты мәселе – түлектің мамандық бойынша жұмысқа тұруы. Арнайы құрылған мониторинг өкілдері де осы мәселені растап отыр. Мамандардың дерегіне сәйкес, түлектердің бір бөлігі арнайы білімді талап етпейтін лауазымдарда жұмыс істейтіндігі анықталған. Ал, мамандық бойынша жұмысқа тұрған түлектер орта есеппен 75%-ды құрады. Қазіргі уақытта түлектердің 25%-ы мамандық бойынша жұмысқа орналаспаған. Оның ішінде 194-і – орта мамандық, 1 260-ы – жұмысшы мамандық иелері. Жыл өткен сайын техникалық және жұмысшы мамандықтарына сұраныс артып келеді, – деді облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Гүлбақыт Жүнісова.

Мәселен, Саран қаласында жаңа шина зауыты іске қосылуда. Ал, бұл зауытқа жұмысшы маман тапшы. Қазірден бастап мамандарды даярлау басталып кетті. Бұл жерге жұмысқа тұруға жоғарғы білім талап етілмейді. Тек, 11-сыныпты тәмамдап, аталмыш зауыттың нұсқауымен қаладағы колледждердің бірінде оқу қажет. Кейін студенттің ынта-талабына, қызығушылығына қарай Ресейдің Нижнекамск қаласына оқуға жіберіледі.

Бізге – білікті маман керек. Сол үшін жастарды Ресейге оқуға жібереміз. Біз өз тарапымыздан студенттің жатақханасын төлеп, шәкіртақы да тағайындаймыз. Оқу бітіріп келген соң, бірден зауытқа орналасады. Жалақысы да жаман емес. Бұл – жастар үшін үлкен мүмкіндік. Бүгінде осы мәселе бойынша жан-жақты ақпараттық жұмыс жүргізілуде, – деді Саран қаласындағы «Kama Tyres KZ» ЖШС автошина зауыты директорының көмекшісі Виталий Дедов.

Бақсақ, білім саласында түрлі мамандықтар бар. Осыдан біршама жыл бұрын қажет болған мамандықтардың біразына қазір сұраныс жоқ. Бірақ, соған қарамастан біраз оқу орындары әлі де сол мамандықтар бойынша оқытуда. Соңында түлектер қолына табақтай дипломын ұстап, жұмыссыз қалады. Сондықтан, нарықта сұранысы бар мамандықтарды жарнамалап, грант бөлу қажеттігі баса айтылды.

Биылғы жылдың басты жаңалығы – жас мамандарға арналған арнайы жеңілдетілген ипотекалық бағдарламаның іске қосылуы. Аталмыш бағдарлама «Отбасы банкі» арқылы жүзеге асырылады. Бағдарламаның негізгі алғы шарттары мамыр айынан бастап таныстырылады.

Ербол ЕРБОЛАТ.

Басқа материалдар

Back to top button