“Ерекше” баланың «досы» көбеюі тиіс
Жыл басындағы дерек бойынша облыс көлемінде 14 091 баланың ерекше білім алуға қажеттілігі бар. Және оның басым бөлігі – 9 378-і – мектеп жасында. Оларға өз деңгейінде білім беруден бөлек, қоғамға, өзге балалармен араласуға үйрету – бірінші кезектегі мәселе. Осы мәселемен тікелей айналысатын педагог-ассистенттерді ерекше баланың досы демегенде, кім дейміз?
Соңғы уақыттары ерекше білім алуға қажеттілігі бар балалардың қатары көбейіп келе жатқанын байқау қиын емес. Олардың мәселесін әп-сәтте шешу мүмкін емесі белгілі. Алайда, бұл жұмыс қазірден басталмаса, кейін кеш болады. Сол себепті де Білім және ғылым министрлігі білім жүйесіне педагог-ассистенттерді енгізді. Ел көлемінде олардың саны мыңнан асады. Біздің облыс бойынша 122 педагог-ассистент биылғы оқу жылын аяқтайды. Инклюзивті білім беруді жетілдіруді Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та былтырғы жылғы «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» Жолдауында айтқан болатын. Президенттің «біздің білім беру жүйеміз қолжетімді әрі инклюзивті болуға тиіс» деуі, бұл мәселенің маңыздылығын айқындайды.
Психологиялық медициналық педагогикалық кеңестің шешімімен бір балаға бір педагог-ассистент тағайындалады. Ол баланың қағаз-қалам ұстауынан бастап, балалармен сөйлесуі, ұстаздың айтқанын тыңдау, тұрмыстық әрекеттерді орындау, ортаға бейімделуіне жауапты болады.
Әрі қиын әрі жауапты еңбекте жүрген Теміртау қаласындағы №10 мектептің педагог-ассистенті Гузель Мустафина ерекше балалардың ғана емес, сондағы өзі сияқты тоғыз педагог-ассистенттің де ұстазы.
– Біздің қарамағымыздағы балалардың денінде аутистік спектордың бұзылуы тіркелген. Ол балаларға ортаға бейімделу, эмоцияларды көрсету қиынға соғады. Қарапайым машықтарды орындай алмайтындары да бар. Біздің міндет – олардың ешкімнің көмегінсіз, өз бетінше өз қажеттіліктерін өтей алатындай ету. Бұл үшін бір балаға бір жыл кетеді, кейде одан да көп қажет болуы мүмкін, ал, келесісі жарты жыл ішінде меңгере алады. Сондықтан, әр балада өзінің жеке бағдарламасы бар. Соны меңгеруіне қарай ол жаңарып отырады, – дейді Гузель Равильевна.
Бүгінде он екі мүшесі сау балалардың өзімен жұмыс істеу оңай емес екенін ескерсек, педагог-ассистенттердің еңбегі тіпті, өлшеусіз. Баланың қалыпты ортада дамуы, ол үшін барлық қажеттіліктің жасалуы ата-ананың да арманы емес пе?
– Бұл – балаға да, олардың ата-аналарына да үлкен көмек, – дейді Гузель Мустафина. – Сондықтан, ата-аналармен қарым-қатынас жақсы жолға қойылған. Оқу жылы соңына қарай олармен кездесу өткізіп, жазғы демалыс кезінде баланы қалай дамытуды, оқыту керектігін көрсетеміз. Себебі, балалар үнемі қайталап отырмаса, білгені мен үйренген машықтарын тез ұмытып қалады. Өзім осы балалармен жұмыс барысында тәртіпке, төзімділікке, мейірімді болуға үйрендім.
Педагог-ассистенттерге қойылатын кәсіби талаптардан бұрын мейірімді жүрек, аялы алақан, сынаққа сынбайтын қайрат керек сияқты. Бұл жұмыс моральдық және физикалық қаншама энергияны қажет ететіні сөзсіз. Облыста педагог-ассистент жұмыс істейтін 80 мектеп пен 42 инклюзияны қолдау кабинеті бар. Мұндай кабинеттер «Болашақ» корпоративті қорының қолдауымен ашылған. Гюзель Мустафина сондай кабинеттердің бірінде істейді.
– Бізде бір қыз бала болды, сабақ оқымақ тұрмақ, түймесін таға алмайды. Біз оны оқыту мүмкін емес деп ойладық. Қазір ол 3-сыныпта, әліпбиді біледі, буындап оқып жүр. Басқа балалармен асханаға өзі барады. Бұл көпшілікке қарапайым ғана нәрсе болуы мүмкін бірақ, бұл сол баланың ата-анасы үшін – бақыт, біз үшін – жеңіс, – деді ұстаз ағынан жарылып.
Облыстық білім басқармасының инклюзивті білім беру мәселесіне жауапты маман Үміт Дауыпбаеваның айтуынша, Қарағанды облысында инклюзивті білім беру мүмкіндіктері жоғары.
– Облыс көлеміндегі 426 балабақшаның 192-сінде, яғни, 45%-ында, жалпы білім беретін мектептердің – 81%-ында, техникалық және кәсіби білім беретін мекемелердің жартысынан астамында инклюзивті білім беруге жағдай жасалған. Осы оқу жылында ПМПК ұсынысымен ерекше білім беруге қажеттілігі бар 2971 бала жалпы білім беретін мектептерде оқып жатыр, 887 бала үйден білім алады, – деді Ү.Дауыпбаева.
Бүгінгі таңда Білім және ғылым министрлігі мектепке дейінгі мекемелерге де педагог-ассистент мамандығын енгізуді жоспарлауда. Яғни, жақын болашақта ерекше балаларға көрсетілер көмек аясы кеңейетін болады. Жан-жақты көмек пен барынша қолдау ерекше балаларға қажет-ақ. Ерекше баланың «досы» көбеюі тиіс.
Жансая ОМАРБЕК.