Президент сайлауы - 2022

Байқаушы – демократиялық сайлау кепілі

20 қарашада өтетін ҚР Президентінің кезектен тыс сайлауында облыста 2500 тәуелсіз байқаушы болады. Оның 64-і партиялық емес байқау орталығынан болса, қалғандары облыстағы коммерциялық емес ұйымдардан, қоғамдық бірлестіктерден. Бұл туралы облыстық партиялық емес байқау орталығы мен Қарағанды қаласындағы шет мемлекеттердің, халықаралық ұйымдардың байқаушыларына, сондай-ақ шетелдік БАҚ өкілдеріне көмек көрсету орталығы бірлесе өткізген баспасөз мәслихатында белгілі болды.

Демократиялық ұстанымдар бойынша сайлауда байқаушылардың болуы тиіс. Жалпы, бүгінгі сайлау кешегіден, ал, ертеңгі сайлау – бүгінгі сайлаудан жақсы өтуі тиіс. Сондықтан, біз де соған ұмтылуымыз керек. Әлбетте, байқаушылардың да міндетіне кіретіні – сайлау барысын бақылау. Осыдан шамамен 15 жыл бұрын өңірімізге келетін халықаралық байқаушыларға жәрдемдесу орталығын құру бастамасын көтерген болатынбыз. Олардың қатарында облысты айтпағанның өзінде, Қазақстанға алғаш келетіндері де болады. Тәжірибе олардың дәл сайлау күні келетінін көрсетті. Сондықтан, біз халықаралық байқаушылардың жұмысына жағдай жасаймыз, – дейді Қарағанды қаласындағы шет мемлекеттердің, халықаралық ұйымдардың байқаушыларына, сондай-ақ шетелдік БАҚ өкілдеріне көмек көрсету орталығының басшысы Серік Санаубаев.

Серік Мәлібекұлы сайлау күні облыста қанша халықаралық байқаушы болатыны белгісіз екенін айтады. Бірақ, орталық келген байқаушыларға көмек қолын созуға даяр.

– 2500 байқаушының ешқайсысы діни ағымның, болмаса, саяси партияның мүшелері емес. Яғни, қандай да бір партияның қызметіне мүдделі емес демократияландырылған адамдар. Олар ашықтықты, қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында «Дербес деректер және оларды қорғау туралы» Заңды бұзбастан, бейнетүсірілім жасай алады. Бірақ, бұл ретте сайлаушының келісімінсіз оның бет-әлпетін көрсетуге тыйым салынады. Одан бөлек, байқаушының сайлаушының дербес деректері көрсетілетін тізімді түсіріп алуға құқығы жоқ, – дейді облыстық партиялық емес байқау орталығының басшысы Артем Козловский.

Одан бөлек, байқаушыға сайлау учаскесінің аумағында өзі қалағандай жүріп-тұру құқығы берілмеген. Енді байқаушы қолында заң бұзушылықтар анықталған жағдайда толтырылатын актілер мен хаттамалар болады. Байқаушы бұл ретте бұзушылықты екі данада белгілеп, біреуін учаскелік комиссия төрағасына, екіншісін шұғыл әрекет етіп, назарға алу үшін облыстық партиялық емес байқау орталығына береді.

Орталық елімізде осымен биыл үшінші сайлауды өткізуде. Осы уақыт аралығында бюллетень беруге байланысты ғана заң бұзушылық анықталғанын айтады Артем Валерьевич. Яғни, бюллетеньді ҚР азаматының жеке куәлігі бойынша емес, жүргізуші болмаса қызметтік куәлікке қарап берген жағдайлар орын алған. Орталық байқаушылары сайлау учаскесі ашылған сәттен бастап, бюллетень аумақтық сайлау комиссиясына жіберілгенге дейін болады. Байқаушылар өз қалаулары бойынша белгілі бір сайлау учаскесінің бюллетеньдері мен хаттамаларын облыс немесе қаланың орталық сайлау комиссиясына апаруға қатыса алады.

– Орталықтың әр байқаушысында мемлекеттік және ресми тілде рәсімделген блокнот болады. Блокнотта байқаушы үшін нормативтік-құқықтық база көрсетілген. Сонымен қатар, толтыру міндетті болып табылатын хаттамалар бар, – дейді Артем Козловский.

Сонымен қатар, блокнотта белгілі бір сайлау учаскесінде дауыс беру күні жүргізілген жұмыстардың барысы толығымен көрсетіледі. Бұл өз кезегінде әр сайлау учаскесіндегі дауыс беру ашықтығымен қатар, заңдылығын да қамтамасыз етуге септігін тигізбек.

Салтанат ІЛИЯШ

Суретті түсірген Александр МАРЧЕНКО

Ortalyq.kz 

Басқа материалдар

Back to top button