Қарағанды

Түпкі меже – импортты алмастыру

«Сарыарқа» арнайы экономикалық аймағындағы кәсіпорындардың импортты алмастырып, жаңа экспорт бағыттарын ашудағы бәсі басым. Мұнда Қазақстанның өзге өңірінде жоқ өндіріс ошақтары жұмыс істеп тұр. Мәселен, аймақта орналасқан кәсіпорындардың бірі геомембрана өндірсе, екіншісі кен уату фабрикаларындағы диірмен үшін қаптамалар (футеровка) шығарады. Бұрын шет мемлекеттерден тасымалданып келген-ді. Сапасы шетелдік өнімнен кем түспейтін тауарға отандық тұтынушыдан сұраныс жоғары.

«Сарыарқа» АЭА құрылғанына он жылдан асты. Аймақта металлургия өнеркәсібін және металл өңдеу саласын дамытуға күш салынуда.

– Бұл бағытта инвестицияға қолайлы жағдай жасау, қазақстандық өндірісті жаһандық жүйеге интеграциялау, бәсекеге қабілетті өнеркәсіп құру жұмыстары жүргізілуде. Жалпы ауданы – 948 гектар. 108,8 млрд. теңге қаржы құйылды. Өнім сомасы 150,4 млрд. теңгеге жетті. Сондай-ақ, 742 адам еңбекпен қамтылды. Бюджетке 16 млрд. теңге салық түсті, – дейді АЭА төрағасының орынбасары Иван Игнатушенко.

Қазіргі уақытта 21 қатысушы тіркеліп үлгерді. 12 кәсіпорын жақын жылдары жұмысын бастамақ. Ал, 9 жоба жүзеге асты. Бүгінде «Бемер Арматура», «ИзоПлюс Центральная Азия», «Seven Refractories Asia», «Recycling Company», «Термо Форм», «Steel Manufacturing», «Polymet Solutions Corporation» және «Altyn Arna Geosynthetics» серіктестіктері өндіріс саласы үшін өнім шығаруды жолға қойды. Біз соңғы екеуіне ат басын тіредік.

«POLYMET Solutions Corporation» ЖШС резеңке-металл қаптамалар зауытын канадалық компаниядан сатып алды. Аталған компания Қазақстан, Ресей, Моңғолия нарығында жиырма жылдан астам уақыт жұмыс істеген.

2012 жылы серіктестік Беларусь, Украина, Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Армения, Грузия, Қытай, Иран нарықтарына шықты.

2020 жылы серіктестік арнайы экономикалық аймақта резеңке-металл қаптамалар өндірісін жолға қойды. 2,4 млрд. теңге инвестиция тартылды.

Зауыт ауданы – 4,5 мың шаршы метр. Технология Германия, Италия, АҚШ-тың үздік брендтерінің жабдықтарымен жасақталған.

Өндірісте Солтүстік Америкадан әкелінген резеңке пайдаланылады. Қаптамалар көлемі де әртүрлі. Диірмендердің диаметріне қарай, 1,5 метрден бастап, 12,5 метрге дейінгі бұйымдарды әзірлейді.

Бұл қаптамалар «НКМЗ» ЖАҚ, «ОралМаш» ЖАҚ, «ТяжМаш» АҚ, Outotec, METSO, Рolysiuc –THYSSEN KRUPP, FL SMITH сынды өндірушілердің диірмендерінде қолданылады.

– Кәсіпорын жылына 400 тонна резеңке-техникалық бұйымдар өндіреді. Негізгі желіміз – резеңке және резеңке-металл қаптамалар өндірісінен тұрады. Ал, келесі жылы екінші желіні – болат қаптамалар желісін іске қосуды көздеп отырмыз. Қазіргі таңда зауытта 55 адам жұмыс істейді, – дейді кәсіпорынның бас директоры Қуандық Қазанғапов.

«Алтын Арна Geosynthetics» ЖШС-нің геомембрана зауыты биылғы жылдың басында жұмысын бастады. Құны – 2,7 млрд. теңге.

Геомембрана дегеніміз гидроизоляциялық материал. Мәселен, зиянды қалдық төгетін шұңқырға төсейді. Топырақты удан қорғайды. Зауыт жақында екінші линияны іске қоспақ. Яғни, өндіріс қуаты екі есе артады. Ал, негізгі жобалық қуаты – 6 мың тонна.

– Айына, шамамен, 450 тонна геомембрана шығарамыз. Өнім қалдық қоймаларын, жасанды тоғандар мен мал қорымдарын салуда қолданылады. Қоршаған ортаны жарты ғасыр мерзімге дейін қорғап тұрады. Қазақстанда өнімге сұраныс жоғары. Біздің тауарымыз импортты алмастырып отыр, – дейді кәсіпорынның бас директоры Юрий Игнатов.

Зауытта елу адам еңбек етеді.

Бүгінде компания Қазақстанда геосинтетикалық өнім өндіру бойынша көшбасшы рольге ие болды. Ішкі нарықтан бөлек, Өзбекстан мен Ресейге тауар экспорттайды. Отандық экономикалық саясаттағы түпкі меже – импортты алмастыру. Бұл бағытта жергілікті кәсіпорындардың үлесі қомақты.

Нұрқанат ҚАНАПИЯ

Суреттерді түсірген Еркебұлан ХАДЫЛБЕК

Басқа материалдар

Back to top button