Бас тақырыпРуханият

Түптамырды сақтау жолындағы текетірес

Адам баласы – тіршілік атаулының ең күрделісі. Ақыл-ой дамып, қоршаған ортаға алапат қауіп төндірсе де, тіршілік иелері арасындағы тепе-теңдік маңызын жоймақ емес. Жұмыр басты пенде де сол тепе-теңдікті сақтаушы жаратылыстың бір бөлшегі. Осының барлығын тербеп тұратын өмірдің төрт құбыласы бар. Төрт құбыла тіршілік тепе-теңдігін сақтауға күш салса да, өмірде жақсылық пен жамандықтың текетіресі бітпейді. Осының бәрін өзегіне сыйғызған Шерхан МҰРТАЗАНЫҢ «Текебұрқақ» әңгімесі С.Сейфуллин атындағы облыстық академиялық қазақ драма театрында өнер қарашаңырағаның көркемдік жетекшісі Айдын САЛБАННЫҢ режиссерлігімен философиялық-пластикалық морфоза жанрында сахналанды. Мың ойланып, жүз толғандық. Мұндағы таутекелердің үйір билігіне таласқан текетіресімен қатар, адам мен табиғат арасындағы үндестікті және ұлт тамыры мен болмысын сақтау үшін болған сойқан текетіресті де көрдік. Композиторы – Серікжан АЙТҚАЛИЕВ, сахна сайысын қоюшы – Жалынбек АХАН, балетмейстер – Перизат ӘБДІРАХМАН.

 

Философиялық тұрғыдан – терең ойға батырды, пластикалық жағынан – бар идея мен көркем ойды музыкалық қалыпта жеткізді. Морфозалық қыры – тіршілік тамыры мен әр ұлттың төл түптамырын сақтаудағы және адам баласы мен табиғат арасындағы тепе-теңдікке төнген қауіпті тірідей көрсетті.

Басты рөлдегі адам баласы Нәпіл бейнесін – Мадияр Қойшығарин, бөрілер үйірінің Абаданы қасқырын – Серікболсын Қайыржанов өз деңгейінде ойнап шықты. Басқа образдар осы бейнелерді толықтырып, қойылымның мәнін ашып отырды.

Бір ерекшелігі – мұнда сөз аз. Бірді-екілі диалогты есептемегенде тұтастай музыка, қимыл-қозғалыс, би, күрес. Жоғарыдағы есімдері аталған мамандардың көрерменге ұсынған идеясы ортақ қабысып, көрерменді баурап алды. Бас жағында ептеп дендей алмай отырғанымыз рас. Өйткені, драмалық қойылымдардағы сөз бен әрекетке үйренгенбіз. Оқиға желісінің шиеленіскен тұсында нағыз текетірес басталды.

Мұнда адамдар, тауешкілер, қасқырлар әуегі, қорқаулар және аю бейнелері бар. Арадағы келіспеушіліктің бәрі музыкалық композиция түрінде ықшамдалған. Оқиға барысынан әркім әр түрлі ой түйері анық. Елдің ертеңі мен ұлттық құндылықтар да, ұлтқа төніп тұрған қауіпті де байқадық…

Тауешкілерді басқаруға таласқан кәрі теке мен жас теке айқасында кәрісі жеңіске жетеді. Өлген жас теке бөрілердің азығына айналады. Ал, «Текебұрқақ» маусымы басталғанда тауешкілерге иелік етуге кәрі текенің шамасы жетпейді. Оларға күтпеген жерден аю шабуыл жасап, кәрі теке тауешкілерді қорғау үстінде ажал құшады. Өз жемтігін кім қолдан беріп қояды? Шекарасына кіріп, иелігіндегі тауешкілерге шабуылдаған аюға Абадан мен ана қасқыр бастаған 3 бөлтірік тап береді. Шайқаста бір бөлтірік ажал құшады. Текесіз қалған тауешкілері ұрпақ көбейтуді емес, табиғатты күреп кеміруді ғана ойлап, мүжуге кіріседі. Осылай жастыққа жол бермеген кәрілік тепе-теңдіктің бұзылуына әкеп соғады. Біз де қазір осы қауқарсыз кәріліктен әлі таяқ жеп келеміз…

Қорқаулар болса, дайын асқа тік қасық болғысы келіп, қанша сумаңдаса да, қасқырлардан айласын асыра алмайды. Ал, бір аяғын Абадан қасқыр жеп қойған бас кейіпкер Нәпіл де сол абаданды бір кездері артқы аяғынан айырған. Екеуінің де тәнінде ақау, жүрегінде жара бар. Бірақ, олар бір-бірінің қадірін біледі…

Осы күрестің бәрін домбыра, қобыз, жетіген сынды 15 түрлі аспаппен ойнап, көрерменнің көкірек көзіне жеткізген төрт құбыла да өзара үйлесімділіктен айырылады. Бірақ, Нәпіл «Абаданды ат» деп ұрпағы қанша азғырса да, бөрінің киесін ескеріп, оны ажалға қимайды. Ақыр соңында Абаданды өздері атпақшы болған бауырларының оғына кеудесін тосқан Нәпіл қатты жараланады. «Іштен шыққан жау жаман» деген осы болар.

Осылайша, адамдар киелі деп санайтын бөрімен жауласып, тауешкілер жаратылыс бейнесінде алынған қара қазандағы өмірді бейнелейтін тіршілік ағашын кеміріп, түптамырымен жұлып алады да, өзара текетірес басталып, дүние астан-кестен болады. Осы сәтті пайдаланған аю мен шибөрілер адам баласы мен бөрілердің қастерлі қос биігіне шығып алып, бұлардың ішінара айқасына от үрлеп отырады.

Мұндағы адамды түркінің ұрпағы қазақ деп, бөріні соның киесі деп ұқтық. Ал, оқиға өтіп жатқан жерді қазақ даласы деп қарастырдық. Демек, аю мен қорқау киік болмысты, бөрі мінезді халықты жер иесінен де қасиетті киесінен де айырды деген сөз бұл. Мұның барлығы жалаң түрде емес, философиялық кейіпте терең зерделеніп, адамзаттық тұрғыда ойластырылғаны аңғарылып тұр. Мұнда тек қазақ халқына ғана емес, адамзатқа, тіршілікке қауіп төндірген өкінішті алауыздық пен ашкөздік те көрініс тапқан. Себебі, танымы мен тамыры тереңде жатқан түркі халықтарынсыз тіршілікті елестету қиын. Сол тіршілікті сақтауда түркі халықтарының өз үлесі, түсінігі бар. Киік сынды азая түскен адами құндылықтарға адам баласы мен табиғаттың санитары һәм біздің киеміз Абадан қасқыр бастаған қасқыр әуегінің алаңдаушылығы қатты тебірентті. Ал, ұрымтал сәтте қос биікті иемденген қорқау мен аюдың кім екендігін сезіп отырған боларсыз…

Соңында жаратылыстың мәңгілік ізгілікке бастайтын күйімен тіршілік күйін тебірене орындап отырған (оңтүстік, солтүстік, батыс, шығыс!) төрт құбыла да қасиетті қара қазаннан тамырымен жұлынған тіршілік ағашының аянышты тағдырынан кейін басы ауған төрт тарапқа қаңғып кете барды. Бұл біздің өзгенің қаңсығын таңсық көріп, төл мәдениетімізден бас тартқан аянышты хәліміз болар, кім білсін?!.

Сахнаның безендірілуі, тұтас пластикалық композиция, сахна сайысы, би қимылдары ортақ үйлесім тапқан. Режиссердің шешімдері де айтарлықтай тосын. Өте тартымды дүние болды. Әрі демалдық әрі рухани байып қайттық.

Соңындағы көрерменнің ыстық ықыласы мен құшақ-құшақ гүл шоқтарының өзі көп нәрседен хабар берсе керек. Арасында ащы юмор да бар. Кәрі текенің үйірге «Текебұрқақ» жасарда белінен омырылып, аюға жем болуы да езуімізге күлкі үйірді.

Қойылым – өте күрделі. Оқиғаның желісі қазіргі қоғамдағы өзекті дүние. Соны актерлердің шеберлігі арқылы көрсету – үлкен жауапкершілік. Кейде театрда көп нәрсе байқалмай жатады. Бірақ, осындай бетпе-бет қойылымда тілсіз-ақ, ұлттың жанына бататын өмір шындығы бүкіл көрерменді ойландырды дей аламын. Өзіме өте ұнады. Театрға жиі келемін. Ш.Мұртаза сүйікті авторым. Жастар көп келді. Актерлердің шеберлігі тәнті етті. Залдағы мен сахнадағы энергетика қатты қабысты. Әртістердің айтқысы келгені көрермен жүрегіне жеткені анық. Кеңестік дәуір мен қазіргі театрды көрген буын ретінде айтарым, бұл жанрдың жөні бөлек. Көрермен үшін өте қажет. Артықшылығы көп. Қазақ танымында қас, көз, қабақпен түсіндіретін қиымлдар бар. Сол тұрғыдан шығарма да, жанр да сәтті таңдалыпты. Осындай қойылымдар жиі қойылса екен, – дейді Е.Бөкетов атындағы ҚарУ-дың қазақ тіл білімі кафедрасының қауымдастырған профессоры Айнагүл Қазанбаева.

«Жер беті мыңғырған қызыл киік, ақбөкен болар еді. Біз, Бөрі тұқымы сол жабайы аңдардың ақсақ-тоқсақ, ауруын азық етіп, дүниені ластан, ауру-сырқаудан тазартып жүрген дәруіштер едік. Сендер, тауфихсыз, тарих танымас қосаяқтылар киік тұқымын қырып біттіңдер! Жер бетінен Көк бөрі тұқымы үзілсе, сен, Адам, тап-тақыр жетім қаласың…». Бұл Ш.Мұртазаның «Текебұрқақ» әңгімесінің соңындағы жолдар. Мұны тікелей түсінсек те қате емес. Астарлы мәнін де айналып өткен жоқпыз. Ал, театр – кемел ой мен терең ұғымдардың ордасы. Бұл бөлек қойылым біздің есімізде ұзақ қалары анық. Сонымен қатар, жаратылысқа, тіршілікке, түбімізге, тамырымызға деген құрметімізді арттырып, рухымызды тасытты. Еңсені күйбең езіп, жан-жақта аласапыран жайттар орын алып, ел тағдыры жайлы ой түю қиынға соққан тұста сол қажеттіліктің дәл үстінен түскен қойылым болды. Режиссер мен ұжым қойған мақсатына жетті дей аламыз.

Театр бізді осындай құндылықтар жолында текетіреске, күреске шақырып отыр. Ал, біз кез келген уақытта бұған дайын жүруіміз керек-ақ. Меніңше, текетірес қазір де жүріп жатыр…

Жәлел ШАЛҚАР.

Басқа материалдар

Back to top button