Бас тақырып

Ауыл медицинасы: Жолдаудан – жобаға

Облыс бойынша ауылдарда 194 689 адам тұрады екен. Оның басым бөлігі ересектер, 26%-ы – балалар. Жасөспірімдер 6% болса, репродуктивті жастағы әйел адамдар 55%-дың шамасында. Олар денсаулығына байланысты түрлі деңгейдегі 289 медициналық мекемеге жүгінеді екен. Оларда 369 дәрігер мен 1500-ға жуық орта медициналық қызметкер көмек көрсетеді. Десе де, қалаға барып қаралатындар көп. Жалпы, ауылдағы ағайынның денсаулығын дұрыс күтпейтіні жиі айтылады. Ал, оның себебі – ауыл медицинасы инфрақұрылымның нашарлығы, емдеу орындарының жоқтығы, дәрігердің тапшылығы айтылып, жазылғанымен, Үкімет деңгейінде ден қойылуы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» Жолдауынан кейін ғана. Енді, осы мақсатта «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы әзірленіп жатыр. Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғинияттың айтуынша, ол келесі жылы іске қосылмақ.

Ауыл медицинасы: Жолдаудан - жобаға

Ұлттық жоба аясында ауылда тұратын 7,1 млн. халықтың денсаулығын жақсарту, сапалы медициналық көмек көрсету мақсаты тұр. Министрдің дерегінше, ұлттық жоба аясында 655 алғашқы медициналық-санитарлық көмек нысаны салынбақ. Оның 228-і жаңадан, жұмыс істеп тұрғандарының орнына 427 нысан салынады. Мұның ішінде облыс аумағында бой көтеретіні – 92. Денсаулық сақтау басқармасында айтқандай, оның 13-і дәрігерлік амбулатория, 24-і фельдшерлік-акушерлік пункт, 55-і медициналық пункт болады.

– Ауылдардың арасы айтарлықтай қашық. Қазір ауыл тұрғындарының көпшілігі медициналық сақтандыру жүйесінде тіркелмеген. Олардың арасында шаруа қожалықтарының жұмыскерлері, өзін-өзі қамтыған адамдар көп. Қазіргі уақытта облыстың ауылдық денсаулық сақтау жүйесі құрамында 289 денсаулық сақтау субъекті істеп тұр. Ауыл тұрғындарына уақытылы шұғыл медициналық көмек көрсету, «алтын сағат» қағидатын сақтау және жаңа технологияларға қол жеткізу үшін орталық аудандық ауруханаларды қосымша жарақтандыру жоспарланып отыр, – дейді облыстық денсаулық сақтау басқармасы маманы Алма Қанафина.

Ауылдық жерлерде медициналық қызмет көрсету сапасының төмендігі, консультациялық-диагностикалық қызметтерге ауыл тұрғындарының қолы жетпейтіні жасырын емес.

Қан қысымын өлшеп берді, өзің апарған дәріңді салып берді дегеннен басқа ауылдағы медицина қызметкерінің қолынан келер қайран жоқ.

Ауырған жұрт амалсыздан қалаға бет алады. Бүгінде ауыл тұрғындары арасындағы өлім-жітім көрсеткішінің құрылымында қан айналым жүйесі ауруларынан, қатерлі ісіктерден, тыныс алу жолдары ауруларынан және жарақаттардан болатын өлім-жітім басым. Мұндай деректі Денсаулық сақтау министрлігі келтіріп отыр. Сондықтан, аудандық ауруханалар деңгейінде жоғары технологиялық медициналық жабдықтармен қамтамасыз ету қолға алынып жатыр. Мәселен, Осакаров және Қарқаралы аудандарында жаңа КТ аппараты қолданысқа берілді. Қарқаралыдағысы кеше ғана іске қосылыпты.

– Жаңа аппаратпен жұмыс істейтін маманымыз бар, енді қабылдау кестесін құрамыз, – дейді Қарқаралы ауданының аудандық ауруханасы директорының міндетін атқарушы Назира Идрисова.  – Одан бөлек, ФГДС аппаратының жаңа үлгісі әкелінді. «Олимп» зертханасы ашылды. Тұрғындар облыс орталығына бармай-ақ, анализ талдауларын осында жасата алады. Жылжымалы дәріхана іске қосылып, ауылдарды аралап кетті. Ұлттық жоба аясында ауданда 20 нысан салынады. Оның ішінде, 3 дәрігерлік амбулатория, 6 фельдшерлік-акушерлік және 11 медициналық пункт. Құжаттары рәсімделіп жатыр. Мамандарға келсек, эндокринолог жоқ. Психиатр маманы зейнет жасында және окулист бала күтіміне байланысты демалыста. Кадр жағынан айтарлықтай тапшылық жоқ. Ауданға келетін дәрігерлерге арналған дәрігерлер үйі бар. Ондағы 28 үйдің 3-4-еуі бос тұр. Жаңадан мамандар келсе, баспана жағынан алаңдамауына болады.

Жалпы, облыстағы ауылдық елді мекендерде жұмыс істеп жүрген 369 дәрігер мен 1446 орта медициналық қызметкер бар екен. 10 000 адамға шаққанда тұрғындардың дәрігермен қамтылуы аудандар бойынша 16,4, орта медициналық қызметкерлермен қамтылуы – 64,1. Басқарманың дерегінше 22 маман тапшы. Атап айтқанда, жалпы практика дәрігерлері, акушер-гинеколог, эндокринолог, хирург, инфекционист, терапевт, отоларинголог, офтальмолог, провизор, фармаколог мамандарына қажеттілік бар.

– Маман тапшылығы бойынша медициналық жоғары оқу орындары және колледждермен бірлескен жұмыс жүргізілуде. Аудан әкімдіктері мен медициналық мекемелер өз қаражаты есебінен резиденттерді қажетті мамандықтарға оқыту мәселесін шешіп жатыр. Жас мамандарға қызметтік дайын тұрғын үй, пәтер бөлу мәселелері шешілді. Сонымен қатар, ауылдық жерлерге барлық медицина қызметкерлерге коммуналдық төлемдерді төлеп беру, әлеуметтік қолдау, балалары болса, балабақшаға орналастыру бойынша шешім қабылданды. Ауыл медицинасына кадр тарту, сондай-ақ, оларды әлеуметтік қолдау шараларымен қамтамасыз ету мәселесі тұрақты бақылауда, – дейді А.Қанафина.

Ел көлемінде ауылдарда 1 700- ден астам медицина қызметкерінің қажет екенін статистикалық деректер көрсетеді. Ұлттық жоба осы тапшылықты жоюға бағытталды. Сонымен бірге, оның аясында ауылдағы медициналық қызметтердің, оның ішінде профилактикалық тексерулердің, скринингтердің қолжетімділігі мен сапасын арттыруға, сондай-ақ, ауруларды ерте анықтауға мүмкіндік болмақ. Медициналық мекемелер заманауи медициналық жабдықтармен қамтылады. Бұл игілікті ауыл халқы 2023-2025 жылдардан бастап көрмек.

Жансая ОМАРБЕК.

Басқа материалдар

Back to top button