Қарқаралы

Қарқаралы экологиясы – бақылауда

«Экоорталық» қоғамдық бірлестігі Қарқаралы ауданының әкімдігімен бірлесіп «Бейімделу шараларын жоспарлаудағы экожүйелік тәсіл» атты дөңгелек үстел өткізді. Оған эко-сарапшылар, облыстық мәслихат депутаттары мен ауыл әкімдері қатысты. «Экоорталықтың» басшысы Меруерт Құрмашева «Қарқаралы ауданындағы экожүйелік тәсіл негізінде климат өзгеруінің салдарына бейімделудің азаматтық жоспары» жобасы туралы баяндады.

Қарқаралы экологиясы – бақылауда

Халықаралық бағалаулар бойынша Қазақстан климаттың өзгеруіне анағұрлым тәуелді елдер тобына жатады. Өлшемдер Қазақстандағы орташа жылдық температура ғаламшардағы орташа температурадан жылдам көтерілетінін көрсетіп отыр. Сондай-ақ, су ресурстарының тапшылығы мен құрғақшылық, экстремалды ауа райы құбылыстары мен жылу толқындарының саны артып келеді. Мұның барлығы экономиканың барлық саласына және адам денсаулығына, азық-түлік қауіпсіздігіне, табиғи экожүйелерге қатты әсер етеді. Сондықтан, аталған өзгерістерге бейімделу үшін шұғыл шаралар қажет. Қарқаралы ұлттық табиғи паркі экожүйесінің халықаралық бірегейлігін тілге тиек еткен экологтар бүгінде назар аударуды қажет еткен проблемаларды да атады. Яғни, жиілеп кеткен өрттерден орманды қалпына келтіруге жәрдемдесу әдістерін әзірлеп, мониторингтік зерттеулерді дамыту керек. Ал, алынған нәтижелер мен ұсыныстарды «Жасыл Қазақстан» ұлттық жобасының орманды қалпына келтіру компонентіне «Қарқаралы ұлттық паркінің климаты мен ормандарының жаһандық өзгерістері» тақырыбы бойынша енгізу қажет.

Климаттың қаншалықты өзгеріп жатқанын көріп отырмыз. Бұрынғыдай қар жоқ, шана, шаңғы теппейтін болдық десе де болады. Бұлақтар тартылуда, табиғатта бұдан өзге жағдайлар орын алуда. Мен экология мәселесін көтеру арқылы әрқайсымызға Жер-анаға құрметпен қарау түсінігін қалыптастыратын ұйымдарға, оның ішінде, «Экоорталыққа» алғысым шексіз, – деді облыстық мәслихат депутаты Айман Түкбаева.

– Біз осы жоба арқылы шағын ғана әкімшілік аумақта қалай жұмыс істеу керектігін мысалмен көрсеттік. Әдеттегідей жоғары жақтың төменге ұсынған жоспары арқылы емес, қайта тұрғындардан климаттың олардың өміріне, тұрмыс-тіршілігіне қандай әсері барын, тұрмыстарын жақсарту үшін нені өзгерткілері келетінін білу мүмкіндігін мысалға келтірдік, – дейді жоба жетекшісі Раушан Дәулетбаева. Оның айтуынша, сарапшылар қауымдастығы, ҮЕҰ іске араласқанда, проблемалар анықталып, оған сай шаралар дайындалу барысында бірлескен талқылаулар өтеді. Содан кейін ғана барлық қажеттіліктер ескеріледі. Ал заң шығарушы және атқарушы органдар оны аумақтарды дамыту бағдарламаларына енгізіп, бейімделу шараларына бюджеттен қаражат бөлінуі керек.

Тиісті ұлттық заңнамаға сәйкес, Қазақстан үздік ғылыми білім мен халықтың қажеттіліктері негізінде климаттың өзгеру қаупіне тиімді ден қою қажеттігін мойындайды. Осы орайда ақпараттандырудың және климаттың өзгеруіне байланысты проблемаларды шешуге жұртшылықтың қатысуының маңыздылығын растайды.

«Экоорталық» басшысы Меруерт Құрмашева мектеп және қосымша білім беру жүйесімен жүргізілетін жұмыстар, мектеп орманшылығы, оқушылардың қатысуымен жаппай акциялар және тағы басқа да шаралар «Жасыл Қазақстан» ұлттық жобасының білім беретін және ағартушылық-ақпараттық бөлімімен ұштасуы тиіс екенін айтады.

Жоба экожүйелік тәсілмен климаттың өзгеруіне бейімделудің жергілікті жоспарларын әзірлеу үшін Қарағанды облысы Қарқаралы ауданының барлық мүдделі тараптарын біріктіру тәсілін ұсынады. Жоспар шаралары экожүйелер сақталатын, қалпына келтірілетін және тұрақты пайдаланылатын климаттық өзгерістердің әсеріне бейімделуде адамдарды қолдауға бағытталған.

Дөңгелек үстел соңында Қарқаралы ауданы әкімдігі мен «Экоорталық» арасында Ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылып, бірлескен жоспарлар әзірленді.

Басқа материалдар

Back to top button