Жаңалықтар

Ұлттық код – Байтұрсынұлы болмысының кілті

Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының қазақ қоғамының дамуына сіңірген еңбегі ерен. 150 жылдық мерейтойына арналып Е.Бөкетов атындағы Қарағанды университетінде өткен «Ахмет Байтұрсынұлы – азаттық қозғалыстың рухани көсемі» атты ғылыми-тәжірибелік халықаралық конференцияда Алаш арысының қайраткерлік еңбегі жайлы мазмұнды баяндамалар жасалды.

Ұлттық код - Байтұрсынұлы болмысының кілті

Ғылыми шараға Қарағанды қалалық мәслихатының хатшысы Құдайберген Бексұлтанов, Е.Бөкетов атындағы ҚарУ-дың басқарма төрағасы-ректоры, заң ғылымдарының докторы, профессор, ҚР ҰҒА корреспондент-мүшесі Нұрлан Дулатбеков, ҚарУ-дың «Тұлғатану» ғылыми-зерттеу орталығының директоры, тарих ғылымдарының кандидаты Нұрсахан Бейсенбекова, филология ғылымдарының докторы, профессор Айгүл Ісмақова, тарих ғылымдарының докторы, профессор Рымбек Жұмашев, А.Мырзахметов атындағы Көкшетау университетінің ғылыми жұмыстар және халықаралық байланыстар жөніндегі проректоры Ардақ Қапышев қатысты.

Тарихи тұлға ұлықталған шараның ашылуында Қ.Бексұлтанов және Н.Дулатбеков Алаш арысының ғылымға сіңірген еңбегін айта келе, тұлғалық қасиетін ерекше атап өтті. Қоғам қайраткерінің мерейтойы аясында облыс аумағында атқарылған іргелі жұмыстарға тоқталды.

– Ұлттық ғылымға, оның ішінде қазақ тіліне сіңірген еңбегі, педагогикалық бағыттағы жұмыстары қашан да алдыңғы орында. Сонымен қоса, ол кісінің Қарағанды өңірінің қасиетті Қарқаралы жерінде өзінің ұстаздық жолын жалғастырғаны мәлім. Осының бәрі ұлт ұстазының ерен еңбегі. Қуантатыны – бұл іс-шараларға біздің университеттің ғалымдары ғана емес, студенттері де қатысып, ұлт ұстазының ұлағатты сөздерін, игі істерін зерделеп ойларына тоқыды деп ойлаймын. Жұмыстар жыл соңына дейін жалғаса бермек, – деді Нұрлан Орынбасарұлы.

Конференция барысында Ресей, Башқұртстан, Түркия мемлекеттерінің ғалымдары онлайн байланысқа шықты. РҒА Ресей тарихы институтының жетекші ғылыми қызметкері, тарих ғылымдарының докторы, профессор Д.Аманжолова «Проблемы изучения истории национальной интеллигенции начала XX века», Башқұрт мемлекеттік университеті Стерлитамак филиалының доценті, филология ғылымдарының кандидаты А.Утяев «Проблема лирического героя в башкирском литературоведении» атты еңбектерінде қоғам қайраткерінің тың қырларынан мағлұматтар берді.

– Мен қыркүйек айында Қарағандыда болғанда С.Сейфуллин атындағы театрда қойылған «Ұлтқа қызмет» спектаклін көрдім. Ұлттың тәуелсіздігі жолында қоғам қайраткерлерінің сіңірген ерен еңбегі жайлы естігеннен гөрі, атқарған жұмысын сахнада көзбен көрген дұрыс екен. Ол шынайылықты мен осы спектакльден байқадым. Тіпті, көзіме жас келді. Алаш зиялыларының ел іргесін бекемдеуге деген құлшынысы, батылдығы, басын бәйгеге тіккендігін көрдім. Бұл оңай болмаған екен. Алаш қозғалысы мен зиялылары туралы Түркияда көптеген мәліметтер бар. Олардың ұлттық рухына қашанда таңқалуымен келеміз, – дейді Кастамону университеті түркі тілдер әдебиеті кафедрасының профессоры, түркиялық Орхан Сөйлемез «Терең дәуір ақыны, Ахмет Байтұрсынов уақыты» атты баяндамасында.

Бауырлас елдегі жоғары оқу орнымен ҚарУ-дың арасында әріптестік байланыс бар. Екі ел студенттері білімдерін жетілдіру мақсатында тәжірибе алмасуда.

Сонымен қатар, ҚарУ-дың тарих ғылымдарының докторы, профессор Рымбек Жұмашев «А.Байтұрсынұлы және ұлттық тарихи-таным», А.Байтұрсынұлы музей-үйінің жетекшісі, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ доценті Р. Имаханбет «Ұлы ағартушы» тақырыптарында тұщымды баяндама жасады.

Алаш ардақтысының ақын, әдебиет зерттеуші ғалым, түркітанушы, публицист, педагог, аудармашы екені, сан саланы қамтыған еңбектері жайлы мағлұматтар баяндамада айтылды.

– Мен өз тақырыбымды «Ахмет Байтұрсынұлы – отарлауға қарсы тұрған ұлт ұстазы» деп алдым. А.Байтұрсынұлы – саяси элитаның көшбасшысы Әлихан Бөкейханның оң қолы. «Алаш» партиясының рухани көсемі. 1914 жылы А.Байтұрсынұлы «Бастауыш қазақ мектебі» мақаласында «Қазақ дербес тәуелсіз ел болам десе қазақтың мемлекетінің қазақ тіліндегі мектебі басты идеологиялық тірек болу керек» деді. Ол кезде қазақ мектебі жоқ. Сонда не істеу керек? Ахмет қазақ мектебіне қазақ тіліндегі оқулықтарды жазуды қолға алады. 65 жыл өмірінің 35 жылын түрмеде, қуғын-сүргінде өткізді. Әліппені жазған кім? А.Байтұрсынұлы. Әліппе бізде қандай сөзбен ашылады. Бүкіл әлемдегі әліппелерді ашып көрсеңіздер, дүниеуи сөздермен ашылады. Түрік тілдері ішіндегі қазақ тіліндегі әліппе несімен ерекше? Түрік елінің басты ұлттық коды бар. Ол этникалық кодымыз – ар, намыс, ұят. Осы сөздер Күлтегіннен келе жатқан атажұрт қазақтың ұлттық коды, – дей келе Айгүл Ісмақова – Байтұрсыновтың тек ұлтын сүйген ер ғана емес, білім, ғылым саласына тың көзқараспен, маңызды дүниелерді әкелген көреген ғалым екендігін тілге тиек етті.

Көкшетаулық профессор Ардақ Қапышев Алаш қайраткері – Сейітбаттал Мұстафиннің рухани мұрасы жайында баяндама жасады.

Өз ұлтының бағы жануы үшін барлық салаға араласып, ерен еңбек сіңірген қазақтың біртуар перзентін ұлықтаудан кенді қаладағы іргелі оқу орыны кенде қалған емес.

– Бүгінгі конференция қаңтар айынан басталған Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығына арналған гранттық жоба аясында өтуде. Мамыр айында Қарқаралы ауданы, Ақтеректе танымдық іс-шаралар өтіп, қаламыздағы бірқатар мектептерде де дәрістер оқылды, күні кеше дөңгелек үстел ұйымдастырылды. Бүгінгі шараға Мәскеуден, Башқұртстаннан және Алматы, Көкшетау, Астана қаласынан келген ғалымдар қатысып, тәжірибелерімен бөлісті. Жоба әрі қарай жалғасын тауып, конференция материалдары жинақталып, оқулықтар шығарылатын болады, – деп түйіндеді халықаралық конференцияны «Тұлғатану» ғылыми-зерттеу орталығының директоры, тарих ғылымдарының кандидаты, доцент, Нұрсахан Бейсенбекова.

Сағыныш ӘБІЛ

Басқа материалдар

Back to top button