Бас тақырып

Көшелі өнер көш түзесін десек…

Сіз зергерге қандай жағдайда жүгінесіз? Рас, көбіміз алтын, күмісті тазартуға, бұйымды үлкейтіп һәм кішірейтуге және тозығы жетсе қалпына келтіру үшін барамыз. Ал, бағзыдан келе жатқан көшелі өнер көші қазір қай тұста? Иә, зергерлік өнерді сөз етіп отырмыз…

Қарағандыда зерделі зергерлер саны аз. Бірақ, сол ат төбеліндей ғана шеберлеріміз өз брендін қалыптастырды. Алды ата кәсіптің шырқау шыңына жетті десек те болады.

Қаламыздағы «Жемчужина» атты зергерлік кәсіпорын өзінің бұйымдарын ұлттық нақышпен айшықтауы арқылы нарықта алдыңғы қатарға шықты деп айтуға болады.

…Көрікті де көрнекті өнер саналған зергерлік кәсіптің тыныс-тіршілігі қалай? Әңгімені осы мәселе жайында өрбітсек…

Өкініштісі, әшекей-бұйым сататын кез-келген дүкеннің өнімі көбіне шетелдің туындысы. «TAIRA Diamonds», «ROBERTO Bravo», «Русский ювелир», «Магия золото» секілді бренд бұйымдар етене таныс шығар. Дәл осыларыңызды өзіміздің елден де өндіріп, ата кәсіптің өрісін кеңейтуге болмас па еді? Білсек, қазір елімізде «Қазақ ювелир» атты зергерлік салон ұлттық брендімізді қалыптастырып отыр. Тек, қазақы үлгідегі әшекей-бұйымдарды әзірлейді. Міндетті түрде, ұлттық нақышпен. Ал, Қарағандыдағы «Жемчужина» кәсіпорыны осы бағытты қолға алғандарына 15 жылдан әрі асыпты. Қазір күміс, алтын һәм басқа да бағалы тастары сұранысқа ие болып отырған алпауыттардың біріне айналып үлгерді. Өнімдері түрлі халықаралық көрмелерде көптің үлкен бағасын алып жүр. «Экспо – 2017» көрмесінде де түрлі бұйымдары әлемнің түкпір-түкпірінен келген мейманның көзайымына айналды.

«Зергерлік материалдардың сапасына, өңделуіне байланысты алтынның өзі бірнеше түрге бөлінеді. Мәселен, бір ғана алтынның шым алтын, саф алтын, сары алтын, қызыл алтын, құйма алтын тәрізді атаулары бар. Ал, күмістің өзі әртүрлі сапа-белгісіне қарай, ақ күміс, құйма күміс тәрізді бірнеше түрі бар. Алтын мен күмістің ерекше қасиеті бар деп есептелінеді. Қазақ қыздарына «Алтын», «Күміс» деген есім беруі тегін емес. Асыл бұйымдар аса қасиетті. Сырт көздің сұғынан қорғап, әйел затының бойындағы нәзіктік пен әдемілікті айшықтап тұрады. Арулардың көркін ашқан ғажайып асыл тастан жасалған бұйымдар қазақ халқының зергерлік өнерді ертеден меңгергенін айғақтайды. Сол себепті, біз ұлттық ою-өрнек салынған, заманауи сипаттағы сырға мен жүзік, білезіктер жасаймыз. Тұтынушылар өте жақсы бағалап жатады. Қазақ халқы құдандалы болып, той жасағанда, қыз ұзатып, мерейтой өткізгенде көбінесе біздің бұйымдарды алып, тарту етеді. Нарықта халықтың сұранысын дөп басып, өз орнымызды алдық деп есептеймін», – дейді «Жемчужина» зергерлік кәсіпорнының директоры Андрей Борзилов.

Еңбек жолын қатардағы зергердің бірі болып бастаған Андрей 2004 жылы жеке кәсібін ашып, жанына өзі секілді шеберлерді топтастырған. Жаңа технологияларды меңгеру үшін қызметкерлерін Ресейде, Қазақстанда өтетін түрлі ақылы курстарға қатыстырған. Сату желісін қалыптастырғаннан кейін кәсіпті жаңа деңгейге көтеру қажеттігін түсінген. Әр-жерді бір жалға алып, көшіп-қонудың тиімсіз екенін түсінгендіктен мемлекет көмегімен несие алып, жеке ғимарат салған.

2014 жылы «Жемчужина» зергерлік кәсіпорны «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қорының ішінара 600 млн. теңгелік кепілдемесінің арқасында «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы бойынша сыйақы мөлшерлемесін субсидиялау нәтижесінде 120 млн. теңге көлемінде несие алған. Мемлекет үш жыл бойы кәсіпорынның банк алдындағы қарызының 7 пайызын өтеп берген. Жеті жылға алынған қаржыға кәсіпорын қожайыны шеберхана мен дүкенді бір жерге топтастырған. Қазір қарағандылық зергерлердің басын қосып отыр.

…Жасыратыны жоқ, зергерлердің насихаты кемшін тартып тұр. Біз біле бермейтін, бірақ, қолынан шыққан бұйымын шетел тапсырыс беріп алатын зергерлер де бар Қарағандыда.

Солардың бірі – Георгий Мариниченко. Негізгі мамандығы құрылысшы. Зергерлік кәсіпке қызығушылықпен келген. Әшекей жасаумен айналысқанына 13 жылға жуық уақыт болыпты. Шебердің қолынан шыққан бұйымдардан қазақ халқының өрнек салу дәстүр, ұлттық фольклор үлгілерін көре аламыз.

Ұлттық нақышта әшекей жасауды осыдан үш жыл бұрын қолға алдым. Сырға, сақина жасадым. Мен өзімнің туындыларымда қазақ халқының тұрмысын, әдет-ғұрыптарын көрсетуге тырысамын. Қазақ халқы – туғанымдай. Осында туып-өстім, сол себепті Ұлы даланың рухын, салт-дәстүрлерін терең түсінгім келеді. Өз жұмысыма табиғи және жергілікті материалды қолданғанды құп көремін. Мәселен, қарағашты қолданамын. Өйткені бұл – асыл ағаш. Ол қазақ халқының тарихында қасиетті саналады және Қазақстанда ғана өседі. Сонымен бірге сиыр сүйегін де материал ретінде қолданамын. Қазақ халқының ұлттық қолөнерінде сүйек, мүйіз, ағаш, тас, металл, былғары кеңінен пайдаланылады. Тіпті тасты да жергілікті жерден іздеймін, – дейді зергер Георгий Мариниченко.

Иә, жоғарыда сөз еткеніміздей зергердің бұйымдарын АҚШ, Франция, Оңтүстік Африка, Ұлыбритания елінің арулары тағып жүр. Зергер келешекте Ұлы дала көшпенділерінің көне мәдениетінен сыр шертетін жаңа сипаттағы бұйымдар жасауды жоспарлап жүр.

Қарағанды облыстық бейнелеу өнері мұражайының бас қор сақтаушысы Дәмелі Қадірқұлованың айтуынша, қолөнерді, зергерлік өнерді дамытатын бағдарламалар аз. Түрлі жәрмеңке, конкурс ұйымдастырылса шеберлердің көз майын тауысып, бір әшекейдің өзін әзірлеуге кеткен уақыты мен еңбегін ел көріп, білсе дейді.

– Қарағандыда зергер аз. Бірақ, барлары өздерінің қолтаңбасын қалыптастырғандар. Шынымен, олардың жұмысын жақсы насихаттауымыз керек. Өйткені, зергердің өнімдерін көбісі қымбатсынып, саудаласып жатады. Сондықтан, зергер жұмысының бейнетпен пара-пар екенін ел білуі керек деп ойлаймын. Зергер өнімін сыйлыққа, жөн-жоралғыға ұсынады ел. Қазір көбіне қапсырмалар, аңшы белдіктері, пышақ қындары сыйлыққа табысталып жатады. Оны мұражайға кім қиып табыстасын? Әйтпесе, төрімізде тұрса бізде қуанатын едік. Ел танысып, білісетін еді, – дейді Дәмелі апай.

Байқайсыз ба, соңғы жылдары ұлттық нақыштағы әшекей бұйымдардың қайта сұранысқа ие болғанын? Қазір қыз-келіншектердің сырға, білезік, алқасынан ұлттық болмыс айқындалып тұрады. Иә, сәнге айналды. Ал, сол бұйымдарды бар ынта-ықыласымен әзірлейтін зергерлер өнерінің мәнін қаншалықты ұғып жатырмыз?

Қысқасы, көшелі өнер көш түзесін десек, отандық өнімге, өзіміздегі зергерлер бұйымына зер салайық…

Қасымхан ҒАЛЫМ.

Басқа материалдар

Back to top button