Бас тақырыпМәселе

«ДҮРЛІГУГЕ СЕБЕП ЖОҚ» қымбаттаса да ұн бар, бидай да жеткілікті

«Жалпы, фермерлер қауымдастығымен бірлесіп, агроөнеркәсіп кешенін мемлекеттік қолдау тәсілдерін қайта қарау керек. Тапшылықтың және азық-түлік бағасының жөнсіз қымбаттауының алдын-алу үшін ауыл шаруашылығы өнімдерін мемлекеттік тұрақты қорларға форвардтық бағалармен сатып алу мәселесін пысықтау қажет».

Президент Қасым-Жомарт ТОҚАЕВТЫҢ

«Жаңа Қазақстан: жаңару мен жаңғыру жолы» Жолдауынан.

«Ұн қымбаттапты», «бидай тапшы» осындай қауесет әлеуметтік желіде желдей есті. Дүкен сөрелері босай бастады. Өйткені, еліміздегі ұн өндірушілер «1-1,5 аптаға жететіндей» бидай қоры қалғанын, одан кейін диірменді тоқтатуға мәжбүр болатынын айтып дабыл қақты. Анығын білейік деп осы салаға жауапты бірнеше мекемеге хабарластық. Олар «дүрлігуге себеп жоқ» дейді…

Дүрбелең қайдан туды?

Мемлекет басшысы «Жаңа Қазақстан: жаңару мен жаңғыру жолы» Жолдауында: «Аса тұрақсыз халықаралық жағдай қалыптасқан қазіргі кезде еліміздің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етудің маңызы зор. Украинадағы оқиғалар азық-түлік бағасының күрт өсуіне әкеліп соқтырды. Таяу уақытта бұл бағалар шарықтап кетуі де әбден мүмкін» деген болатын.

Дегенмен, нарық өз дегенін істемей қоймайды. «Елімізде қант – қат» деп дүрлігіп, дүкен сөресіндегі құмшекерді таласа-тармаса алып кеткенімізге көп болмай жатып, ұн да қымбаттады. «Бұл қалай болды?» деген халық тағы да базар жағалап кетті. Сөйтсек, «Қостанай облысында диірмендердің жартысынан астамы, Қарағанды облысында 15 диірмен жұмысын тоқтатты. Солтүстік Қазақстан, Павлодар облыстары мен Алматыда да диірмендердің басым бөлігі жұмыс істемей тұр. Біз, диірменшілер, екі-үш аптадан бері бидай сатып ала алмай отырмыз. Себебі, ұсыныс жоқ. Осының нәтижесінде ұн бағасы қымбаттайды. Қымбатшылықтан қашып құтылу мүмкін емес, себебі біз өндіретін өнімнің өзіндік құнының 85%-ы шикізатқа тәуелді», – деп Астық өңдеушілер одағы таратқан хабарламадан кейін болған дүрбелең болып шықты…

Алайда, Ауыл шаруашылығы министрлігінің Егіншілік департаментінің директоры Азат Сұлтанов: «Аймақтарда нанның бағасы тұрақты, оның өзгеруіне ешқандай негіз жоқ. Ал жекелеген өңірлердегі кәсіпорындарда шикізат тапшылығы байқалса немесе басқа да өсім байқалса, астық бағасы күрт өссе, астықтың құнын субсидиялау бағдарламасы жүзеге қолға алынады, ол «Азық-түлік корпорациясы» ресурстары есебінен жүзеге асырылады. Баға өңірлер үшін қазіргі нан өндіруге мүмкіндік беретіндей етіп белгіленетін болады. Айырмашылықты мемлекет субсидиялайды. Яғни, қазіргі уақытта әлеуметтік нан бағасын көтеруге негіз жоқ», – деген болатын бұл туралы.

Алаңдауға негіз жоқ. Ұн бар…

Алдымен Ауыл шаруашылығы бірінші вице-министрі Айдарбек Сапаровтың мәлімдемесіне тоқталайық. Ол өз сөзінде: «Өздеріңіз білесіздер, шикізат тапшылығына байланысты бірқатар ұн комбинаттарының қызметін тоқтатқаны туралы бұқаралық ақпарат құралдарында бірқатар жарияланымдар бар. Сөзімді астық тапшылығы жоқ деп бастағым келеді.  Республикада астық жеткілікті. Дүрбелең тудырмауға шақырамыз», – осылай деп Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында елді даурықпауға шақырды.   Оның айтуынша, 1 сәуірдегі жағдай бойынша елімізде 6,4 млн. тонна астық бар.  Жыл сайын Қазақстанда 3 млн. тоннаға жуық ұн өндіріледі, оның жартысы экспортталады.  «Ішкі тұтынуды ескерсек, бұл өзімізді қамтамасыз етуге және біразын экспортқа, оның ішінде ұн түрінде жіберуге де жеткілікті», – деп қосты Айдарбек Сапаров.   Ол ішкі нарықта тапшылық туындатпау мақсатында 2022 жылғы 1 сәуірдегі сыртқы сауда саясаты және халықаралық экономикалық ұйымдарға қатысу жөніндегі ведомствоаралық комиссияның шешімімен 15 сәуірден 15 маусымға дейін бидай экспортына квоталар енгізу туралы шешім қабылданғанын атап өтті. Бидайға 1 млн. тонна, ұнға 300 мың тонна квота  «Сонымен қатар аймақтарда бидайдың қорын бағалау мақсатында министрлік Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің Ұлттық статистика бюросымен және жергілікті атқарушы органдармен бірлесе отырып, ішкі нарықтағы жағдайға мониторинг жұмыстарын жүргізуде», – деп қосты Ауыл шаруашылығы бірінші вице-министрі.

Ал, бұл жөнінде Қарағанды облысындағы осы салаға жауапты мекемелер не дейді? Соған тоқталайық…

Бізде жағдай қалай?

«Өңірдегі жағдай қалай?» деген сұрақпен облыстық ауыл шаруашылығы басқармасына хабарластық.

Басқармадан: «Соңғы уақытта ұн өндіруге арналған астық тапшылығы туралы ақпарат пайда болды. Бұған дейін облыста астық қоры жеткілікті, тапшылық қаупі жоқ екені бірнеше рет айтылған болатын. Бұқаралық ақпарат құралдарында және әлеуметтік желілерде таратылатын ақпарат сенімсіз, бұл – нарық субъектілеріне қысым көрсету әрекеті, сондай-ақ жосықсыз бәсекелестіктің көрінісі», – деген мәлімет алдық.

Олардың айтуынша, ішкі нарықта астық пен ұнның қажетті көлемі жеткілікті, егін орағына дейін облыстың ішкі қажеттілігін өтейді екен.

«Бүгінде облыста 300 мың тонна бидай бар. Оның 110 мың тоннасы – тұқым қоры, 190 мың тоннасы – азық-түлікке арналған астық. Облыс бойынша ұтымды нормативтер бойынша ұнға деген жылдық сұраныс 12,3 мың тоннаны құрайды. Астық бойынша – 17,6 мың тонна. Яғни, азық-түлік бидайының қолда бар көлемі – 190 мың тонна. Бұл – жылдың соңына дейін жететін қор. Сондай-ақ, облыста ұн да жеткілікті екенін хабарлаймыз. Ұн тартатын кәсіпорындардың қоймасында 11,2 мың тонна ұн бар», – делінген арнайы жауапта.

Сондай-ақ, Резервтік қорда 7,7 мың тонна 1 сортты ұн бар, бұл көлем жаңа өнімге дейін әлеуметтік нан пісіруге жеткілікті. Резервтік қордың ұнынан жасалған әлеуметтік нан бүгінде облыстағы сауда орындарына бір бөлкенің бағасы 85 теңгеден жеткізілуде.

Сонымен қатар, қазан айына дейін 1 сұрыпты бидай ұнынан жасалған таба нан бағасын тұрақтандыру шаралары туралы меморандум аясында «Азық-түлік келісімшарт корпорациясы» ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамы арқылы облысқа 13 750,2 тонна (айына 2 291,7 мың тонна) әлеуметтік астық жеткізілетін болады.

Ескіні жаңарту неге керек?

«Негізі Қарағанды облысында 43 ұн тарту кәсіпорны тіркелген, оның ішінде бүгінде 21 кәсіпорын жұмыс істейді, 9-ы өз қызметін уақытша тоқтатты (1 – 2015 жылдан, 5 – 2016-2019 жж., 1 – 2020 жылдан, 2 – 2021), 13 кәсіпорын жабылды. (3 – 2015 жылы, 1 – 2016 ж., 3 – 2017-2018 жж., 1 – 2019 ж., 2 – 2020, 3 – 2021 ж.)». Бұл – ауыл шаруашылығы басқармасынын мәліметі.

Осыған қарап отырып, мақала басында айтылған «Биыл Қарағанды облысында 15 диірмен жұмысын тоқтатты» деген сөздің қисынмысз екендігіне көз жетеді. Бұл жерде «Ескіні жаңарту неге керек?» деген сұрақ туындары анық. 15 диірмен жұмысын тоқтатты деп отырғандары, бұған дейін нарықтағы бәсекеге шыдай алмай «ойыннан» шыққан кәсіп иелері. Сонымен қатар, олардың бәрі биыл емес соңғы 7 жылда нарықпен қош айтысқандар…

Ауыл шаруашылығы басқармасы «2021 жылы облыста 275,1 мың тонна, ал, биылғы жылдың қаңтар-наурыз айларында 68,3 мың тонна ұн өндірілді. Жағдай бақылауда, ұн мен бидай тапшылығы болады деп дүрлігуге негіз жоқ», – дейді.

Ал, облыстық «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының бөлім басшысы Әділ Сейілов:

Ұн тапшылығы болады деген ақпарат тарағаннан кейін, арнайы мониторинг жүргіздік. Негізінде, алаңдауға еш негіз жоқ. Өйткені, кәсіпкерлерден ұн тапшылығы немесе диірмендердің жабылуы туралы мәселелер кейінгі уақытта туындаған жоқ. Ескі ақпаратқа сене беруге болмайды, – деген уәжді алға тартты.

Қарағанды облысында 15 диірмен үздіксіз жұмыс істеп тұр. Бұл – «Мутлу» компаниялар тобының бас директоры Дос-Мұқасан Тәукебаевтың айтқаны.

Бұл әңгіме 17 наурызда Ресей бидайды экспорттауға шектеу қойғаннан кейін басталды. Осының кесірінен бұрын бидайдың 1 тоннасы 115 мың теңге болса, бүгінгі күні 160 мың теңгеге бірақ секірді. Салдарынан 50 келілік бірінші сұрыпты ұн бағасы 9 300 теңгеге бірақ жетті. Үкіметке диірменшілер үндеу жолдадық. Онда, біз, астықты өз диқандарымыздан сатып алуды, сонымен қатар, қолда бар астықты шетелге сатуды күзге дейін шектеуді сұрадық. Шаруаларды да түсінуге болады. Қырмандағы астығын қымбатқа беріп, шаруашылығын түзетіп алғысы келер. Бірақ, қымбатшылық кесірі қара халықтың қалтасын қағатынын түсінуіміз керек-ақ.

Ауыл шаруашылығы министрлігі қамба толы дейді. Бірақ, сол астық қайда? Неге, ашығын айтпайды? Осы сұрақтар бізді мазалайды.

Анығы, әлеуметтік нан қымбаттамайды. Ал, дүкен мен базарда қымбатшылық болуы ықтимал. Дегенмен, біз сұрағандай 1 тоннаға 130 мың теңгеден қылса, ұн бағасы қазіргі бағадан әжептәуір арзандар еді, – дейді Дос-Мұқасан Әріпұлы.

Қазіргі таңда алып-қашпа сөз шықса болды, артынан ілесе кету белең алып барады. Кешегі қант, бүгінгі ұнның дүрбелеңі – соның айғағы. Қымбатшылықты өзіміз жасап отырғанымыз сөзсіз. Ол, әрине, саудагер мен делдалға ғана тиімді. Зардабын шегетін өсекті өзі таратып, өз өтірігіне, өз отына күйетін тұтынушы ғана…

Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ.

Басқа материалдар

Back to top button