Руханият

Мәдениеті биік елдің – мәртебесі биік

«Театр – киім ілгіштен басталады» десек, театр – адамды мәдениеттілікке тәрбиелейтін орданың бірі. Театрмен қатар, музей, кітапхана, мәдениет үйлері, концерттік бірлестіктер, кинотеатр және басқа да рухани ордаларды қамтитын мәдениет саласы білім-ғылым атаулының атасы десек, артық айтқандық емес. Өйткені, мәдениетсіз адамнан ештеңе күтуге болмайды. Ғаламды мәдениетті жандар ұстап тұр. Олар алдымен тәрбиелі, білімді, әдепті, ақылды және осылардың бәрін орнымен қолдана біледі. Ал, мәдениет саласында жұмыс істейтін мамандар ең негізгі адами, рухани қасиеттер мен қабілеттерді қалыптастыру жолында аянбай тер төгіп келеді. Бірақ, олар ең төменгі жалақы алады. Жұмыстары ауыр, жауапкершілік шаш етектен. Алатын еңбекақылары оған татымайды. Бұл көптен бері шешімін таппай келе жатқан мәселе Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт ТОҚАЕВТЫҢ Жаңа Қазақстан: Жаңару мен жаңғыру жолы» Жолдауында да көтерілген еді. Осы бір өзекті сауал төңірегінде сала мамандарымен тілдестік, зерделеуге тырыстық.

Жоғарыда аталған мәдениет ошақтарының біразына хабарластық. Осы салада жұмыс істейтін кейбір қызметкерлер мекеме басшысына бағыттады бұл мәселені. Ал, енді кейбір басшылар мүлдем естімеген, көрмеген, білмеген сыңай танытты. Кейбірі шындығын айтып, басын алып қашты. «Бұл – республикалық деңгейде шешілетін мәселе, біз тек бекітілген көрсеткіштер бойынша ғана қызметкерге айлық төлейміз. Бұл біздің құзыретімізге жатпайды» деп жоғары жаққа сілтегендер де болды. Осының бәрін көріп отырып, қынжылғанымыз рас. Есесіне облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының осы мәселеге жауапты мамандары ештеңеге жалтақтамай-ақ, қолда бар деректі жайып салды. «Ауруын жасырған өледі» демекші, жасыратын түгі де жоқ. Мәдениет қызметкерлерінің жұмысының ауыр екенін, жалақысының мардымсыз екенін ел біледі.

Басқарма мамандары берген дерекке сүйенсек, біліктілігі жоғары деңгейдегі және 7 жылдан 10 жылға дейінгі еңбек өтілі бар әртістің жалақысы салықтарды шегергенде – 170 578 теңге, біліктілігі орташа деңгейдегі және 1 жылға дейінгі еңбек өтілі бар жас әртістің жалақысы салықтарды шегергенде – 90 554 теңге, біліктілігі жоғары деңгейдегі және 25 жылдан астам еңбек өтілі бар кітапханашы мен мұражай қызметкерінің жалақысы салықтарды шегергенде – 138 607 теңге, біліктілігі орташа деңгейдегі және 1 жылға дейінгі еңбек өтілімен салықты шегергенде – 85 854 теңгені құрайды.
Жүргізуші (66 977 теңге) мен техперсоналдың (63 038 тг) жалақысы 60 мың теңгеден сәл жоғары (барлық шегерімдерді ескергенде), 2022 жылғы жалақының өсуі айлықтарын 10-12 мың теңгеге көтерді. Көптеген мәдениет және өнер ұйымдары жүргізуші, аула сыпырушылар, техниктер, сантехниктер, костюмерлер және т. б. бос жұмыс орындарын толтыра алмай, маман таппай отыр. Өйткені, мынадай жалақымен кімнің жұмыс істегісі келеді? Бірнеше жыл оқып, жоғары білім алып және қаншама жыл тер төккен мамандардың жалақысын жоғарыда атап өттік. Енді, осындай жалақымен бала-шаға асырауға, ел қатарлы өмір сүруге бола ма? Жоқ, әрине. Қазіргі азық-түлік пен киім-кешектің бағасы удай. Жыл сайын қымбаттап барады. Ал, мәдениет қызметкерлерінің жалақысына жыл сайын қосатын аз ғана үстеме инфляцияны жеңуге қауқарсыз, төтеп бере алмайды.

Актерлердің жалақысы өте төмен. Өнер адамдары қарапайым жұрттан бір бас жоғары болуы керек қой. Олардың күн-түн демей, беріліп жұмыс істеуі үшін біріншіден отбасы тоқ болуы керек. Материалдық жағынан толық қамтылуы тиіс. Ел арасында жарқырап жүруі үшін жақсы жалақы керек. Айлық мандымаған соң, амалсыздан тойға шығады, такси жүргізеді. Бәрін көріп отырып, қолдан келер қайран жоқ. Барынша «Сіздер халыққа қызмет етесіздер. Олар сізге сүйсініп қарауы керек. Қол жетпес арман болып, сахнадан жарқырап көрінуіңіз қажет» деп айтамыз. Бірақ, күнделікті тіршілік үшін, отбасын асырау үшін олар түрлі қосымша жұмысты атқарып жатады. 2015 жылы театрдың «академиялық» мәртебесіне қосылатын 1,72 коэфицент бар еді. Кейін облыс пен республиканың балансын бірдей қыламыз деп 1,75 коэфицентін алып тастады. Әйтпесе, академиялық мәртебеге қазіргі айлықтың үстіне 100 пайыз үстемеақы қосылуы тиіс. Бұрын бар еді, қазір жоқ. Алматыдағы М.Әуезов, Лермонтов театрлары, Құрманғазы оркестрінің, Т.Жүргенов академиясының қызметкерлері бұл өнер ордаларының «ұлттық» мәртебесіне орай, біз айтқан үстемені алып отыр. Бұдан бөлек, жас отбасыларымыз жеңілдікпен үй алу үшін бағдарламаларға да қатыса алмайды. Өйткені, айлықтары аз, ай сайынғы жинақ қорына түсетін тиын-тебені талапқа сай емес. Жергілікті облыс бюджеті есебінен баяғы 1,72 коэфицентті қайтаруға болады, әрине. Бірақ, ол қайтарылмай тұр. Осы мәселе шешілсе, әртістердің жұмысқа деген құлшынысы артар еді, – дейді С.Сейфуллин атындағы облыстық академиялық қазақ драма театрының басшысы Құрман Қалымов.

Ал, басқарма берген дерек бойынша, мәдениет және архивтер ұйымдары мемлекеттік болып табылады және облыстық бюджеттен қаржыландырылады. Жалақы «Азаматтық қызметшілерге, мемлекеттік бюджет қаражаты есебінен ұсталатын ұйымдардың қызметкерлеріне, қазыналық кәсіпорындардың қызметкерлеріне еңбекақы төлеу жүйесі туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2015 жылғы 31 желтоқсандағы № 1193 қаулысына сәйкес есептеледі. Жоғарыда көрсетілген қаулыға өзгерістер енгізілген кезде немесе демеушілік қаражат есебінен жалақыны көтеруге болады.

Жас театр актерлері де облыстық театрлардың республикалық театрларға қарағанда мүмкіндігінің аз екенін айтады. «Өйткені, олар көбіне кастингтен бірінші өтіп кетеді және фильмдерге түседі. Дубляж да алдымен соларға беріледі. Өйткені, облыстардан шақыру фильм түсірушілер мен телеарналарға тиімсіз, шығыны көп. Осылайша, облыста тек бір айлықпен қалдық, ешкімге керексіз болып. Жұмысымыздың қаншалықты жауапкершілікті талап ететіні елге мәлім» дейді олар.

Кітапхана саласының мамандары да бұл мәселенің түйткілді екенін алға тартады.

Қазір кітапханашыларға қойылатын талап өте жоғары, жұмыстары ауқымды. Өйткені, қазіргі кітапханашы ол ақпараттық технологияларды жетік меңгерген, психолог, қазақ әдебиеті мен әлем әдебиетін жақсы білетін, іс-шаралар өткізе білетін болуы шарт. Осылай бола тұра, жалақысы өте төмен. Біртіндеп қана көбейді. Мәдениет саласында 1 қаңтардан бастап, 1,23%-ға өсті. Яғни, 60 мың алатындардікі 73 800 теңге болды. Ал, 2025 жылы 60 мың жалақы 120 мың теңге болады. Бұл көп емес, әрине. Сондықтан да, қазіргі инфляцияға жалақымыз ілесе алмай келеді. Көтерсе, жақсы болар еді. Бұл мәселе үлкен зерттеуді қажет етеді. Қаржы министрлігі мен Мәдениет және спорт министрлігі бірлесе отырып шешуі қажет деп ойлаймын. Бұған дейін де біздің салалық кәсіподақ тарапынан министрлікке бұл жөнінде хат жолданған. Осы жалақының аз болуы кітапханаға жақсы, сапалы мамандардың келмеуіне әкеп соғуда деп ойлаймын. 60-80 мың айлыққа жастар келмейді. Жүргізушілерді де таба алмаймыз. 70 мыңға ер азаматтар келгісі келмейді. Сондықтан, бұл үлкен проблема. Шемімін тапса, қуанар едік, – дейді Абай атындағы облыстық балалар кітапханасының басшысы Баян Қуанышқызы.

Сонымен қатар, кітапханашылар қазіргі кітапханалардың үлкен шығармашылық-әдістемелік орталық екенін алға тартады. «Бізге келген қонақтар кітапхананың ішінің өзгергеніне таң қалады. Бірақ, біздің жүктемеміздің бірнеше есе өскенінен хабарсыз. Жаздай балалармен сабақтар, шеберлік сыныптар, ақпараттық-танымдық сағаттар өткіземіз. Кітапханада түрлі үйірмелер мен шығармашылық орталықтар бар. Солардың жұмысы біздің мойнымызда. Әр бөлім түрлі шара өткізіп, кітаптарды, мақалаларды электрондық форматқа көшіреміз. Жұмыс толып жатыр» деп шырылдайды олар.

Енді, кейбір мәдениет ошақтарының қызметкерлерінің өкпесі қара қазандай. Мәдениеттің ешкімге керегі жоқ екенін, сондықтан көңіл бөлінбейтін айтады олар.

Бұл – сонау 1990 жылдардан келе жатқан мәселе. Сол кезде аз болған, әлі де аз. Анда-санда ақырындап көтеріп қояды. Десек те, мұғалім, дәрігерлердікінен әлдеқайда аз. Жалақының мөлшерін үкіметтен, министрліктен бекітеді. Қаншама рет жоғары жаққа ұсыныс, өтініш білдіріп, хат жолданды. Әлі күнге көңіл көншітерлік өзгеріс болған жоқ. Бір қуантарлығы Президентіміз Қ.Тоқаевтың кейінгі Жолдауында айтқанындай, 2025 жылға дейін жыл сайын 20% қосылып отырады, мәдениет қызметкерлерінің жалақысына. Мысалы, биыл 23% көтерілді. Қазіргі ең ауыз толтырып айтарлық оң өзгеріс – осы. Бұл арқылы айлыққа қанша қосылатынын ел біледі. Десек те, алдағы уақытта үлкен өзгерістен үміттіміз, – дейді облыстық тарихи-өлкетану мұражайының басшысы Ержан Нұрмағамбетов.

Байқасақ, мәдениет қызметкерлерінің жалақысына жыл сайын ақырындап үстемеақы қосылса да, мандымайды. Ол инфляцияға ілесуге қауқарсыз. Демек, қымбатшылықты ескерсек, жалақылары бір орында тұрда тұр деген сөз. Бірақ, өнер және мәдениет қызметкерлеріне жыл сайын әкімнің сыйлығы табысталып, жас мамандарға төмен пайызбен пәтер беріліп жатқанын да тілге тиек етіп өткен жөн. Десек те, ай сайын алатын жалақы өспейінше, көңіл көншімесі анық. Өйткені, адал төгілген тер мен берекелі еңбек өз деңгейінде бағалануы тиіс. Мәдениет қызметкерлерінің жалақысын басқа салалармен салыстырып көрсеңіз, бұған көзіңіз анық жетеді. Біздің «Мәдениет дамымай ма, көңіл бөлсе?» деп шырылдауымыздың басты себебі – осы. Зар-мұңымызды көрер көз, естір құлақ болар деп үміттенеміз. Себебі, мәдениетті дамытпай, басқа саланың көсегесі көгере қоймасын көзіміз көріп отыр. Мәдениеті биік елдің мәртебесі де биік болары ақиқат.

Жәлел ШАЛҚАР.

Басқа материалдар

Back to top button