Жаңалықтар

Зарқын ТАЙШЫБАЙ: «Мағжан Кеңес үкіметіне қарсы болды деген ұлы дақпырт»

Алаш арыстарының бірі, қазақтың аяулы перзенті, ақын, күрескер Мағжан Жұмабайдың өмірі, қызметі, шығармашылығына қатысты бізге әлі беймәлім дүниелер аз емес. Солардың бір парасына белгілі абылайтанушы және мағжантанушы ғалым, академик, филология ғылымдарының кандидаты, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің профессоры Зарқын ТАЙШЫБАЙМЕН ашық әңгімеден қанық болдым. Газет оқырмандарына қызықты болар деген ниетпен екеуара сұхбатымыздың қысқаша нұсқасын жариялауды жөн көрдім.

Қадірлі Зарқын Сыздықұлы, 2007 жылы жарық көрген «Мағжанның Қызылжары» монографияңыз ақынның өмірі мен қызметі туралы мағлұматтарды нақты жазба деректермен, мұрағат құжаттарымен байытқан бірегей құнды еңбек ретінде бағаланды. Осы еңбекте алғаш рет «Мағжанның өмірі мен шығармашылығының елеулі кезеңдері» деген анықтама деректер беріліп, шығармашылық өмірбаяны ғылыми түрде уақыт ретімен, уақиғалар желісімен нақтыланды. Әйтсе де, ұлы ақынның өміріне, шығармашылығына қатысты қалың оқырманды ойландыратын сауал көп. Мәселен, жұрттың көпшілігі Мағжан, Міржақып, Жүсіпбек және басқа да Алаш қайраткерлері Кеңес үкіметіне қарсы болып, 1937-38 жылдардағы жаппай репрессия кезінде атылып кетті деп ойлайды. Әңгімеміздің әлқиссасын осыдан бастасақ…

«Мағжан Жұмабай 1937 жылы атылып кетті», «1937 жылы атылғандардың бәрі Кеңес үкіметіне қарсы болған» дегеннің бәрі бос сөз, ұлы дақпырт. Мағжанның бірде-бір өлеңінде: «Кеңес үкіметі құрысын!», «Мен кеңес үкіметіне қарсымын!», «Коммунистік партияға қарсымын!» деген сөз жоқ! «Ленинге, Сталинге қарсы болдым» деп ақын жазған емес. Керісінше, Мағжан ең бірінші кеңес үкіметін қолдаған адам. Осы сөзіме нақты тарихи дерек келтірейін. 1919 жылы Казревком құрылып, келер жылы, яғни, 1920 жылы Омбыда Казревкомның Сібір бюросының «Кедей сөзі» атты партиялық газеті шыға бастайды. 22 ақпанда тұңғыш саны жарыққа шыққан сол газеттің құрастырушы, шығарушыларының бірі – Мағжан Жұмабай. «Кедей сөзін» алғашқы санынан бастап түгел зерттедім. 1922 жылы 19 наурызда ол газеттің атауы «Бостандық туы» болып өзгереді. Онда да Мағжан қызмет істеген. Бұл басылым «Ұшқыннан» (қазіргі «Егемен Қазақстан») 3 айдан кейін шыққан. Оны жұрт қазір «Солтүстік Қазақстан» газетінің атасы деп жүр, олай ғана емес. Тарихи әділдікке жүгінсек, Солтүстік Қазақстан, Көкшетау, Ақмола, Қарағандының облыстық, тіпті қалалық, аудандық газеттерінің бәрі «Кедей сөзінен» тараған дегеніміз жөн.

Газеттің 1-ші санындағы мақалаларға қол қойылмаған. 2-ші және 3-ші санынан бастап, Мағжанның публицистикасы шыға бастаған. Бірден байқағаным, Мағжан не туралы жазса да (азық-түлік, сауда, ішкі-сыртқы саясат, өлең-жыр) үнемі қазақтың азаттығы, тәуелсіздігі, мемлекеттігі туралы айтып отырады. Сөйтіп отырып, Ленинді мақтайды. Ол кезде бір ғажабы, РСДРП партиясы, оның бльшевиктері деп мақтамайды. Кеңестік құрылыс патшаның самодержавиесінің тепкісінен қазақты құтқарды деп жазады. «Кедей сөзінің» 1921 жылғы 19 наурыздағы санында «Екіден бір» атты көлемді мақаласы газеттің екі бетіне жарияланған. Ол мақалада 1921 жылы 31 қаңтар – 30 наурыз аралығында болған орыс шаруаларының көтерілісі туралы айтылады. Қырғын соғыс Солтүстік Қазақстан, Көкшетау, Ақмола, Атбасар өңірін қамтиды. Мағжан болса, сол көтерілістің қазақтарға қатысы жоқ деп жазады. «Бұл көтерілістің мақсаты – кеңес үкіметін құлату, ал қазаққа теңдік әперген кеңес үкіметі. Патшаның заманында қазақты кім адам құрлы көріп еді? Орыстың қамшысы қазақтың арқасында ойнаған, қазақта ешқандай теңдік болмаған. Бізге теңдік алып берген кеңес үкіметі!» деп ұрандап жазады. Мұндай ұстанымын 1922 жылы жазған «Қызыл ту», «Автономия кімдікі?» деген өлеңдерінен көреміз.

Зақа, «Біздің алдымызда екі ғана жол бар. Азаттық, не құлдық. Не совет бостандығы. Не Николай мен Колчактың құлдық қамыты. Міне, қазаққа осыны ұғатын мезгіл жетті. Әрелікті мүмкін емес екендігін талай тәжірибелер көрсеткендей болды. Қазақ енді көруге тиіс. Алдымызда екі жиын қара тұр. Біреуі – ел болам деген қазақты шетінен бауыздау керек деп қылышын даярлап тұрған Дутов, Иванцов, Ринов сықылды қара жүздер. Екіншісі – құлдықта езілген сорлы елді, қатарға кір, ел бол деп, құшағын жайып тұрған Ленин, Сталин жолы» деп жазған Мағжан ақынға қып-қызыл жала қалай жабылды? Жалпы, Мағжанды кім ақтады? Осы сауалдың жауабы әлі күнге дейін неге айтылмай келеді?

Сонау 1912 жылы жарыққа шыққан «Шолпан» атты өлеңдер жинағынан басталған жала өмір бойы соңынан қалмады. Мағжанға жабылған жаланың жағдайын айтайын. Ақын 1960 жылы 8 тамызда ақталады. Мағжанды ақтаған ешбір қазақ емес, яғни, біз емес.

1959-60 жылдары Мағжанның әйелі Зылиханың Н.Хрущевке жазған арызы бойынша Қазақстан КГБ-сының тергеушісі Мұқаев терең зерттеп, Мағжанның қылмысы жоқ екенін дәлелдейді, бірақ ақтай алмайды. Тергеу қорытындысында дәл солай «қылмысы жоқ» деп жазылған. Бірақ, Қазақстан Жазушылар одағының басқармасы берген қорытындыда: «Мағжан Жұмабайдың шығармашылығы – негізінен контрреволюцияшыл» деп жазылған. Сондықтан, істі қысқартуға болмайды деп жазған.

Ал, Түркістан әскери округінің прокуроры 1937 жылғы үкімге протест жазып, тағы бір прокурор тексеріп, «Мағжан Жұмабайдың ешқандай қылмысы жоқ» деп ақтайды. «Тіпті Мағжан Жұмабай Жапонияның шпионы болды деген ешбір із жоқ, ойдан шығарылған» деп жазады да, істі қысқартады. Әлгі Мұқаев деген тергеуші Мағжанның жазықсыз екенін бірнеше рет дәлелдейді, бірақ, ақтау жағына келгенде, «Қазақстан жазушыларына» қарсы тұра алмайды. КГБ бастығының орынбасары Арыстанбеков те ақтауға дәрменсіз болып, еріксіз қол қойып бекіткен.

Тіпті, прокурор «Жапон шпионы» деген сөзге қатысты құжатта былай жазыпты: «Кеңес үкіметінің қауіпсіздік қызметінде мұндай мәлімет жоқ. Мағжан түгілі басқаларда да: «Кеңес Одағында Жапонияның шпионы болыпты» деген ақпарат мүлдем кездеспейді. Мұның бәрі қып-қызыл жала». Сөйтіп, прокурор істі жабу үшін, Қазақстанның КГБ-сына хат жазады. Оны алған КГБ-дағылар «Мағжанның шығармашылығы туралы өз пікірлеріңізді беріңіздер» деп Қазақстан Жазушылар одағына хат жолдайды. Сол кезде Жазушылар Одағының 2-ші хатшысы Әбділдә Тәжібаев қол қойған қорытынды құжатта: «Мағжанның барлық шығармаларының түп негізі – контрреволюциялық, сондықтан да оны ақтауға болмайды» деп жазған. Қазақ КСР халық жазушысы, ғылым докторы, профессор Ә.Тәжібаев замандас-қандастарының қорлығы мен кекесін мазағына ұшыраған Мағжанның, пұшайман пендешіліктен 1925 жылы жазған «Тоқсанның тобы» деген өлеңіне қарсы шығып, ұлы ақынның жер басып жүргенін көп көріп, қарғап-сілеген еді. 1989 жылы жылы шыққан «Жұмабаев Мағжан шығармалары: өлеңдері, поэмалар, қара сөздер» атты кітабына алғысөз жазған ол замана желі қалай соқса, солай жығылғаны туралы: «Бұл менің де, мені тәрбиелеп сөйлеткен ағаларымның да тарих алдындағы кешірілмейтін күнәсі еді» дейді. Яғни, құлағын қалай бұраса, солай сөйлеген патефон деген аспап болғанын мойындағанына да шүкір. Бірақ, қазіргі қазақ халқын өлшеусіз ауыр қасіретке ұшыратқан саяси қуғын-сүргін заманында бұл «патефондардың» жай ғана сайрап қоймағанын, өз әріптестері мен қандастарының өліміне тікелей қатысты екенін бүгінгі ұрпақ білуге тиіс.

Контрреволюционер деп революцияға, қоғамдық құрылысқа қарсы қолына қару алып көтерілген адамды айтады. Ал, Мағжанның шығармаларының ешқайсысынан ондай қарсылық көрмейсіз. Қарсылық Мағжанның баспасөздегі биліктің жұмысын сынаған мақалаларында болған. Жергілікті шенеуніктер, ауылдағы шолақ белсенділер еңбекші халықтың ақысын жеп, біздің жеңіп алған автономиямызға, орнатып алған үкіметімізге, қазаққа зиянын тигізіп жатыр деп жазған. Бізде осы психология қазір де бар. Мысалы, Сіз біздің қоғамды парақорлық жайлап кетті деп жазсаңыз, «Әй, мынау Тәуелсіздікке қарсы журналист екен» деп кінәлайды. Сол кезде Мағжанға жабылған жаланың қандай болғанына көзіңіз жетеді. Біз тіпті: «Ақын болған соң, бірде болмаса бірде «Компартия құрысын!», «Ленин құрысын!» деп жазған шығар» деп ойлаймыз. Бірақ, Мағжанда ондай сөздер жоқ. Оның себебін айтайын. Кеңес үкіметіне қарсы болғанның өзінде, Мағжан сияқты жоғары білімді, үлкен интеллектуал, зиялы адам билеп-төстеп тұрған құрылымға, билеуші партияға жұдырық ала шықпайды. «Каждая власть защищается» деген сөз бар. Ол «Мына билік құрысын!», «Осы билікті құртайық!» деп жазу үшін хат танымайтын қараңғы біреу болуы керек. Көрдіңіз бе, Мағжанның замандастарының осыған да миы жетпеген ғой?!. Қандай үлкен қиянат десеңізші?!. Осыны Сәкен Сейфуллинге қатысты да айтар едім.

Мағжан туралы көп айтылды, көп жазылды, алда да жазылады. Бірақ, бүгінгі ұрпақ Мағжанның трагедиясы дегенді білуі тиіс деп ойлаймын…

1919 жылы Ахмет Байтұрсыновтың Ленинге жазған хаты бар. Мен осы хатты өзімше қазақшаладым. Сонда Ахаң: «Біз Кеңес үкіметін құрдық. Билікті қолға алдық. Қазақ халқы қуанды, Ленин жолдас! Коммунистерге бүкіл дүниені бердік. Ал, коммунистер деген көбейіп кетті. Үмітіміз тас-талқан болды. Әділетсіздік қазақтың салт-санасын, тарихи даму жолын жойып жатыр. Сіз құрып берген Казревкомнан ештеңе шығатын түрі жоқ. Біздің жаңа үкіметке деген меселімізді қайтарып, маңдайымыз тасқа тиіп отыр» деп жазады. Мағжандікі де дәл осындай ұстаным. Оның адал ақындық жүрегі, аппақ періште ниеті орындалмай қалып, тұман басып кетті. «Алдымызда келешек жоқ, халқымыз не болады?» деп қайғырды. «Қала мен дала» деген өлеңінде: «Қала деген қазақты бұзып болды, түгел біріншіден, ылғи сауда, екіншіден, өтірік, бірін-бір алдау және тағы сол сияқты. Сонда қазақтың аңғал даладай кең жүрегі, сап ауадай таза көңілі – бәрі лайланып бара жатыр» деп жаны күйзеліп жазады. Ол орыс самодержавиесі құлап, орнына жаңа үкімет келуін қолдады, қазаққа жақсылық келетініне сенді. Алайда, мемлекет билігін заңсыз басып алған большевиктердің де, орыс емес халықтарға жайлы бола қоймайтынын, қайран ақын түсінген жоқ еді. Мен осыны параллель жасап, бүгінгі заманға келтіремін. Біз тәуелсіздігімізге қуандық. Алайда, қоғамды жаппай парақорлық жаулады. Бәз біреулер ойлап қалар, «Тәуелсіздіктің бергені осы ма?» – деп. Бір шаруаңды шешу үшін, міндетті түрде ақша беруің керек. Тәуелсіздік алған соң, ақшасы барлар – адам, ақшасы жоқтар – адам болмай қалды. Өкінішті-ақ! Алаш заманында кеңес дегенің шетінен бюрократ, төрешіл, жоқ-жітіктің мойнынан мініп алған, жуастар әлі таяқ жеп жүр, жуандар әлі мықты болса, қазіргі күйіміз осыған ұқсас. Өз басым екі заманды көрген адам ретінде осылай түсінемін.

Енді, Сізге Қазақстандағы репрессияның тарихына байланысты тағы бір қайғылы жағдайды айтайын. Жалпыға мәлім, 1929-36 жылдары репрессияның алғашқы толқынында 42 қайраткер қамалды. Мұхтар Әуезов, Әлімхан Ермеков 3 жыл шартты жазамен аман қалды. «Қателерін» мойындап, газеттерге жазды, өздерін-өздері айыптады. Осы жерде мынадай масқара болған. Алматының тергеушілері қылмыстық істі бітіріп, Мәскеуге бекітуге жібереді. Тізімдегі жиырма адамның ішінде Мағжан бар. Мәскеу бұл тергеудің қорытындысын мақұлдамай: «Тұтқындағыларды түгел босатыңдар, олардың қылмысы толық дәлелденбеген» деген нұсқау береді. Бірақ, Алматы бұған келіспейді. Мәскеуге бірінен соң, бірі екі телеграмма жіберіп: «Егер бұлар сотталмай аман қалса, Қазақстандағы социализм құрылысына бөгет жасайды» деп жазады. Мәскеу еріксіз мақұлдаған болып, қол қояды. Атылғандары атылып, атылмағандары жер аударылып, Соловец лагеріне кетті ғой. Қисын мынадай, егер олар 1930 жылы сотталмаса, 1937 жылы да атылмайтын еді. Өйткені, 1938 жылы атылғандар, сол 1929-30 жылдары қамалғандар еді ғой. Дәл осы эпизодтың куәгері, сол құжаттарды ашып, жариялаған профессор, Алаштың ардақты ұлы Тұрсын Жұртбай. Бірақ, Тұрсынның жазғандарын шұқшиып оқыған кім бар? Қайран, дүние!?.

Сұхбаттасқан Төлен ТІЛЕУБАЙ.

Басқа материалдар

Back to top button