ҚарағандыРеспублика күні

Жаңа Қазақстандағы жаңа Қарағанды

Қарағанды экономикасының тайқазаны – Қарағанды “Қарағанды” атанғалы оттан түсіп көрмепті. Келмеске кеткен кеңес кезіндегі тарихы аймақтың аузымен құс тістегенін айтады. Одан бергі жылнамасы да қандай кезеңде де аттан жығылмағанынан хабар береді. Нарықтың қатал сын-қатерлерін өкпесі өшпей өткерген кеншілер астанасының экономикаға тірек болған тұғырына бүгінде таласа алар өзге өңір жоқ. Ел егемендігі жарияланғаннан бері де елдің индустриалдық жүрегі боп соғып тұрған Қарағанды көштен қалып көрмепті. Ал алдағы 5 жылдықта 55 инвест-жобаны іске қосар ниеті бар. Шүкір. Тарқаталық.

Экономика тынысы тарылған жоқ

Содан да болар, бірер жыл бұрын Қарағандыны төртінші мегаполиске айналу мүмкіндігі тілге тиек етілген. Донор қалалық әлеуеті де аракідік айтылып қояды. Ал Жаңа Қазақстандағы жаңа Қарағанды қандай ? Ол – шикізат өндірісінен өңдеуші кәсіпорындары көп Қарағандыға айналуы тиіс дейді экономист мамандар. Аты өшкір пандемия адамзатқа қынадай тие отырып, экономиканы тығырықтан шығар жол іздеуге мәжбүрлегенін де мойындап қою керек осындайда. Арқаны кеңге салған әлемнің өзі экономикада етек-жеңін жинаған сонда. Қарағанды да солай. Содан шығар, Қарағандының қазына-қамбасына жүргізілген есеп-қисап оның экономикасы ойсырап қалмағанын көрсетеді. Кейінгі жылдары көптеп ашылып жатқан жобалар облыстың тынысын кеңейте түссе керек-ті.

Сонымен, Қарағанды облысының 2022 -2025 жылдарға арналған дамыту жоспарын жүзеге асыруға 3,6 трлн.теңге жұмсамақ екен. Оның 3,1 трлн.теңгесі – жекелеген инвесторлардың қаражаты. 521 млрд.теңгесі бюджеттік. Осылайша қоғамның әр саласын қамтитын 126 индикатор анықталған жоспарда. Аталған индикаторларға жету аймақ экономикасының бәсекеге қабілеттілігі мен тұрғындардың өмір сапасын арттыруға мүмкіндік береді деп күтілуде.

Бағыт – түзу

Экономисттер де Қарағандының қазіргі күні алған бағыты – түзу дейді. Сонымен, өңдеуші саласының дамуына ықпал жасап отыр деген пікірде. Осы алған бетінен таймаса, ірі өндіріс орындары өндірер өнім көлемін еңсеруге мүмкіндігі де бар көрінеді Қарағандының.

«Қарағанды да басқа өңірлер секілді дағдарыстағы қиындықтарға, өзіне тән салаларда, металлургия, көмір өндіруде біршама кедергілерге ұшырады. Десек те, өзге аймақтармен салыстырғанда, Қарағанды экономикасы дұрыс бағыт алды. Қарағандыда өңдеуші салалардың үлесі – жоғары», – дейді экономист-сарапшы Сапарбай Жобаев.

Қарағанды облысының экономикаға қойған жылдық өсім жоспары әдетте 4-5 пайыз шамасында. Құзырлы орындардың айтуынша, межеден шықпай, мәреге жете алмаған кезі жоқ. Мәселен, 9 айдың қорытындысында өндірілген өнім көлемі 4 пайызға өскендігі оның дәлелі.

«2022 жылғы 9 айда Қарағанды облысында 2844,1 млрд. теңгеге өнеркәсіп өнімі өндірілді. Өнеркәсіптік өндірістің индексі өткен жылғы сәйкес кезеңге 101,2 пайыз. Өндірістің өсуі өңдеу өнеркәсібінде 5,6 пайыз. Облыстың өнеркәсіптік өндіріс құрылымында едәуір үлес салмақ өңдеу өнеркәсібіне тиесілі. Ол – 76,3 пайыз», – дейді облыстық статистика департаментінің баспасөз қызметі.

Металдан бейметалға

Өңірде энергия және қара, түсті металлургия шығаруға мамандандырылған өндірістер орналасқаны белгілі. Сонымен қатар, тамақ өнеркәсібі, машинажасау, металөңдеу, құрылыс материалдары, химия өнеркәсібі және басқа да өңдеуші өнеркәсіптер қанат жайып келеді. Соның есебінен еліміздің жалпы өңдеу саласындағы облыстың үлесі 24 пайызға жуық. Метал өңдеу және машина жасау өнеркәсібі осы күні аса маңызға ие. Бұл орайда республикада ерекше орын алады Қарағанды. Алдыңғы қатарлы өндірістерінің қатарын «Қарағанды машина жасау-құю зауыты», «Имсталькон» Қарағанды металбұйымдары зауыты, «Сантехпром» ЖШС секілді көптеген өңдеуші өнеркәсіптер толықтырып отыр. Бұлардың әрқайсысында озық технология жолға қойылған.

Портфельде пул – қомақты

Биылғы жылдың инвестициялық портфелінде 221 млрд.теңгенің 12 жобасы бар. Бұл жобалар іске қосылғанда 2 мың адам жұмыспен қамтылады.

Негізі, 2022-2027 жылдарға облыста 55 инвестициялық жоба пулы жасақталған. Жобалар импорт алмастыратын және экспортқа шығатын тауарлар өндіреді. Мұның барлығы алдағы үш жылда іске қосылып, аймақта 13 мың жұмыс орны пайда болады. Жаман көрсеткіш емес. Жобалар, сонымен қатар, баламасы жоқ өнімдерді өндіруді көздейтінін атаған жөн. Оның бәрі металлургия, құрылыс, химия өнеркәсібін және тау-кен, қағаз өнеркәсібін, агроөнеркәсіпкешенін, балама энергетика саласында іске асады.

«Атамекен» кәсіпкерлік палатасының хабарлауынша, облыста 55 жоба әр жылдарда іске асады. Мәселен, 2023 жылы – 14 жоба, 2024 жылы – 20 жоба, 2025 жылы – 6 жоба, 2026 жылы – 1 жоба, 2027 жылы -2 жоба жұмысын бастайды. Сонда экспорт ұлғайып, импорт та төмендейді деген батыл болжам бар.

Ресей, Қытай, Түркия, Қырғызстан, Түркіменстан және Иран елдеріне экспортқа шығуы өнеркәсіптердің өнім сапасын көрсетсе керек.

Түйін

Бұл – Жаңа Қазақстандағы жаңа Қарағандының болашақтағы жоба-жоспары. Қарағанды осы жылдар ішінде мемлекеттік бағдарламалардың игілігін көрмеді деу – шындыққа қиянат болар еді. Үдемелі индустриалдық даму бағдарламасының өзі небір жобаға қан жүгіртіп, небір идеяны іске асырды. Оның пайдасын бүгін бір ғана инвестор емес, жалпақ жұрт көріп келеді.

Елдіктің, егемендіктің арқасында…

Қызғалдақ АСҚАРҚЫЗЫ

Басқа материалдар

Back to top button