Бас тақырып

«Ынтымақ – елдің ырысы»

Қолымда – өмірі ұстап көрмеген қару. Жаңбырша жауған оқтан бұғып, окопта жатырмыз. Төбемізден тікұшақтар олай-бұлай өтіп, от шашып жүр. Мұндайды тек кинодан ғана көруші едік. Соғыстың қашан әрі қалай басталғанын да білмеймін. Кенет, анау тұстан «Отан үшін!», «Жер үшін!» деп ұрандаған солдаттардың дауысы анық естілді. Сол сөз намысты қайрағандай, бәріміз тұра ұмтылдық. Алайда, жаудың оғынан қашып құтыла алмадым. Кенет кеуде тұсымды түйреп өткендей болды, құлап бара жаттым…

Мұндай да түс болады екен ғой…

Мұндай түстен кейін бейбіт күннің қадірін түсінеді екенсің. Соғыссыз, тату-тәтті өмір сүріп жатқанға не жетсін, шіркін! Бүгінде өзге елдермен тереземіз тең. Ымыра бірлік пен татулығымыз жарасқан.

Қарап отырсақ, әлемнің түпкір-түпкірінде түрлі келеңсіз жағдайлар орын алып жатыр. Ал, елімізде бейбіт өмір салтанат құрып тұр. Тәуелсіздік алған жылдан бері қарқынды дамып келеміз. Әр азамат өзі қалаған іспен айналысып, ел дамуына үлес қосуда. Сонау жылдары шекара асып кеткен талай қандас елге оралып, азаматтық алды. Жыл сайын жаңа бағдарламалар іске асып, нәтижесінде елімізде 3 мегаполис бой көтерді. Олардың әрқайсысында 2 миллионға жуық халық өмір сүреді. Оның ішінде түрлі этнос өкілдері де бар. Бұл – үлкен жетістік.

Байтақ өлкемізде бір тудың астында жүзден астам этнос өкілдері тату-тәтті өмір сүріп жатыр. Қазаққа деген ілтипаты ерекше. Әрине, бұл – міндет. Бірақ, бұл біріншіден жат жұртты бауырына басқан елге деген құрметі олардың. Тіпті, қазаққа қызын беріп жатқандары да жоқ емес.

Осыдан бірнеше күн бұрын күндегі әдетіме салып кешкі серуенге шықтым. Орындықта отыр едім, кенет қасыма жасы 70-тен асқан орыс әжей отырды. Жүзі ашық, ақкөңіл жан екен. Шамалыдан соң менен атымды сұрап, әңгіме айта бастады. Өзі аласапыран уақытта Украинадан көшіп келген екен.

Менің 3 ұл, 1 қызым бар. Олар жұмыс бабымен, арман қуып Ресейге кетті. Өкінішке орай, бір ұлым сол жақта қайтыс болды. Содан оларды Қазақстанға шақырып алған едім. Кейін ұлдарым қайта қайтып, қызым Словакияға кетті. Қызым сол жаққа барып орналасқаннан кейін мені қолына шақырды. Содан не керек, бардым. Алайда, ол жаққа үйренісе алмай қайтып Қарағандыға келдім. Ол жақтың көлі, табиғаты мен керемет көрінісіне бола қайтпай-ақ қоюға болушы еді. Мен ол жақта еркін жүре алмадым. Өз басым Майқұдықта 50 жылдан астам уақыт тұрдым. Міне, менің жан қалауым. Мен осы Қарағандыда ғана өзімді еркін сезінемін. Себебі, бұл жер менің туған жерімдей, Қазақстан – Отанымдай болып кетті. Және мәңгіге осы жерде қаламын, – деп бір күрсініп қойды.

Бұл әңгімеден кейін қараусыз қалған әжейдің күйіне еніп, еріксіз көзіме жас тығылды…

Қарағанды облысы – өндірістің жүрегі, қара алтынның Отаны. Осы аймақта талай этнос өкілдері жұмыс істеп, өңірдің дамуына сүбелі үлес қосып келеді. Барлық қазақстандықтың басын қосып, бір шаңырақ астында біріктірген – Қазақстан халқы Ассамблеясының да еңбегі бір төбе. Татулық пен ымыра бірлікті ту етіп, талай жылдан бері үлкен жұмыстар атқаруда. Осы мейрамды ресми бекітуінің де сыры – ортақ құндылықтарды насихаттау еді.

Сөзімізге тұздық болсын. Сонау заманда Кененнің Базар, Назар атты ұлдары қайтыс болғанда, Алатаудың әр жағынан әйгілі қырғыз ақыны Оспанқұл келіп, басу айтыпты.

«Алатаудың басындай,

Басыңды бұлт торлады-ау.

Орта жасқа келгенде,

Мұңды қайғы орнады,

Қырықтан асқан жасың бар,

Көкала сақал шашың бар.

Түскен тұман жарқ етіп,

Шыққан күндей ашылар.

Әйешің тағы ұл тауып,

Асығың қайта шашылар…», – деген екен.

Міне, осы достық пейіл айыр қалпақты ағайындармен бүгінге дейін ұштасып, ымыра-бірлікте күн кешуде. Сонымен қатар, Абай мен орыс зиялысы Евгений Михаэлистің, Шоқан мен В.Радловтың достығы туралы күні бүгінге дейін тамсана әңгіме шертеміз.

Бізде халықты ұйыстыратын осы күн дәстүрге айналды. Әрине, бұл ел ішіндегі тұрақтылық пен ауызбіршілік, татулық пен ынтымақтастықты қамтамасыз ету үшін таптырмас құралы. Әрі өзге ұлт өкілдеріне сый-құрмет.

Ең бастысы – бейбіт әрі тыныш заманда өмір сүріп жатырмыз. Шүкір қылатын дүние көп бізде…

Ербол ЕРБОЛАТ.

Басқа материалдар

Back to top button