Жаңалықтар

“Бұл айқын жеңіс болады”: Әлемдік сарапшылар Головкин мен “Канелоның” жекпе-жегі жайлы қандай болжам жасады?

17 қыркүйекте отандасымыз Геннадий Головкин (42-1-1, 37 КО) мен Сауль “Канело” Альварес (57-2-2, 39 КО) үшінші рет жұдырық түйістіреді. Кездесу Лас-Вегастағы T-Mobile аренасында өтеді. Бұған дейін өткен екі кездесудің бірінде боксшылар тең түссе, екіншісінде “Канело” жеңіске жетті. Үшінші жекпе-жек туралы сарапшылардың пікірі екіге бөлінді. Stan.kz бокс жанкүйерлері асыға күткен жекпе-жек туралы әлемдік сарапшылардың болжамын ұсынады. 

Канело Головкин

“Канелоға” артық салмақтан арылу керек

Жанкүйерлер арасында кездесуде Альварестің жеңіске жетуі мүмкін екенін айтады. Олар мұны “Канелоның” Геннадийден әлдеқайда жас екенімен түсіндіреді. Дегенмен DAZN стриминг сервисінің сарапшылары мұның шешуші рөлді ойнамайтынын алға тартты. 

“Канело” жеңіске ден қойып отыр. Бұл кездесу арқылы сын мен барлық сұрақтарға жауап бергісі келеді. Оған сенімді түрде жеңіске жету қажет. Бұл жұпта өзінің мықты екенін дәлелдеуді жоспарлайды”, – деді Крис Мэнникс. 

Мэнникстің пікіріне жауап берген Майк Костелло Альварестің салмағы ауыр екенін, жекпе-жекке дейін салмақ тастауы керегін айтты. 

“Мен салмақ туралы айтып отырмын. Себебі “Канело” бұған дейін жартылай ауыр салмақ дәрежесінде жұдырықтасты. Ал Головкин екінші орта салмақта алғаш рет жұдырықтасады. Бұл Геннадий үшін тиімді болуы да мүмкін. Сондықтан 3,6 келі оған көмектеседі”, – деді Майк Кастелло. 

Барлығы Альварес Головкиннің мансабын аяқтайды деп күтеді

World Boxing News порталының редакторы Фил Джей қыркүйектің басты кездесуіне қатысты болжам жасап, жекпе-жекте кімнің жеңуі мүмкін екенін айтты

“GGG мен “Канелоның” үшінші кездесуі – жылдың басты кездесуі. Бұл оқиға бұған дейін орын алуы керек еді, өкінішке орай 4 жыл күтуге тура келді. Қос қарсылас та бірнеше кездесу өткізді. Мексикалық жұлдыз Биволдан жеңілгенімен, қазір бабында. 

Жекпе-жектен не күтуге болады? “Канело” басты фаворит деуге болады. Барлығы қазір Альварес Головкиннің мансабын аяқтайды деп күтеді. Алайда бокста барлығы орын алуы мүмкін. Әсіресе, сенің қарсыласың GGG болса. Әйткенмен қазір мен “Канело” жеңеді дер едім”, – деп түсіндірді ол. 

“Канело” Геннадийдің осалдығын пайдалануы мүмкін

Boxingnews24.com сайтының авторы Крейг Пейдж қазақстандық боксшының осал тұсын айтты

“Сөзсіз, Головкинде Альваресті жеңу үшін мүмкіндік көп. Алайда оған алдыңғы жекпе-жектерге қарағанда жақсырақ жұдырықтасу керек. Мәселен, Головкин Мурата мен Деревянченкоға қарсы кездесуде денесіне бірнеше соққы жіберіп алды. “Канело” Головкиннің осалдығын пайдаланып, денесіне көбірек соққы жасауды көздеуі мүмкін”, – дейді Крейг Пейдж. 

Ал мексикалық кәсіпқой боксшы Хайме Мунгия Альварестің мүмкіндігі туралы айтып, өз болжамын жариялаған. 

“Альварес Головкинді жеңе алады. Алайда бұл үшін ол жекпе-жекте барын салу керек”, – деді Мунгия.

"Бұл айқын жеңіс болады": Әлемдік сарапшылар Головкин мен "Канелоның" жекпе-жегі жайлы қандай болжам жасады?

Бұл сенімді жеңіс болады

Екі салмақ дәрежесі бойынша экс-чемпион, британиялық сарапшы Карл Фрэмптон Головкинге жеңіске жету үшін жасы кедергі келтіретінін мәлімдеді. 

“Головкин Риота Муратаны тоқтатты, алайда кездесудің басында өзін дұрыс көрсете алмады. Оған тек жасы ғана кедергі келтіреді. “Канеломен” үшінші жекпе-жек бірнеше жылға кешікті. 

Гена – өз дәуірінің үздік боксшыларының бірі. Бірақ элиталы деңгейде бірнеше секунд, реакция мен соққы жылдамдығы да рөл ойнайды. Мен Головкиннің жеңгенін қалаймын, алайда “Канело” үшін бұл сенімді жеңіс болмақ”, – деп топшылады Фрэмптон. 

Мұнда жаттықтырушының да алар орыны ерекше

Қазақстандық кәсіпқой боксшы Айдос Ербосынұлы алдағы кездесу туралы ойын білдіріп, рингте жаттықтырушы да басты рөлге ие екенін айтты. 

“Дайындықта және рингке шыққанда жаттықтырушы да маңызды. 2019 жылы Головкин өзінің жаттықтырушы Джонатон Бэнксті таныстырды. Ол бұрын Владимир Кличконы дайындаған әрі өзі де кәсіпқой боксшы болған. Алайда Головкиннің техникасының өзгеруі жаттықтырушыға байланысты емес. Жылдар өзінікін алады. Тіпті жаттығу да қартаюды тоқтатпайды.

Қазір Головкин үшін бұл тек мансап емес, бизнес. Әр жекпе-жегінде қомақты қаржы алады. Сондықтан ол соңына дейін күреседі”, – дейді Ербосынұлы.

Головкин нағыз жыртқыш секілді көрінеді

Промоутер Эдди Хирн Головкиннің жаңа салмақ дәрежесіне көтерілуі спортшы үшін тиімді екенін айтады. 

“Қазір Головкиннің бұл кездесу үшін барып салып жатқанын көріп отырмын. Ол 15 жыл бойы орта салмақта жұдырықтасып, енді екінші орта салмаққа көтерілді және нағыз жыртқыш секілді көрінеді. Генада Альваресті жеңу үшін барлығы бар. Альварестің бұл кездесуге дайындалғанын білемін, себебі жеңілістен кейін GGG-ді нокаутқа жіберуге ұмтылады”, – деп түсіндірді ол. 

Ал Альваресті жеңген Дмитрий Бивол Головкинді “жеңімпаз” деп атады. 

“Бәлкім, “Канело” фаворит шығар. Жекпе-жек бойынша емес, төрешілер шешімімен жеңген. Бірінші рет тең түсті, екінші рет “Канело” жеңген. Қазір Геннадий салмақ қумайды, бұл тиімді болады. Гена 72 келіде соққы жібергенімен, мұны сезбейтін. Енді ол 76 келіде соққылардың да ауыр болатынын түсінуі керек және аз соққы алуға тырысқаны жөн. Меніңше, Головкин жекпе-жекте басым түседі”, – дейді кәсіпқой боксшы. 

Айта кетейік, бүкіл әлем көз тіккен жекпе-жек алдында қос спортшы Лас-Вегаста көз арбасқан еді. Олар трилогиядан бірнеше күн бұрын жергілікті MGM Grand-да өткен салтанатты рәсімге қатысты.

Басқа материалдар

Back to top button